Есіркегеновті еске алды

Зайсан қаласындағы М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатында самбо күресінің саңлағы Зейнелбек Есіркегеновті еске алуға арналған дзюдодан дәстүрлі облыстық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Серік Ақтанов спортшыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Ал Зейнелбек ағамыздың сыныптас досы Шаймардан Оралбаев пен туыстарының атынан сөз алған аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрша Есіркегенова марқұм жайында естеліктер айтып, жарысты ұйымдастырушыларға жүрекжарды тілегін білдірді.
Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Өскемен мен Семей қалаларынан, сондай-ақ Абай, Жарма, Көкпекті, Ұлан, Күршім, Тарбағатай, Үржар және Зайсан аудандарынан 180-ге тарта жас балуан қатысты. Бозкілем үстінде 12 салмақ дәрежесі бойынша белдескен жас өрендер жарысы тартысты өтті. Балғын балуандар жарысқа жақсы дайындықпен келгендерін дәлелдей білді.
Үздік деп танылған балуандар аудан әкімінің арнайы грамоталарымен, сондай-ақ Есіркегенов әулетінің атынан медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Даңқты балуанның қызы Нұрша Есіркегенова турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген аудан басшылығына және төрешілер алқасына алғыс айтты.
Артынша қаладағы «Рахат» дәмханасында қонақтар құрметіне дастархан жайылды.
Өкен Есімбек