Етті өз комбинатында өңдейді

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Зайсан қаласында жылына 330 тонна ет өнімдерін шығаратын комбинат іске қосылған еді. Аудандағы тұңғыш рет пайдалануға берілген кәсіпорынның болашағы зор, бұдан былай шаруа қожалықтары мен тұрғындар малдарын облыс орталығына тасымай, артық шығындалмай, бірден ақшаларын сытырлатып санап алады, ең бастысы, алыпсатарларға жем болудың алдын кесті.
-Ауданымыздың белгілі кәсіпкері Ербол Келгенбаевтың «Нұр» шаруа қожалығында 700 ірі қара, жылқы малы бар. Іскер азамат ет комбинатын ашу жөнінде бастама көтерген, оны аудан әкімі қолдады. Кәсіпорын өткен жылдың 16-желтоқсанында ашылды. Қазір кәсіпкердің өз малы осы жерде сойылып, сауда орындарына жөнелтілуде. Таяуда кәсіпорынның құжаттары реттелген соң, аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарының малын қабылдай бастайды,-деді аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли.
Бұл жерде бұрын қасапхана болыпты. Іскер азаматтар күрделі жөндеу жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды орнатқан. «Зайсанагропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Азамат Жанымхан алда тұрған іс-жоспарымен бөлісті.
-Малды сойып, ішек-қарнын тазалап болған соң, оны сауда дүкендеріне жөнелтеміз. Аманшылық болса, биыл бұл жерден шұжық, консерві жасайтын цехты іске қоспақпыз. Қазірдің өзінде қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп қойдық. Бұл күндері шұжық тағамдары базарда, сауда дүкендерінде самсап тұр. Ал тағамдар қайдан келді, сапасы қалай, оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Бізде шығарылатын тағамдар сапалы, дәмді болады, оның үстіне өндірілісімен бірден сауда орындарына жібереміз. Бағасы да қолжетімді болады. Ет комбинатында онға тарта адам жұмыс істеп жүр, жалақыларын уақтылы алады,-дейді Азамат Жанымхан.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша мал тұқымын асылдандыру, шағын мал бордақылау алаңдарын ашып, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде нақты айтылған. Бұл ретте Зайсан ауданында бағдарлы жұмыстар жүргізілуде. Соның дәлелі, аудан орталығында жаңадан ашылған ет комбинаты. Оның өнімдеріне сұраныстың артатыны сөзсіз.
Оңдасын ЕЛУБАЙ
Зайсан ауданы.