Қоғам

Әуезов шығармасы сурет әлемінде

Биыл замананың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Әуезов шығармашылығы суретшілер көзімен» атты суретшілер байқауы өтіп, көрме ашылды.

Көркемдігі келіскен шығарма оқырманға сөзбен салынған сурет іспетті әсер береді. Қазақ қаламгерлерінің шығармашылығында көркемдігі келіскен кестелі туындылар баршылық. Соның ішінде замананың заңғар жазушысы атанған Мұхтар Әуезов туындыларының шоқтығы биік. Оқырманын сюжетімен ғана емес, сұлулығымен елітіп, өз әлеміне жетелей түседі. Адам психологиясының сырларына қанық қылып, оқырманның көңіл пернесін дөп басады. Қаламгер шығармасындағы көркемдікті оқырманға жеткізу мақсатында өткен суретшілер байқауы оны дәлелдеп бергендей. Облыстық кітапханада өткен суретшілер көрмесі сөздегі суретті ойды паш еткеніне оқырман қауым куә болды.

– Биыл жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Бұл – ел көлемінде тойланып отырған той. Қазақтың маңдайалды қаламгерінің шығармасын жас ұрпаққа, оқырманға дәріптеу мақсатында суретшілер байқауы өтті. Көптеген сурет келіп түсті. Қылқалам шеберлері сөзбен өрнектелген сүбелі ойды суретте сөйлете біліпті. Шығармадағы біз көре бермейтін сұлулықты сурет арқылы жеткізіпті. Бұл байқаудың ерекшелігі – қылқалам шеберлері жазушының шығармашылығын оқып, оны көңілге тоқып, жүректен өткізіп, ақ параққа бейнелеуінде. Яғни, өз ішкі танымын ақ қағазға түсіре отырып жеткізді. 1 маусым мен 15 қазан аралығында облысымыздың түкпір-түкпірінен отызға жуық жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасы тақырыптың ашылуына, көркемдік шеберлігіне, ой ерекшелігіне мән берді. Жұрт байқамағанды байқап, сезбегенді сезіп тұратын нәзік жанды өнер иелерінің байқауға ұсынған туындылары бір ай көлемінде оқырмандар назарына ұсынылмақшы, – дейді кітапханашы Гүлбаршын Тілегенқызы.

Биылғы Балалар жылына орай сурет байқауына балалар да қатыстырылған. Байқауға келіп түскен суреттерге қарап жастар әлеуметтік желіні ғана емес, Әуезовті де оқитынына көз жеткіздік. Байқауда бақ сынаған Айназ Ермұқан І орынға, ал Арайлым Темірбекова ІІ орынға ие болды. Үшінші орынды Бексұлтан Аманғазы қанжығалады. Сонымен қатар әртүрлі номинациялар бойынша Ұлпан Өмірбекқызы, Дария Дидарқызы, Жібек Қожанова, Айым Бердібекова қатарлы қылқалам шеберлері марапатталды. Ал ересектер арасында Гүлнәр Бекбердинова І орынға ие болса, екінші орынды Мади Қайырхан еншіледі. Кестелі ойды суретпен жеткізген Ержан Тұрғанбаев пен Құдаш Нұрсадықов үшінші орынға ие болды. Ал Ләззат Кендіржанова «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталды.

Міне, осылай бірнеше айға созылған суретшілер байқауы өз мәресіне жетіп, қаламгерлерден түскен туындылар көрмеге қойылды. Көрме бір ай бойы оқырман назарына ұсынылатын болады.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button