Қоғам

Эстрада жұлдыздары Өскеменде доп ойнады

Эстрада жұлдыздары Өскеменде доп ойнады

Кеше Өскемендегі «Восток» стадионында ел Президентінің жүлдесі үшін V халықтық ойындардың алауы тұтанды. Бұл дүбірлі доданың шымылдығы облыс әкімдігінің құрама командасы мен отандық эстрада жұлдыздарынан жасақталған «Алатау» ұжымының арасындағы жолдастық кездесумен ашылды.
Республиканың барлық облыстарынан, сондай-ақ, Алматы мен Астана қалаларынан ұзын саны мың жарымнан асып жығылатын спортшыны Төр Алтайдың төріне жинаған халықтық ойындардың ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр ҚАНАҒАТОВ және өзге де құрметті меймандар қатысты.
– Әрбір адам үшін денсаулықтың маңызы зор. Денсаулықтың мықты болуы, әрине, спортпен шұғылдануға байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл салаға ерекше көңіл бөліп, барынша жағдай жасауда. Оған дәлел ретінде жыл сайын өңірлерде спорттық нысандардың көптеп салынып, елімізде өтіп жатқан ірі халықаралық жарыстарды айтуға болады. Бүгінгі мына бесінші рет өткізіліп отырған Президент жүлдесі үшін халықтық ойындардың Өскеменде жалауын көтеруі де соның айғағы. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі күні өңірімізде 3 мыңнан астам спорттық нысан бой көтеріп, аймақ халқының 25 пайызы (380 мың адам) бұқаралық спортпен айналысуда. Келешекте бұл көрсеткішті одан да жақсарта түсуге мүмкіндік бар, – деп сөйлеген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, дәстүрлі түрде төрт жылда бір рет өткізілетін халықтық ойындардың бағдарламасында спорттың 9 түрі қамтылған. Олар: волейбол (ерлер, әйелдер), шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір көтеру, қол күрестіру, үстел теннисі және жазғы Президенттік көпсайыс.
Астанадан келген құрметті қонағымыз Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы Елсияр ҚАНАҒАТОВ өз кезегінде тілегін былай жеткізді: – Ең әуелі стадионға жиналған баршаңызды спорт мерекесінің басталуымен министрліктің атынан шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Осы халықтық ойындардың жүлделерін сарапқа салу үшін еліміздің әр облысынан келген құрама командаларға алғысымды айта келе алдағы жарыстарына ақ жол тілеймін. Бұл айтулы шараны өткізуге қолдау білдіріп, белсенділік танытқан облыс басшылығына ризашылық сезімімді білдіремін. Әрине, мұндай жауапты істі атқару оңай емес, бірақ соған қарамастан облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы бұл ұсынысты қолдап, халықтық ойындар Өскеменнің төрінде өткізілуде.
Комитет төрағасының айтуына қарағанда, біздің облыс республикадағы спорт саласы өркендеген өңірлердің қатарына жатады. Бұған дейін іске қосылған көптеген нысандарды айтпағанда биылдың өзінде аймағымыздың елді мекендерінде есігін айқара ашатын елуге тарта спорт ғимаратының бой тіктеуі соның айғағы.
Стадионға жиналған жұртшылық алдында айтылған құттықтаулардан соң Мәдениет және спорт министрлігінің комитет төрағасы Елсияр ҚАНАҒАТОВ облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫ «Қазақстан Республикасында денешынықтыру мен спорттың дамуына қосқан үлесі үшін» құрмет белгісімен марапаттады.
Бұдан соң Президент жүлдесі үшін V халықтық ойындардың символдық олимпиада алауын Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген бапкері Юрий Тархов пен қазақ күресінің дүлдүлі, «Қазақстан Барысы – 2014» атағының иегері Мұхит Тұрсынов жақты.

Эстрада жұлдыздары Өскеменде доп ойнады

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаевтың айтуынша, спорттық шараның басты мақсаты – халықтық ойындарды көпшілікке тарату және дамыту. Елбасы Жолдауына сәйкес осындай бәсекелерді жиі өткізу арқылы спортпен айналысатын көпшіліктің қатарын арттыруға, салауатты азаматтарды қалыптастыруға болады. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен халықтық ойындар Қазақстанды мекендейтін көптеген ұлттардың өкілдері арасындағы достықтың, татулықтың нығая түсуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері мен отандық эстрада жұлдыздарынан құралған құрама командалар арасындағы жолдастық кездесуге де кезек келіп жетті. Матчты жүргізу құрметі Алматыдан ат шалдырып келген қонақтарымыздың бірі, жерлесіміз, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхановқа тапсырылды. Талайдан бері теледидардан берілетін футбол матчтарын жүргізбей кеткен әріптесіміз өзінің сүйікті қызметін сағынып қалған сияқты, тізгінді қолға алысымен көсіліп сала берді. Білікті комментатордың әдемі әзілдерін жанкүйерлер де әбден сағынып қалыпты. Әрбір айтқан астарлы әзілі мен ұйқасты тіркестеріне қошеметпен қол соғып, делебелері қозып-ақ отырды.

Жолдастық кездесу жоғары деңгейде өтті

Сонымен көптен күткен жолдастық кездесу де басталды. Комментатор Амангелді Сейітханов қос ұжымның мүшелерін кезекпен таныстыруға көшті. Облыс әкімдігінің құрамасы сапында аймақ басшысы және команда капитаны Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге өңірдің намысын облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық соттың төрағасы Абай Рахметулин, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Владимир Головатюк сынды лауазым иелері қорғады. Ал кілең жұлдыздардан жасақталған «Алатау» командасында Мұқасан Шахзадаев (капитан), Жұбаныш Жексенұлы, Мейрамбек Беспаев, Кенжебек Жанәбілов, «Арай» тобының әншісі Медет Көжекбаев, «Ринго» тобының әншісі Әділжан Омаровтар ойнады.
Төрешінің ысқырығы шалынысымен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастаған қызыл жейдедегі алаң иелері қарсыластар қақпасына лап қойды. Талантты әнші Абдулкарим Каримов қорғаған қақпаға қос қапталдан дүркін-дүркін шабуылдап, алатаулықтарды алғашқы он минутта қатты састырды. Қонақтар содан кейін ғана естерін жинап, ойынды алаңның ортасына қарай ойыстырды. Екі жаққа алма-кезек шабуылдар өрбігенмен алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Дегенмен алаң иелері сапында тамаша ойын өрнегімен көзге түскен облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовты, орталықта ойқастаған Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Владимир Головатюкті ерекше атап өтуге болады. Ал енді қаптал арқылы командаластарын тамаша пастарымен қамти білген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ойынына стадионға жиналған жанкүйерлердің қошеметі тіпті ерекше болды.
«Жұлдыздар» командасында Мұқасан Шахзадаев, Жұбаныш Жексенұлы, Медет Көжекбаевтар теңбіл допты ұршықша иірген шеберліктерімен ерекше есте қалды.
Кездесудің екінші таймы да тартысты басталды. Таблодағы нәтиже нөлді көрсетіп тұрған соң ба әйтеуір қарсыластар бір-бірінің қақпаларына қауіпті шабуылдарды жиілетті. Осындай тартысты шабуылдардың бірінде қарсыластың футболшысына қарсы қауіпті ойнаған «Алатау» өкілі Жұбаныш Жексенұлы қызыл қағазбен «марапатталып», алаңнан қуылды. Қонақтардың бір ойыншыға аздығын ұтымды пайдаланған жерлестеріміз А.Каримов қорғаған қақпаның айып алаңындағы кезекті таласта оңтайлы тұстан гол соғып есепте алға шықты. Гол авторы – Ренат Аханов. Алайда алаң иелерінің есептегі басымдығы ұзаққа созылған жоқ, оң қапталдан өрбіген шабуылдардың бірінде қарсыластың қорғанысын қапыда қалдырған «Арай» тобының әншісі Медет Көжекбаев таразы басын теңестірді. Есеп – 1:1. Осы нәтиже бас төрешінің соңғы ысқырығы шалынғанша сақталды.

Эстрада жұлдыздары Өскеменде доп ойнады

– Ойын өте жақсы өтті. «Алатаулықтар» негізі мықты команданың бірі. Олар аптасына екі рет жаттығу өткізіп, көптеген жарыстарға қатысып жүр. Дегенмен әншілердің көбісі жас жігіттер. Ал алаң иелерінің барлығы дерлік жасы үлкен адамдар. Соған қарамастан облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының орынбасарларымен, күш құрылымдарының басшыларымен бірге келіп алаңда тоқсан минут бойы ойнады. Бұл ол кісілердің спортқа деген құрметі, спортты бұқаралық сипатта дамытуға деген талпыныстары деп білемін және соған риза болдым. Жалпы ойын барысы аты айтып тұрғандай жолдастық рәуіште, әділ өтті, – дейді белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханов.
Жолдастық кездесу аяқталған соң жиналған көпшілік «Восток» стадионындағы Қазақстан эстрадасы жұлдыздарының концертін тамашалады. Ал осы матчтың билеттерін сатудан түскен 1 миллион теңге қаражатты қос команданың капитандары облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Мұқасан Шахзадаев паралимпиада ойындарын қолдау және денешынықтыру мәдениетін дәріптеу үшін табыс етті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button