Қоғам

Еуро-5 бензинін өзімізде өндіреміз

Еуро-5 бензинін өзімізде өндіреміз


Келер жылы Павлодар мұнай-химия зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталып, соның нәтижесінде кәсіпорын өндіретін бензиннің сапасы Еуро-5 стандартына дейін жеткізілмек.

Павлодар мұнай-химия зауытының жаңғыртылу жобасы қалай іске асып жатқаны туралы ақпарат берген «ПМХЗ» ЖШС-нің бас директоры Шұхрат Данбай жоспардағы жұмыстар алдағы жылы толық аяқталатынын жеткізді.

Естеріңізге салсақ, 2011 жылы бұл зауытта Индустрияландыру картасы аясында қозғаушы отынның экологиялық таза түрін шығаруға бағытталған жоба қолға алынған. Жаңғыртуға 183,4 млрд. теңге жұмсалған. Кәсіпорын алдағы уақытта мұнай өндіруді 90 пайызға дейін ұлғайтып, зауытта шығарылатын өнімнің сапасын Еуро-5 деңгейіне дейін жеткізбекші. Жобаның арқасында өндіріске энергия үнемдеуіш пен экологиялық таза технология енгізіледі.

Жалақы қарызы азаймай тұр

Қазақстандық компаниялардың жұмысшылар алдындағы жалақы қарызы 1,5 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тартты.

– Бүгiнгi таңда жалақы қарызы 1 млрд. 472 миллион теңгенi құрады. Ең көп қарыз банкротқа ұшыраған кәсiпорындарға тиесілі, олардың берешегі 978 миллион теңге. Қарызды өндіру Банкроттық туралы заңға сәйкес жүргiзiлуде, – дейдi Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Ведомство өкілі сонымен қоса ағымдағы және мерзiмi өткен берешектердің бар екенiн айтты. Ағымдағы берешек, яғни, үш айға дейiнгi қарыз 410 миллион теңгенi құраса, уақыты өткен, яғни, үш айдан асқаны 85 миллион теңге мөлшерінде.

Маманның айтуынша, ең көп жалақы берешегi – Шығыс Қазақстанда. Оның сомасы 92 миллион теңгеге жуық. Сондай-ақ, Қарағанды облысында да көрсеткіш жоғары, бұл өңiрде берешек – 70 миллион теңге.

Түзету мекемелерінде қылмыс азайды

Елімізде ұлттық алдын алу ұйымы мен қоғамдық бақылау комиссиялары қолға алған жұмыстар нәтижесінде түрмедегі қылмыстың саны 50 пайызға азайған. Бұл туралы ІІМ-де «Ішкі істер органдары қылмыстық-атқару жүйесінде азаптауға қарсы іс-қимыл» тақырыбында өткен қоғамдық тыңдау кезінде мәлім болды.

Ресми дерекке сүйенсек, биылғы бес айда қоғамдық бақылау комиссиясы қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемесін 112 рет (былтыр 80 рет) аралаған. Адам құқықтарын қорғау мәселесі жөнінде қызметкерлер сотталғандармен дөңгелек үстелдер, кездесулер түрінде 109 бірлескен іс-шара өткізген.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта қабылданған шаралардың нәтижесінде түзеу мекемелерінде қылмыс 50 пайызға азайған. Ал соңғы екі жылда түрмелерде қасақана заңбұзушылықтар 48%, дене мүшесін зақымдау 32%, өлім-жітім 30%, арнайы құралдарды пайдалану дерегі 40%-ға азайып, бұл көрсеткіштер екі есеге төмендеген.

Осы айдарда

Back to top button