Қоғам

Етік жөндеп, елдің алғысына бөленіп жүр

Ержан Әбіш

Тағдырдың қиындығына еш мойымай, мүмкіндігі шектелсе де, денсаулығы сыр берсе де, аянбай еңбек етіп, отбасын асырап, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген жандар бар арамызда. Соның бірі – Аманжол Әбдірахманов. Елуді алқымдап қалған елағасы Өскемендегі «Достық» базары алдындағы шағын ғана аяқ киім жөндеу дүңгіршегінде еңбек етеді. Таңның атысынан кештің батысына дейін шеберді осы жерден табасыз. 

Өмірді өзгерткен күн

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында біраз қордаланған мәселенің бетін ашып, шешу жолдарын ұсынды, тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, еңбекқорлықтың қоғамдағы орны туралы айта келіп, «Еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деуі көп көңілінен шықты.

Қарапайым еңбек адамы деп Аманжол Әбдірахмановты айтуға әбден болады. Ол 1973 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Бірақ Үржар ауданының Малақ ауылында өсіп-жетілді. Әкесі Жұмағазы – ауылда өмір бойы тракторшы болып еңбек еткен жан. Сол жұмысында жүріп зейнетке шыққан екен. Қайтқаныңа да 15 жылдың жүзі болыпты. Анасы Толқынтай ауыл дүкенінде сатушы болып қызмет атқарған. Бүгінде ауылда тұрып жатыр. Олар отбасында бес ұл болды, қазір көзі тірісі – үшеу. Аманжол – үйдің кенжесі.

Ол мектепті бітірген соң әскер қатарына аттанды. Приозерск қаласының маңындағы Сарышаған полигонында борышын өтеді. Совет Одағының ыдырап, елде дағдарыс бастау алған кезең еді. Ауылына оралған Аманжол әке жолын қуып, совхозда тракторшы, электрдәнекерлеуші болып еңбек етті.

2000 жылдардың басында елорданың құрылысы қарқын алғаны белгілі. Көпшілік Астанаға ағылды. Сол қалада жұмыс істеп, астаналық тұрғын болуға ұмтылды. Аманжол да 2005 жылы басқалаға жол тартты. Мақсаты құрылыста мамандығы бойынша еңбек етіп, отбасына көмектесу болатын.

Сол қысты Аманжол бүгінде еске алғысы келмейді. Адам өмірінде жадысынан өшіріп, ұмытқысы келетін жайттар болады ғой. Сол күні ол құрылыстағы жұмысынан шығып, аялдамада автобус күтіп тұрған болатын. Кешкі сағат 7-лердің шамасы. Бір кезде өзінің мүлдем жалғыз қалғанын байқады. Автобус әлі жоқ. Әп-сәтте таяп қалған бір топ жігіттердің сөздерінен  қырғыз бауырларымыз екенін ұққан. Алайда олардың пиғылы арам болып шықты. Өз бетімен тұрған оны жабылып, аяусыз ұрып-соғып, тонап кетеді. Нақты кімдер екені әлі белгісіз. Полиция сол күйі қаныпезерлерді таба алмаған. Әйтеуір аман қалды, тек соққылардан денсаулығына ауыр зиян тиіп, астаналық дәрігерлер екі аяғын да кесуге мәжбүр болған.

Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін жігіт мұндай күйге түсем деп ойлап па еді?! Бір жарым жыл ауруханада жатты. Алғашында Астанада болды, кейін Өскеменге ауыстырды. Елордалық дәрігерлер аяқты дұрыс кеспеген екен. Өскеменде тұратын ағасы Самат пен орыс жеңгесі Ира екеуі Шығыстың орталығына алдыртып, жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігерлеріне көрсеткен. Аманжол өскемендік ақхалаттыларға разы, солардың арқасында сауығып, протез салдыртты, қазір өз еркімен жақын қашықтыққа жүре алады.

Ол өзінің өмірлік жары Аиданы осы Өскеменде жолықтырды. 2006 жыл болатын. Бөле апайы қаладағы Ворошилов базарында сауда жасайтын. Сол жерге барғанда апайымен бірге істейтін Ұланның сүйкімді қызымен танысады. Уақыт деген жүйрік-ақ. Бүгінде олардың екі ұл, екі қыздары бар.

Кәсіпті меңгеруге он жылы кетті

Етікшілік – бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, өзінің қыр-сыры, амал-тәсілі көп кәсіп. Аманжол бұрын етік жөндеумен айналыспаған болатын. Тек ауылда жүрген кезінде пима табандағаны болмаса.

Мүмкіндігі шектелсе де, күш-қайраты кетпеген, жұмыссыз жүруді құп көрмеген ол Андрей есімді  етік шеберіне барып, одан осы кәсіптің негізін үйретуін сұрайды. Сөйтіп, 2008 жылдан етік жамау ісін бастап кетеді. Он жылдай дерлік әлгі Андрейдің қасында бірге еңбек ете жүріп, көп нәрсені меңгерді. Қазір ұстазы Ресейде тұрады, тарихи отанына көшіп кеткен. Осы жылдар ішінде Аманжол Әбдірахманов осы істің кәнігі қас шеберіне айналған. Оған арнайы келіп етігін жамататындар жетерлік. Ол жөндеген ең қымбат аяқ киім 100 мыңның үстінде тұрады. Бір қызығы, етікші өз еңбегіне аса көп ақы сұрамайды. Бірде аяқ киімді жөндеу тым ауыр болып, сол жұмысын 12 мың теңгеге бағалағаны есінде.

– Қазақстан көшесіндегі 75-ші үйде етік жөндеушілерге арналған арнайы дүкен бар. Өңірдегі барлық етікшілер өздеріне қажет керек-жарақтарды, материалдарды сол жерден сатып алады. Аталған дүкен ішінде етік жамаудың қазіргі бағалары жазылған прейскурант ілініп тұр. Егер сол бойынша қызметіме ақы алатын болсам, адамдар шошып кетер еді, тым қымбат, – деп күледі ол.

Аманжол етік тігумен қатар үй, мәшін кілттерін де жасайды. Пышақ қайрайды. Кілттің дубликатын жасату құны қиындығына байланысты 600 теңгеден 5000 теңгеге дейін барады. Ал пышақ-бәкі қайрату 100-200 теңге шамасында ғана.

Бір қызығы, кейбір адамдар аяқ киімдерін жөндеуге әкеп тастайды да, алуға келмейді екен. Олар екі ай бойы онсыз да тарлау, аядай ғана шеберханада орын алып жатады. Оны жөндеуге шебердің қаншама уақыты, материалы кетті ғой. Кейде бір аяқ киімді жамауға шебердің 3-4 сағат жұмсайды, бұл желімде тұрған уақытын қоспағанда. Аманжол екі айдан кейін иесі келмеген аяқ киімдер үшін жауап бермейтінін айтады. Оларды кембағал жандарға таратып береді. Арнайы келіп иесіз аяқ киімдерді сұрайтындар да бар көрінеді.

Аяқ киімді елдің бәрі де жаматады

Жалпы, етік жөндеушінің айтуынша, нарықтағы аяқ киімдердің көбісінің сапасы төмен. Әсіресе, Қытай етіктерінің желімі нашар. Етікші сенімді деген «Дисмакол» клейін қолданады. Осы ретте отандық өнеркәсіптің мәселесі қылаң береді. Шебердің айтуынша, импортқа иек артпай-ақ, өзімізде де етік шығаруға болады. Кезінде, Совет Одағы тұсында Алматыда «Жетісу» фабрикасы дүркіреп тұрды. Аяқ киімдері сапасы жағынан өзгелерден еш кем түспей-тұғын. Ал Семейдің тері зауыты болса, бүкіл одаққа әйгілі болатын. Былғарысы өте мықты еді.

– Глубокое ауданында Озатбек деген қандасымыз етік тігумен айналысады. Өнімдері өте сапалы, жақсы жасайды. Ол маған кәсібін үйретуді ұсынды, үш ай қасымда жүр деді. Оған денсаулығым келмейді ғой. Осы жұмысым да жетеді, нәпақамды тауып, отбасымды асырап жүрмін, – дейді кәсіпкер.

Аманжол таныстарына  аяқ киім таңдауға жиі көмектеседі екен. «Кейде олардың аяқ киімді фотоға түсіріп жеберетіні бар. Ондайда суретіне қарап, сапасын ажырату қиын» дейді. Көзге бәрі де әдемі, сапалы көрінеді. Қолға ұстап тексеру керек.

Жалпы, етікті қазіргі кезде елдің бәрі де жаматады. Өйткені аяқ киім бағасы арзан емес, күн сайын шарықтап барады. Жұрттың қалтасы көтере бермейді. Сосын, сапаның төмендігі сол, кейде бір апта киген соң жыртылып, желімі кетіп жатады.

– Өз клиенттеріме жаңа етік алған соң бірден маған алып келіңдер деп кеңес беретін болдым. Мен ол аяқ киімді қарап шығып, кей жағдайда қатайтып тігіп, қайта желімдеп беремін. Кейін, яғни жартылған соң әкелгеннен гөрі сол дұрыс, – дейді шебер.

Шәкірттері үмітті ақтап келеді

Аманжол осы уақыт ішінде бірнеше шәкірт тәрбиелеп үлгерген. Бірі Ұлан ауданының Сағыр ауылында етік жөндеуде, енді бірі Өскеменнің Жібек маталар комбинаты ауданындағы «Океан» сауда үйінің алдынан дүңгіршек ашқан. Тағы бір шәкірті «Әйгерім» сауда үйінен бөлме жалдап, шеберхана ашып, жұмыс істеп жатыр.

– Бұл кәсіппен шұғылдану үшін алдымен ынта керек, шын пейілмен, көңілмен істеу керек, сосын әрине темірдей төзім, еп пен икемділік қажет. Өкінішке қарай, бұл істе де делитанттар бар, тәжірибесі тым аз мамандар да кездеседі. Олардың жасағанын қайта жөндеу – ең қиыны, – дейді ол.

Аманжол бос жүргенді жек көретінін айтты. Міндетті түрде бір нәрсе істеуі керек. Кезінде ауылда жүргенде тракторы сынғанда  әп-сәтте шашып тастап, қайта жинайтын әдеті бар-тұғын. Қазір денсулығына байланысты көп жүре алмайды. Жұмысына таксимен барып, таксимен қайтады. Бір жақсысы – отырып істейтін жұмыс атқарады. Осы кәсіпті таңдауының бір себебі де – сол. Аптаның жұма күнін өзіне демалыс күні ретінде белгілеп алған. Сол күні мешітке барып, мінәжат ету – оның бұлжымас әдеті.

Аманжол Әбдірахманов былтыр қыста отбасымен жаңа пәтерге қоныс аударған. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайыздық несиеге баспана алды. Өскеменнің өркендеп келе жатқан 19-шы шағын ауданында тұрады. Оған дейін Меновное кентінде жер үйді мекендеп келген болатын.

Үлкен ұлы – Рамир бүгінде колледжде қауіпсіздік техникасы мамандығы бойынша білім алуда. Қасым мен Әмина №48 мектепте оқиды. Ал кенже қызы Фатима болса үйдің қасындағы «Ақсұңқар» балабақшасына енді барып жүр. Шаңырақтың отанасы Аида болса, үйдің шаруасымен шұғылданады, балаларға қарайды.

Қиындыққа мойымай, алға сеніммен нық қараған, адал еңбегімен қазіргі көп жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген кәсіпкердің ісіне біз де сәттілік тіледік.

Осы айдарда

Back to top button