Қоғам

Этносаябақты аралап, өзгеше әсер алып қайтты

Этносаябақты аралап, өзгеше әсер алып қайтты


«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші, кеше Өскеменде облысымыздың әр ауданынан жиналған ардагерлер қауымы этносаябақтағы ақ киіз үйде бас қосып, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорықты тамашалады. Бейбіт күнді жақындатқан соғыс және еңбек ардагерлерін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев құттықтады.

Айнала сары алтын жапыраққа оранған жомарт күздің алғашқы күні Біріккен Ұлттар Ұйымы бас ассамблеясының шешімімен Халықаралық қарттар күні тойланады. Өскемендегі айтулы мерекелік шараға жиналған ардагерлер алдымен татулық пен бірлікті дәріптейтін орталыққа айналған сол жағалаудағы этнографиялық саябақты аралап, мұражай-қорықтағы құнды жәдігерлерді тамашалады. Зұлмат жылдарды еске салатын ескерткіштер аллеясы, соғыс техникалары мен қару-жарақтар топтасқан аумақ «Соғыс болмасын» композициясымен аяқталады. Мереке иелері жұпар иісті гүлдердің 500 түрі өсетін ғажайып бақ пен ақ қайың тоғайын, акустикасы керемет концерт залын, Жеңістің 65 жылдығына арналған әскери кешен, түрлі ұлттар мен ұлыстардың жеті гектарды алып жатқан мекенжайларын, көрме павильондарын шағын доңғалақты пойыздармен тұтас аралап шықты. Сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, кәсібі мен мәдениетінен сыр шертетін бірегей кешенді саяхаттаған ардагерлер ерекше әсерленіп, қуаныштарын жасырмады.

– Бүгінгі саяхат ұнады. Облыс орталығында керемет саябақ ашылыпты дегенді естігеніміз болмаса, алғаш көруім. Әсіресе, мұражай-қорықтағы «Ақбауыр» үңгіріне тәнті болдық. Өскеменнен таяқ тастам жерде осындай тарихи ескерткіш барын біреу білсе, біреу білмес. Тарбағатай сілеміндегі Қызылтасқа салынған суреттерді көріп, қатты қобалжыдым. Өйткені бұл көзіме ыстық, ата-бабам жайлаған жер. Осындай саяхат ұйымдастырған облыс басшысына мың алғыс. Аман болайық, заманымыз тыныш болсын, жастарымыз білімді болсын,-дейді әсерлерімен бөліскен еңбек ардагерлері Болат Оразғалиев, Жеңіс Қинаятов, Қуаныш Ыдырышев сынды ақсақалдар.

– Сіздер кешегі күн мен бүгінгі ұрпақ арасындағы алтын көпірсіздер. Еткен еңбек, төккен терлеріңізді ақтап, алдыңғы буын ағаларымыздың ақылын тыңдап өскен халықпыз. Әсіресе, бүгінгідей алмағайып заманда ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек. 25 жыл бұрынғы 3500 теңге болған төменгі зейнетақы бүгінде 46 мың теңгеге, яғни 9-10 есеге дейін көтерілді. Бұл тәуелсіз ел экономикасының дамығанын, Елбасымыздың қарияларға деген құрметінің айрықша екендігін көрсетеді. Облысымыздағы 250 орындық «Уба» шипажайы жыл сайын 5750 қарияның демалып, сауығуына қолайлы жағдай жасап отыр. Халықаралық қарттар күні бір-ақ күндік мереке емес, ол кейінгі жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, тағылым беретін үлкен мейрам. Сондықтан 1 қарашаға дейін «Мейірім» айлығын жарияладық. Сіздерге амандық, денсаулық тілеймін, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріп, ақ пейіл-ниеттеріңізбен арамызда ұзақ жасап жүре беріңіздер, – деп қазыналы қарияларымызды төл мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өңір басшысының атынан бағалы сыйлықтар тапсырды.

– Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасымен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдаралмаларды үйлестіру және мәдениет басқармасы бірлесе ұйымдастырған бұл мерекелік шарадағы негізгі мақсатымыз – өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған ақсақалдарымызға құрмет көрсету, кейінгі буын ұрпаққа, жасөспірімдерге ардагерлердің ерен еңбегін үлгі ету,-дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

Бүгінде өңірімізде 388 соғыс ардагері, 225 мыңнан астам зейнеткер бар. Қарияларға қамқорлық көрсету мақсатында облыста бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қарттарға арналған 8 медициналық-әлеуметтік мекемелерде егде жастағы 1125 адамға қызмет көрсетіледі. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы 725 зейнеткер, аумақтық арнайы қызметтер көрсету орталықтары арқылы 4624 адам арнайы әлеуметтік қызметтер алады.

Құттықтаулар соңы мерекелік концертке ұласты.

Этносаябақты аралап, өзгеше әсер алып қайтты

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button