Қоғам

Этноауылда сабантойды тойлады

Этноауылда  сабантойды тойлады

Өскемендегі этноауылда татар ұлты дәстүрлі сабантой мерекесін атап өтті. Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ақсақалдар және ардагерлер кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және өзге де қонақтар қатысты.
Этноауылда өткен сабантойда қазақтың киіз үйі тігіліп, өзбектің палауы мен татардың ұлттық тағамдары әзірленді. Келген қонақтар киіз үйге бас сұғып дәмнен ауыз тиісті. Татар ұлтымен қатар өзге де ұлт өкілдері ұлттық киімдерін киіп, сахнада әннен шашу шашты, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар, күрестен, қол күресінен, гіртасын көтеруден жарыстар ұйымдастырылды. Этноауылдың әскерилерге арналған бұрышында татар ақыны, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлел ескерткішінің алғашқы тасы қаланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ескерткіш жеңістің 70 жылдығында ашылады деп жоспарлануда. Ескерткіш құрылысына кәсіпкерлер демеушілік көмекті бастап та жіберген сияқты. Ал арнайы шақырылған қонақтар татар ұлтын төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
– Тарихтың қойнауына үңілсек, қазақ пен татар бұрыннан бауырлас ел, бір-бірін қолдаған, бір-бірін дос санаған. Бүгін де Татарстанмен қарым-қатынасымыз жақсы. Татарстанда Шығыс Қазақстан күндері өтсе, былтыр Семейге Татарстанның тұңғыш Президенті Минтемир Шәймиев бастаған делегация келіп, Сабантой өткізді. Осының бәрі береке-бірлігімізді білдіреді. Сіздерді сабантой мерекесімен облыс басшылығының атынан құттықтаймын, – деп облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар игі тілегін білдірді.
Сондай-ақ, мерекелік концертте сөз алған облыстық татар мәдени орталығының жетекшісі Габдулхай Мұхамедәлиұлы татар ұлтының мәдениетіне қолдау көрсетіп жүрген Ринат Жанкуловке, Роза Лидиновнаға, Сергей Фаизовке, Карима Щевченко және Бақыт Құмароваға мақтау қағаздарын табыстады. Айта кетерлігі, Бақыт Құмарова ұлты қазақ болғанымен татар халқының мәдениетін, салт-дәстүрін зерттеумен айналысады. Шара барысында «Сарман» вокальдық тобы, «Яшлек» жастар ансамблі, «Ертіс мұнары» тобы және Достық үйінен келген әр ұлттың өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, татардың ұлттық ойындары ұйымдастырылды. Иін ағашпен су тасу, қасыққа жұмыртқа салып жүгіру сынды ойындарға қонақтар қатысып, түрлі сыйлықтарға ие болды. Ал спорттық жарыстарда биіктен көрінгендерге бағалы сыйлықтар бұйырды. Гіртасын көтеруде 80 келі салмақ дәрежесінде Амантай Сұлтан бірінші орынға қол жеткізсе, ауыр салмақ дәрежесінде Әділ Абығалиев 24 келілік гіртасын 100 рет көтеріп бірінші орыннан көрінді. Армрестлингтен Руслан Ақылбаев пен Александр Поблагуев қарсылас шақ келтірмеді. Күресте жасөспірімдер арасында Жасұлан Мұхамеджанов топ жарса, ересектер арасында Талғат Әміренов «Сабантой батыры-2014» атағына лайық болды.
Жалпы, сабантой мерекесін татар, башқұрт, ішінара қазақтар да тойлайды. Бұл мереке 1990 жылдан бастап Татарстан Республикасында мемлекеттік деңгейде аталып өтеді екен. Этноауылда өткен осы мерекеге келген қонақтар жоғары көңіл күймен тарқасты.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button