Этнобірлестік жастары бас қосты
Өскемендегі этноауылда облыстың қалалары мен аудандарындағы этнобірлестік жастарының форумы өтті.
Онда этномәдени бірлестік жастарының алдағы уақытта бірлесіп атқаратын тың жобалары талқыланып, өзара тәжірибе алмасты. Басқосу барысында жастар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер туралы сөз қозғап, «Мәңгілік Ел» идеясы – қазақстандық патриотизмнің түп-қазығы», «Қазақстан – 2050» стратегиясы – жастардың көзімен» сынды бірнеше тақырыптардағы тың ойларымен бөлісіп, ой-пікірлерін еркін түрде ортаға салды.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакованың айтуынша, Шығыстан шыққан игі бастамалар өзге өңірлердің дамуына септігін тигізіп жатыр. Мысалы, жуырда ғана Өскеменде өткен «Қайратты жастар-2016» байқауын енді өзге өңірлерде де өткізу мәселесі қарастырылып жатыр екен.
– Бірлік пен татулықтың тұтқасына айналған еліміздегі ең үлкен этноауылдың алғаш рет Өскеменде бой көтергені қуантады. Татулық пен ынтымақтың түтінін түтеткен бұл елді мекеннің ерекшелігі сол – мұнда өңірімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерін кездестіресіз. Этноауыл қолданысқа берілген кезде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ аралап көріп, оң бағасын берген-ді. Сондай-ақ, Президент Шығыстағы оң тәжірибені бүкіл елімізге таратуға тапсырма берген болатын. Облыс аумағында өмір сүріп жатқан этностардың ежелден бері жалғасып келе жатқан ата дәстүрін, тұрмыс-салтын насихаттауды мақсат тұтқан этноауылдың әрбір үйінен адамдар өмір сүрген сол кезеңнің көрінісін аңғару қиын емес, – деді Ирина Унжакова.
Шығысқазақстандық жастардың жігерлі екенін атап өткен облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк жастарды «Мәңгілік Ел» идеясына үлес қосуға шақырды.
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Меніңше, бұл идеяны балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға қайта-қайта түсіндіру артық етпейді. Бұл ретте Елбасы: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп түйіндейді. Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы Мәңгілік Ел идеясы екені анық. Жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастар болғандықтан сіздер тәлім-тәрбие мен ғылымға баса мән беріп, біліммен мықтап қаруланыңыздар, – деді Владимир Головатюк.
Басқосу барысында сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы қоғамдық-саяси бөлімінің кеңесшісі Сымбат Рамазанов этно бірлестік жастарын мемлекеттік тілді үйренуге шақырды.
Форум барысында облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекова Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында жастарды кавказ биіне үйретіп жүрген Джамал Аскеровтың еңбегін ерекше атап өтті. Қазір 100-ден астам жасөспірімді аталмыш би түріне үйретіп жүрген хореограф Қазақстан достықтың мекені екенін атап өтті.
– Ең алғаш рет 18 жасымда өзге мемлекетке гастрольдік сапарға шыққанда «Отан» деген сөздің мағынасын түсіндім. Татулық пен бірлікті дәріптейтін біздің еліміздегідей мамыражай тірлік өзге елдерде жоқ. Қатарластарыма айтарым, бүгінгі бейбіт күннің қадірін түсініп, бағалай білейік, – деп сөзін түйіндеді Джамал Аскеров.
Ажар Сағатбекова