Қоғам

Ет пен сүттен есе жібермедік

Азамат Темірбеков

Облыста жыл басынан бері ет пен сүт өндірісі қарқын алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру әлеуеті артқан.

Биылғы өңір дамуында орын алған өзгерістерге шолу жасаған Шығыс Қазақстан облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов жыл басынан бері аймақтың ауыл шаруашылығы саласында бірқатар өсім барын атап өтті. Оның айтуынша, облысымыз кейбір мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде тұрақтылықты сақтап қалған көрінеді.

– 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының аралығында облыстағы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 352,2 миллиард теңге болды, – дейді департамент басшысы.

Жалпы, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім байқалады. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі бірнеше пайызға жоғарылап, 104,9 пайыз жетті. Осылайша, облысымыз ауыл шаруашылығы өнімінің республикалық көлемінің 5,2 пайыздық мөлшерін еншіледі. Бұл дегеніміз аталмыш саладағы барлық өнімдердің осынша мөлшері біздің облыста өндіріледі деген сөз.

Сонымен қатар жыл басынан бергі уақыт аралығында өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда ет өндіру көлемі 5,9 пайызға, сүт өндірісі 2,5 пайызға өсті. Осылайша, облысымыз республикалық деңгейдегі үлес салмағы бойынша сүт өндіруде бесінші, ал ет өндіруде алтыншы орынды иеленіп, өзінің жоғарғы деңгейін сақтап қалды. Дей тұрғанмен, осы аралықта облыста жұмыртқа өндіру көлемінің 14,7 пайызға төмендегені байқалды.

Осы айдарда

Back to top button