Қоғам

Етті Зайсаннан, жарықты Жаңғызтөбеден аламыз

Етті Зайсаннан, жарықты Жаңғызтөбеден аламыз


Индустрияландыру картасы және кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 2017 жылы облыста жалпы құны 69,9 млрд. теңге болатын 12 жобаны жүзеге асыру көзделініп отыр. Іске қосылатын, сондай-ақ, қайта жаңғыртылатын бұл өндіріс орындарында 1500 жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

12 жобаның ішінде: Өскемендегі «ТАГ-ТИН» ЖШС -нің «Рапс, күнбағыс өнімдерін заманауи технологиямен өңдеу зауыты», «ZAISAN» ЖШС-нің Тарбағатай ауданындағы «Таған қазба орнынан бентонитті балшықтарды өңдеу зауыты», «Бенто технологии KZ» ЖШС-нің «Бентонитті балшықты кешенді өңдеу зауыты», «Бентонит торг» ЖШС-нің Динозавр қазба орнындағы бентонитті балшықтан бентонит ұнтағын шығару өндірісі, Зырян ауданындағы «КТБ Восток» ЖШС-нің «Күнбағыс тұқымын өңдеу зауыты», «Тұрғұсын-1» ЖШС-нің осы ауданда су электр стансасын салу жобасы, «Бородино» ШҚ-ның «400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын 600 басқа дейін кеңейтіп, жаңғырту», Жарма ауданындағы «Жангиз-Солар» ЖШС-нің « Қуаты 30 МВт-тық күн электр стансасы құрылысы», Аягөз ауданында құрылыс материалдары комбинатын салу, Күршім ауданында мыс концентраты мен катодты мыс өндіретін тау-кен байыту кешенін салу, «Алтай Кен байыту» ЖШС-нің Глубокое ауданындағы алтын айыру фабрикасының өнімділігін арттыру, Зайсандағы «Нұр» ШҚ-ның шағын ет комбинатын салу жобалары бар.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынған уақыттан бері, 2010 – 2016 жылдары Шығыста әсіресе, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы саласында ірі, тиімді инвестициялық жобалар жүзеге асырылған. Алдағы уақытта іске қосылатын өндірістер де осал емес. Аягөзде салынатын құрылыс материалдары, Зайсандағы шағын ет комбинаты, Тарбағатай ауданындағы қазба орындарын игеру, Зырян ауданындағы тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобалары сапасы жоғары, бағасы қолжетімді отандық өнімнің молаюына, өңір экономикасының дамуына, аудандардың әлеуметтік ахуалының жақсаруына тағы бір оңды жағдай туғызады.

– Желтоқсанда өткен аймақтық үйлестіру кеңесінде жоба иелері, осы жобалардағы нысандар орналасқан аудандар мен қалалардың әкімдері жаңа индустриялық-инновациялық жобаларды жыл аяғына дейін жүзеге асыруға жағдайдың жететіндігін баяндап, есеп берген болатын. Жаңа жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар өзіндік үлесі айтарлықтай. Сәуірде өтетін кезекті үйлестіру кеңесінде жобаларды жүзеге асырудың барысы тағы да нақтыланып, қарастырылатын болады, – дейді облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ольга Григорьева.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыстың Индустрияландыру картасына 85 жоба еніп отыр. Биыл іске қосылады деп жоспарланып отырған «Ақтоғай кен байыту комбинаты құрылысын салу» мен «Өскеменде толық циклді автозауыт және автобөлшектер өндіретін технопарк құрылысын салу» – республикалық деңгейдегі жобалар. Екі ірі өндіріс нысаны жалпы аймақтық өнімді бірнеше пайызға арттырып, бес мыңнан астам шығысқазақстандықтардың жұмыс табуына мүмкіндік бермек.

17 млрд. 500 млн. теңгеге салынатын Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентіндегі күн электр стансасының құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Бұл баламалы қуат көзі нысаны құрылыс дейтіндей аса ірі құрылысты да қажет етпейді. Күннің қуатымен электр өндіретін стансаға қажетті күн батареялары Германиядан сатылып әкелініп, көктемде құрастыру, монтаждау жұмыстары басталады.

Былтыр қазанда өткен «Алтай инвест-2016» халықаралық инвестициялық форумында облыс әкімдігі мен осы жобаны ұсынушы «Жангиз Солар» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум қабылданып, стансаны салудың ұйымдастыру жұмыстары басталған болатын. Қазіргі күні стансаға қажетті жер үлескісі бөлініп, жаңа стансаны «ШҚ АЭК» АҚ желілеріне қосудың техникалық шарттары анықталып, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалынып отыр. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мамандарының айтуынша, толығымен шетелдік инвестордың қаражатына салынатын Жаңғызтөбедегі алғашқы күн электр стансасы жыл ортасында іске қосылып, халық күннен алынған электр энергиясын тұтына бастамақ. Жаңғызтөбедегі күн электр стансасының жобасы Энергетика министрлігінің еліміздегі электр қуатын өндіруші ұйымдар тізімі қатарына қосылған.
«Жасыл технологияларды» енгізу- экономикалық өркендеуіміздің негізгі бағдары болып отырған шақта энергетиктеріміз жалғыз Жаңғызтөбеде емес, облыстағы бірнеше жерде күн электр стансасын салуға болатынын, басқа да баламалы қуат көздерінің табиғи ресурстары жеткілікті екендігін айтады. Тек игеретін инвестиция табылсын.

Жаңғызтөбедегі күн электр стансасы аймақта электр энергиясы тапшылығын төмендетуге септігін тигізбек. «Көз қорқақ, қол батыр» деген, сонымен бірге, жаңартылған қуат көздерін құруда тәжірибе жинақтауға, жаңа технологияның егжей-тегжейін жақын танып білуге мүмкіндік беретін бұл бірегей жоба бұдан былай өңірде жаңартылған шағын электр энергиясы көздерінің түрін молайтуға да игі әсер етері анық. Елбасы жуықта өткен «Болашақтың энергиясы» бүкіләлемдік саммитінде ХХІ ғасыр – баламалы энергияны дамыту саласындағы серпінді жобалар дәуірі болуы тиіс екенін, Қазақстанда баламалы энергия көздерін құруға, энергия тиімділігін арттыруға баса назар аударылатынын мәлім етті. Энергетика саласының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес 2020 жылға қарай Қазақстанда жаңартылған қуат көздерінен алынатын энергияның электр энергиясын тұтынудағы жалпы үлесі үш пайыздан асады деген болжам жасалынып отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button