Қоғам

Естен кетпес өнер кеші

   «Ұлттық рухани жаңғыру» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын іске асыру аясында облыстық мәдениет басқармасының «Ертіс концерт»  өнер  ұйымының өнерпаздары   гастрольдік сапармен ауданымызға келіп қайтты.

Облыс өнерпаздарының   аудан орталығындағы «Шырайлы шығыс» атты концерттік бағдарламасына жергілікті тұрғындар асыға жетіп, Мәдениет үйінің көрермендер залын лық толтырды.

Өнер кеші «Көктем» хореографиялық қойылымымен ашылып,

мәдениет саласының үздігі  Әділ Тұрғанбаев жетекшілік ететін дәстүрлі ән өнерінің майталмандары, өңірге танымал   «Ән Сал Дар» тобының  халық әндерінен попурриімен жалғасты. Мұнда олар қазақтың дәстүрлі ән өнері  өкілдерінің танымал әндерін төрт дауыста қосыла шырқап, көпшілікті саф өнердің тұнығымен сусындатты.

Бұдан кейін көрермендер ортаға шыққан  Естай Матабаев пен Нұрислам Шағанбаевтың күйтартысына куә болды. Домбыраның құлағында ойнаған өнерпаздар қазақтың күй өнерінің қоржыныдағы белгілі туындалырды  асқан шеберлікпен орындап, көптің ықыласына бөленді.

Тимур Қожахметов жетекшілік ететін бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанып жүрген «Алтай»  халық би ансамблі «Нәзік» биімен ортаға шыққанда мың бұралған  қыздардың өнеріне тамсанбаған жан қалмады. Бұдан кейін сахнаға республикалық және халықаралық ән байқауларының лауреаты, бесаспап музыкант  Қайрат Майжаров шығып, гитараның сүйемелдеуінде қазақ әндерінен попурри шырқады. Жезтаңдай әнші Арника Байбұсұнова «Іңкәрім-ай» әнімен көпшіліктің қошеметіне бөленді. Бұдан кейін ортада «Алтай» би ансамблі «Тор жорға», ұйғыр, заманауи стильдегі «In move»  билерін, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, Жанат Бисембаев «Синяя вечность»,  Абзал Ес «Шайхана» әндерін орындап, көрермендерді  тәнті етті. Концерттік бағдарлама  «Ән Сал Дар» тобының  «Байтақ елім» патриоттық әнімен түйінделді.

Өнер кешінің соңында аудан әкімінің орынбасары Динара Қожанова облыс өнерпаздарына  мәнді де сәнді шара ұйымдастырып бергені үшін ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Ділдар Қалиқанның Алғыс хаты мен естелік сыйлығын тарту етті.

–  «Ұлттық рухани жаңғыру» мен «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жыл басынан басталған өңіріміздегі  гастрольдік сапарларымыз ойдағыдай жалғасуда. Осыған дейін облыстың бірнеше ауданында  концерт қойдық. Кезекті сапарымызды Катонқарағайға арнадық. Күзде  басқа аудандарға шығамыз. Осыған дейін  Тарбағатай, Шемонайха, Алтай аудандарында болып қайттық.  «Ертіс концерт» ұйымының өнерпаздары тек аудан орталықтарында  ғана емес, шалғай ауылдарда да  осындай  өнер кештерін қойып келеді.  Ауданның орталығынан  бөлек, Новохайрузовка, Балғын, Малонарым, Катонқарағай ауылдарында да концерт  өткіземіз.

Көрермендер әртістерімізді жақсы  қарсы алуда, өнерімізді бағалап жатқандарына зор алғысымызды айтамыз.

Алдағы уақытта тек республикалық деңгейде ғана емес, шетелге де шығуды мақсат етіп отырмыз. Жақын арада Нұр-Сұлтан қаласына барып қайттық, Алматыдағы фестивальдарға қатыстық. «Алтай»  би ансамблі Талдықорғанда өткен былтырғы би фестивалінің лауреаты болды, – дейді «Ертіс концерт»  ұйымы  директорының орынбасары Роллан Қасым.

Жалпы  бүгінде «Ертіс концерттің» құрамында 180 әртіс өнер көрсетеді. Ауданымызға   солардың  50-ге жуығы келді.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button