Қоғам

Ет комбинатының мүмкіндігін талқылады

Ет комбинатының мүмкіндігін талқылады


Семейде ет өнімдерін өңдейтін жаңа кәсіпорын ашылмақ. Осы мәселеге орай қала әкімі Ермак Сәлімов «Agro Portal» ЖШС бас директоры Әмір Щекарчиді, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік директоры Мадина Байсалбаеваны, «Ертіс ӘКК» ҰК» АҚ активтер бөлімінің жетекшісі Станислав Ясинскийді қабылдады.

Жүздесу кезінде ирандық инвестордың біздің қаламызда жаңа кәсіпорын ашып, оны тез арада іске қосатындығы жөнінде айтылды. Айта кету керек, сонау 2015 жылы ирандық инвестор облыс әкімдігіне ет өңдеумен айналысатын комбинат құрылысын салу үшін ұсыныс жолдаған болатын. Бұл жобаның іске асырылуына бүгінде толық негіз бар. Себебі, ауылшаруашылық өнімдері жыл сайын көбейіп келеді. Тіпті оның сұрыпталуы да, сапасы да жыл сайын Семей қаласында ұйымдастырылатын «AGROSEMEY-2017» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің халықаралық инновациялық көрмесінде анық көрініс беруде.

Ал ирандық инвесторлар ұсынып отырған жоба іске асса, өңірдегі ауыл шаруашылығы дами түсуі мүмкін. Кезінде бұл жоба түрлі себептерге байланысты аяғына дейін жетпей, тоқтап қалған еді. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы жобаға қолдау танытты. Айта кету керек, «Kazakh Invest» компаниясы өңірімізде биылғы наурызда жұмысын бастады. Аталмыш компания Қазақстанда жұмыс істегісі келетін шетелдік инвесторлардың бизнес-жоспарларына қолдау көрсетіп келеді. «Kazakh Invest» инвестициялық және кедендік артықшылықтарды алуда ирандық инвесторларға серіктес болып табылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу Семей халқы үшін аса маңызды. Комбинат жұмыс істеп жатса, елге қосымша жұмыс табылады. Бұл ет комбинатының тәулігіне 2000 бас ұсақ мал мен 400 бас ірі қара малының етін өңдеуге мүмкіндігі бар екен. Қожалықтар мен жеке шаруашылықтардағы мал саны артып, бордақылау алаңдары көптеп салынатын болады. Бұған дейін облыс әкімі осы ирандық жобаға қатысты екі рет жиын өткізгендігін білеміз. Сол жүздесуде жергілікті тиісті органдарға жобаның нәтижелі іске асуы үшін нақты тапсырмалар берілді. Біз облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша жұмыстарды бастауға дайынбыз. Сондықтан да комбинаттың құрылыс жұмыстары үшін жасалатын жобалық-сметалық құжаттар, теміржол тұйығы құрылысын салу, жарық, су, жылу желілерін тарту жөніндегі жобалары дұрыстап талдау қажет, – деді қала әкімі.

Иә, Семейде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Осыған орай Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен «AGROSEMEY – 2017» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің екінші халықаралық инновациялық көрмесі өтпек. Бұған келетін шетелдік ғалымдар, ет өнімдерін өңдеуші, өндірушілердің қарасы тіпті көп. Франция, Қытай, Болгария, Польша, Моңғолия, Ресей, Белоруссия және Украина елдерінің ғалымдары жиын барысында ветеринария, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдері мен тамақ өнімдерін өндіру технологиясы салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптарын өткібек.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button