Қоғам

Ет пен қымызын саудалады

Азамат Темірбеков

Өскеменде өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде катонқарағайлық шаруалар бес тоннадан астам мал еті мен 650 литр қымыз сатты.

Бекітілген кестеге сай, бұл жолы облыс орталығындағы «Freshmarket» сауда үйінің жанындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін Катонқарағай ауданының әкімдігі өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкеге жеткізілген ауыл шаруашылығы тауарларының барлығында ветеринарлық-санитарлық құжаттамалары толық болған.

Жәрмеңкеге аудандағы 13 ауылдық округтің әкімдіктері мен олардағы шаруалар өз өнімдерін алып келді. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, сауда-саттық таңғы сағат сегізден басталды. Аудан әкімдігі қызметкерлерінің хабарлауынша, бұл жолы катонқарағайлық шаруалар өскемендіктерге 2,1 тонна жылқы етін, 2,6 тонна сиыр етін, 550 келі қой етін, түрлі сорттағы бал өнімдері мен күнбағыс майын алып келген. Сонымен қатар жәрмеңкеде сүт, сүт өнімдері, сары май, жұмыртқа және катонқарағайдың басты брендтерінің бірі саналатын 650 литр қымызын сатты.  Оған қоса, Ақсу ауылдық округінің аумағында орналасқан «Ақсу Дэен» шаруашылығы жалпы сомасы 2,5 млн. теңгені құрайтын панты өнімдері мен өздері өндірген емдік шөптерден жасалған биологиялық белсенді қоспаларды саудалады.

Айта кетсек, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде барлық өнімдер нарықтық бағадан 12-15 пайыз төмен бағада сатылды.

Осы айдарда

Back to top button