Қоғам

Естелік сыйлықтар табыс етеді

 Халыққа қызмет көрсету орталығы – қызмет алушылар өміріндегі маңызды оқиғалардың куәгері. Онда күн сайын азаматтар төлқұжат, жүргізуші куәлігін, жаңа туған сәбиінің куәлігін алып жатады. Осындай қуанышты бөлісіп, жан жылуын сыйлау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» құжат алуға келген тұрғындарға естелік сыйлықтар табыс етуде.

«Азаматтарға арналған үкіметтегілер» «Бақытты клиент» тұжырымдамасын қолға алып, әр келушіге сапалы қызмет қана көрсетіп қоймай, осылайша қызмет алушының көңілін де аулауға тырысатын болады.

– Өскемендегі №3 Халыққа қызмет көрсету орталығына жұбайымыз екеуміз бесінші баламыздың туу туралы куәлігін алуға келдік. Орталық қызметкерлері куәлікті салтанатты түрде табыстады. Алғысымыз шексіз, бақытты клиентпіз деп айта аламыз. Жұмыстары жандана берсін! – деген Данияр мен Ардақ бұрын мұндай құттықтаудың болмағанын айтады.

Қызмет алушылардың көңіл-күйін көтеруге бағытталған бұл іс-шара Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бәрінде өтуде. Әрине, бұл жерде сыйлықтың көлемі мен бағасы маңызды емес, бастысы – осындай қиын сәтте тосынсый жасау арқылы халықты қуанту.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, карантин жағдайында адамдарға жылулық сыйлау үшін мемлекеттік қызмет көрсету атмосферасын өзгертіп, ресмиліктің аясынан шығу шешімі қабылданды.

– Басында, әрине, бұл біздің қызметкерлер үшін ерекше болды. Олар мұны қосымша жүктеме ретінде қабылдады, құттықтауды ұялып бастады. Дегенмен, қазір қызметкерлер құттықтаулардан өздері де жағымды эмоция алатынын мойындап отыр, – дейді директор.

Енгізілген тұжырымдама сәтті болады деуге әлі ерте. Бірақ еліміздің өзге мемлекеттік органдарына қарағанда ХҚО-лардың трендтерді бірнеше рет өз нәтижесін көрсеткен. Олар алғашқы болып кедергісіз қызмет көрсетуді, бір терезе және бір өтініш қағидатын, «проактивті» қызметтер ұғымын енгізді, азаматтың биометриялық деректерін қолдана бастады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button