Есте қалар ерекше сәт
Соңғы қоңырау салтанаты қашан да толқынысты сәттерге толы. Әсіресе бұл – мектеп түлектерінің мәңгі жадында сақталатын шара. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» мектеппен қоштасу кімге жеңіл дейсіз! Кеше өңіріміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылып, 8859 түлек қияға қанат қақты. Өскемендегі №3 Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің соңғы қоңырау салтанатына біз де қатысып, тамаша шараның куәсі болдық.
Мектеп ауласында мерекелік көңіл-күй сезілгенімен, түлектер мен ұстаздардың, ата-аналардың жүзінен әлдебір қимастықтың лебі есіп тұрғандай. Әсіресе мектеп түлегі үшін бұл қоңыраудың соңғы екенін түйсіну қандай ауыр! Бұл жолғы қоңыраудың қоңыр үні олардың есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейін тәмамдағалы отырған түлектердің соңғы қоңырау салтанатына қала әкімі Жақсылық Омар арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті мектеп бітіруші түлектер, ата-аналар, ұлағатты ұстаздар! Бүгін барлығымыз үшін бір аяулы күн, ерекше мереке. Қазір қаламыздың 50 мектебінде мың жарымға жуық түлек оқуын аяқтап, үлкен өмірге, баянды болашаққа қадам басты. Бұл – әрбір түлек және оның ата-анасы үшін, сол жас түлекті 11 жыл бойы көз майын тауысып тәрбиелеген ұстаздар үшін ерекше толқулы сәт. Осындай керемет сәтте біз сол ұстаздар қауымына мың да бір алғыс айтсақ артық емес. Қазіргі уақытта біреудің баласы тұрмақ, өзіңнің балаңды тәрбиелеу дегеніңіз үлкен мәселе. Бірақ нағыз ұстаз сол қиындыққа қарамай, өзгенің баласын оқытып, «сол білсін», «сол өссін», «сол өнсін» деп тыным таппайды. Егер өкімет білім саласына миллиондаған қаржы жұмсайтын болса, біздің ұстаздарымыз сол білімді баланың санасына құю үшін миллиардтаған жүйке талшықтарын жұмсайды. Сондықтан да бүгінгі мектеп бітіріп отырған аяулы жас түлек, сендер сол ұстаздардың еңбегін ақтауға тиіссіздер. Бүгін мен осы мектепке арнайы сіздерді құттықтап, ақ жол тілеуге келдім, – деген қала әкімі Жақсылық Омар мектептің тарихына да тоқталып өтті. 2012 жылға дейін осы ғимаратта орыс мектебі орналасқан болатын. Ол кезде №3 мектеп қазіргі Оқушылар сарайында орналасқан. Ғимарат тар, оқушы дегеніңіз аузы-мұрнынан шығып, сыймай жататын еді. Қазір сол №3 мектеп-лицей 1500 оқушысы бар үлкен білім ордасына айналды.
– Сондықтан осындай еңбектің, осындай жұмыстың нәтижесін, әрине, біз жас түлектерден күтеміз. Жақсы мамандық иесі атанып, қаламыздың, өңіріміздің, республикамыздың дамуына үлестерін қосса дейміз. Ұстаздар мен ата-аналардың үмітін, мемлекеттің жас ұрпаққа құйған инвестициясын ақтау – парыз. Сондықтан, қымбатты жас түлек, Қазақстанның болашағы – өздеріңіздің қолдарыңызда екенін сезініңіздер. Бұл әншейін айтылған сөз емес, Жаңа Қазақстанға жаңа буын керек, жаңа топ, жаңа көшбасшылар керек. Сол жаңа буын – сіздерсіздер. Сондықтан жауапкершіліктен қашпаңыздар. Бойларыңыздағы күш-қайратты, жігерді Жаңа Қазақстанның дамуына жұмсаңыздар, – деді қала әкімі.
– 2021-2022 жылғы оқу жылын барлығы 1411 оқушы аяқтап отыр. 109 оқушы 9-сыныпты, 87 оқушы 11-сыныпты аяқтауда. 9-сыныпта 14 оқушы үздік аттестатқа үміткер болса, 11-сынып бітірген түлектердің 11-і – алтын белгіге, ал 12 оқушы – үздік аттестатқа үміткер. Жалпы, біздің мектептің әлеуеті өте жоғары. Сондықтан да алдағы сынақта оқушыларымның біліміне, оларға білім берген ұстаздарымның еңбегінің ақталатынына сенімдімін. Сондай-ақ биыл мектеп бітіргелі отырған түлектеріміздің ішінде өзіміздің аймақтық университеттің және Назарбаев университетінің грантын жеңіп алған оқушылар бар. Түлектеріміздің барлығы 100 пайыз ҰБТ-ға қатысады, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Ғазизова. Айтуынша, түлектердің мектеппен қоштасу шараларының барлығы мектеп қабырғасында, ұстаздардың ортасында өтеді.
Алтын белгіге үміткер мектеп түлегі Диана Асылқызы алдағы сынақтардан мүдірмей өтеріне сенімді. Арманы – дәрігер болу.
Жалпы, облыс бойынша биылғы оқу жылында 11-сыныпты 8859 оқушы бітіріп отыр. Оның 7510-ы, яғни түлектердің 84 пайызы ҰБТ тапсырмақ. Биыл өңірімізде «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 563 болса, үздік аттестатқа үміткерлердің саны – 789.
– Шынымды айтсам, ерекше толқып тұрмын. Бүгін тұла бойы тұңғышым мектеп бітіріп жатыр. Кеше ғана тұлымшағы желбіреп, жүгіріп жүрген кішкентай қыз еді. Уақыт дегеніңіз қандай жылдам! Көзді ашып-жұмғанша 11 жыл да өте шығыпты ғой. Қайда жүрсе де, жолы болса екен, – дейді өзін №3 мектеп-лицейін бітіріп жатқан Мединаның анасымын деп таныстырған Сандуғаш Аманжол.
Әрине, біз де іштей ана тілегі қабыл болса екен дедік.
Мейрамтай Иманғали, Өскемен