Ет пен көкөністі молынан әкелді
Облыс орталығында осымен екінші мәрте сенбі күні Fresh Market сауда-логистикалық орталығының арнайы сауда алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Басты мақсат – азық-түлік өнімдерінің бағасын барынша тұрақтандыру екені белгілі.
Бұл жолғы жәрмеңкені ұйымдастыру Глубокое ауданы фермерлерінің еншісіне тиді. Сауданың қызған шағында жәрмеңкені жұртшылықпен бірге облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев та аралап, азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.
Атап өтейік, Глубокое ауданының кәсіпкерлері елімізде коронавирусқа қатысты карантиндік шаралар енгізілгелі бері бірінші рет жәрмеңкеге қатысып отыр. Қалаға жақын болғандықтан ба, аудандағы шаруа қожалықтарының жетекшілері ет пен ет-сүт өнімдерін, көкөніс дақылдарын молынан жеткізгені бірден көзге байқалды. Фермерлер өскемендіктер үшін жәрмеңкеге 14 бас сиыр етін, 7 бас жылқы, 8 бас қой және үш бас шошқа етін алып келіпті. Мұның сыртында құс етін әкелгендер де болды.
– Бүгін екінші рет өтіп жатқан жәрмеңкеге ауданымыздың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер өз өнімдерін жеткізді. Таңертеңгі сегізден басталған саудада өскемендіктер мен қала қонақтары ет, сүт, нан өнімдерін, бақша дақылдарын, жеміс-жидекті, табиғатымызға сай әзірленген орман өнімдерін сатып алып жатыр. Барлық өнімдер базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағамен ұсынылуда. Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтері қатысып жатыр, – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары.
Расында да, бұл күні жылқы, сиыр, қой еттері келісі 2100, құс еті 1350 теңгеден сатылды. Кәсіпкерлер түске қарай алушылардың жағдайына қарай бағаны бұдан да арзандата түскенін байқадық. Көптен бері жәрмеңке болмағандықтан ба, әлде алдағы қыраулы қысқа дайындық па, әйтеуір қалалықтар етті тұтастай санымен, картоп пен пиязды және орамжапырақты қабымен арқалап әкетіп жатты.
Глубокоелықтар жарты тонна бал да әкеліпті. Омарташылар тіл үйірер тәтті өнімді келісін 1200 теңгеден ұсынды. Мәселен, «Инжечик» ЖК жетекшісі Анатолий Олегович жәрмеңкеге бұрыннан қатысып келеді әрі соңғы бес жылдан бері бал бағасына бір тиын да қоспаған. Ол өзі әкелген 100 келі балдың бүгін толық өтіп кетеріне бек сенімді. Ал өскемендіктер қалтаға соқпайтын бағаға қажетті өнімдерін таңдап алғандарына разы.
– Өткен аптада жылқының етін базардан бір келісін бұдан әлдеқайда қымбатқа сатып алған едім. Бүгін дәл сондай етті 2100 теңгеден алдым. Саудалассаң, тағы да түсіретін ой бар. Жәрмеңкенің қайта жанданғанына өз басым әбден разымын. Менің ойымды өзгелер де құптайды деген ойдамын, – дейді қала тұрғыны Майра Әлкенова.
Айта кетейік, қазіргі пандемия жағдайына байланысты енгізілген санитарлық нормаларға өнім әкелушілер де, сатып алушылар да түсіністікпен қарап, арақашықтық сақтала отырып сауда жасалды. Барлық сатушылар бетперде қиіп, қолғаппен жұмыс істеді.
Дәурен Аллабергенұлы