Этнобірлестіктер латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Латын әліпбиіне көшу мәселесіне өңірдегі этнобірлестік өкілдері де үн қосты. Достық үйінде өткен жиында этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері, өңірлік ассамблея өкілдері, мешіт имамдары мен шіркеу қызметкерлері өз пікірлерін ортаға салды.
Қазақстан Ассамблеясының мүшесі, облыстық Достық үйінің негізін қалаушы Лео Шиктің айтуынша, бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді ірі бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады.
Дүние жүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп. Сондай-ақ, бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады деген пікір білдірді жиналған көпшілік.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында 2025 жылға дейін Қазақстанның латын әліпбиіне біртіндеп көшетіндігін ашық айтты. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болады. Елбасы кириллица мен орыс тілі тасада қалмайтынын да айтты. Орыс тілі ұлтаралық қатынастар тілі болып қала береді. Облыстағы этнобірлестіктер мен Достық үйі Елбасы саясатын үнемі қолдайды,-деген Лео Шик этнобірлестік өкілдеріне латын әліпбиінің маңыздылығын түсіндіріп, оның жүзеге асу тетіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ, жиын барысында Ммемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің өкілі мемлекеттік қызметкерлер этикасының талаптарына тоқталды.
Этнобірлестік өкілдерімен жүздесуге арнайы келген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына этнобірлестік өкілдерінің де өз жобаларын ұсыну арқылы қатыса алатындығын айтты.
– «Рухани жаңғырудың» «Рухани қазына» атты ішкі бағдарламасы әр өлкенің мәдени кешендерін дамытып, тарихи нысандарды жаңартуға, жаңғыртуға бағытталған. Осының аясында сіздер де ұлттық өнерлеріңізді, мәдениеттеріңізді жандандыруға үлес қоса аласыздар. Осы мақсатта құрылған
жобалар офисінде сіздерге барлық сұраққа жауап тауып, кеңес алуға мүмкіндіктеріңіз бар,-дейді басқарма басшысы.
Лаура Тілеубайқызы