Қоғам

Еспенбетовтің ғылыми мектебі

Семейдің педагогикалық институты – ұстаз бен шәкіртті табыстырған киелі білім ордасы. Өзіндік дәстүрі қалыптасқан осынау алтын ұядан қанаттанғандардың «Шаяхметов пен Еспенбетовтің шекпенінен шыққанбыз» деуінің де астарында терең мән жатыр. Бірі қара сөздің, бірі сөз өнерінің құдыретін танытты. Мыңдаған шәкірттің шамшырағын жақты, талай дүлдүлді бәйгеге қосты.

Бүгінгі әңгімеміздің өзегіне негіз болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ғалым  Арап Еспенбетов – қазақ әдебиеттануының ғана емес, тұтастай Шығыс өңірінің бетке ұстар беделді азаматы. Өңірде өтер әрбір келелі жиын бұл кісінің сөз бастауынсыз өтпейді. Арап аға не айтар екен деп елеңдесіп тосады жұрты. Иә, расымен, солай екен-ау деп қауқылдасып тарқайды. Бұл шешендік, бұл мәнерлі, ділмәр сөз қайдан келді десеңіз, қара сөздің майын тамызған ұстазы Бәтташ Сыдықұлының сөз өнерінің құдыретіне құмартып өсуіне себепші болуы. Студенттік шақта жол сілтеп, бағдар түзген Қайым Мұхамедханұлының тәлімі. Зейнолла Қабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Рымғали Нұрғалидай ағаларының тағылымы. Бәрі-бәрі маңдайтүзер темірқазығына айналды.

Алдыңғы толқын ағалардың өсиеті Арап Сләмұлына ғалымдық жолда аз сын жүктемегені ақиқат. Ағалар аманатын ғалымдық мұратының арқауы еткен ол әлі де зерттеу нысанына айналмаған тақырыптарды шұқшия қарастырды. Кеңес кезеңінде ұстазы Б.Кенжебаев айта алмай кеткен С.Торайғыров шығармашылығын зерттеуде соны ізденістер жасады. Сұлтанмахмұтты тану тың түрге, жаңа сипатқа ие болды. Алаштың дарынды ақыны туралы деректерді архив қойнауларынан сарыла іздеп,  сұлтанмахмұттану ғылымының тұтас концепциясын қалыптастырды.

Ғалымның абайтану, шәкәрімтану, қазақ әдебиетінің тарихына қатысты зерттеулері – халқымыздың қазына қорына қосылған рухани мұра.                             А.Еспенбетов – «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (1993), «Уақыт өрнегі» (2005), «Ақындары Алаштың»  (2011), «Абай әлемі» (2011), 2 томдық шығармалары (2014), «Абайтану әлемінен» (2017) зерттеу еңбектерінің авторы, сондай-ақ «Алаш» сериясымен жарық көрген 4 томдықтың (2017), 7 кітаптан тұратын Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының факсимилдік басылымының (2018)  жоба жетекшісі. Зерттеу тақырып ауаны да әр алуан. Автор  көзі қарақты, есті ұрпаққа түрлі ой салады, ізденіс әлеміне жетелейді. Осы сәтте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген ұлағатты сөзі еріксіз есіңізге оралады.

Арап – тұрақты жігіт. Жетпісінші жылдары қорғады. Қызметке шақырған ұсыныстар мол еді… Туған жеріне, Семейге, Шыңғыстауға қарағыштай беретін. Әр жылдары ғылыми, басқа да шараларға қатысты Семейге келіп, ұлылар еліне бірге сапар шеккен кездеріміз болды. Қарауылға бет алғанда досымның түрі өзгеріп, ерекше бір күйде болғанын талай байқадым… Ел алдындағы жауапкершілікті ерекше сезініп өскен Арекеңнің тамыры қашанда тереңде жатады», – деген профессор Зейнолғабден Бисенғали толғанысы Арап Сләмұлының даралық болмысын биіктете түседі. Арап Еспенбетов – текті жердің тумасы. Тектілік – қазақ халқында киелі ұғым. Нақылмен өрілетін халық даналығындағы «тегінде бар тектілік», «тегі мықты», «тегіне тартқан» деген ертеден келе жатқан аталы сөздер – соның айқын дәлелі. Атақ қумады, мансап іздемеді Арап аға. Туған жері алдындағы перзенттік мол жауапкершілікті сезінді. Киелі Семейінен кетпеді. Қайым салған сүрлеу жолды жалғастырды. Әдебиет ғылымын көзінің қарашығындай қастерлеген Ел ағасына туған халқының алғысынан артық мәртебе жоқ шығар бүгінде.

Жазушы Т.Жұртбай:  «Арап Еспенбет – сол алаш туын көтерген сана мен сараның қормалы – Семейдегі соңғы жарты ғасырдың ішіндегі кепілі! Идея кепілі және дәстүрлі кепілі! Демек, қазақтың ойлау жүйесінің классикалық қормалы сақталған дәстүрдің кепілі», – деп толғаныпты. Зерттелмеген, ескерусіз, еленбай қалған тақырыптарды жас зерттеушілерге еншілеп бөліп берді. Алаштың уығы қадалған Семей жерінде әдеби орта қалыптастырды. Ол сөз жарыстырар, ой өрбітер, пікір алмасар «Еспенбетовтің ғылыми мектебіне» айналды.  Екі ғылым докторы, 19 ғылым кандидаты «Еспенбетов мектебінің» қатал сүзгісінен өтті. Нәтижесінде Ә.Тәңірбергенов, К.Жанатайұлы, Ш.Әбенов, Н.Баймұратов, Т.Әміренов, У.Шондыбайұлы, Ә.Найманбаев, Т.Жомартбаев, Қ.Алтынбаев  сынды әдебиет өкілдерінің мұралары оқырманымен қайта қауышты, шығармашылығы ғылыми тұрғыда негізделді. Әдеби өлкетануға жаңа леп келді. Бұл Арап Сләмұлы салған түрен жол еді.

Диссертациялық кеңеске барғанда «Арекең жетекшілік еткен жұмыстардың барлығы тыңғылықты жазылған» деген ғалымдардың жылы лебіздерін де естіді шәкірттері. Бұл, ең біріншіден, жетекшіміздің абыройы мен беделі болса, екіншіден, әрбір зерттеу жұмысын «Еспенбетов мектебінен» талқылаудан өткізу үрдісінің нәтижесі еді. Екіұшты, дүдәмал сөздерді жаны ұнатпайтын ғалым бәрімізді Еспенбетовке тән нақтылыққа үйретті. Еспенбетов мектебінің айнымас қағидаларынан өткен шәкірттері – бүгінде қазақ әдебиеттануында өзіндік орны бар сүбелі зерттеулердің авторы.

Әдебиет тарихы – күрделі сала. Бүгінде кім көп, әдебиет тарихын зерттеушілер көп. Дүдәмал зерттеулерді, ғылыми негізделмеген еңбектерді жарыққа шығарушылар көп. Сондай пікірлердің бірінде Арап ағамыз орынсыз сынға алыныпты. Сонда Ұстазымның айтқаны:

– Қарағым, «Ит мені қапты екен деп, мен оны қапсам, адамдық аузымнан не қасиет қалады?» деген Мұхтар Әуезовтің көреген сөзі бар емес пе? Қайтесің, айтар ауыз айта берсін, – деді де қойды. Ойлап қарасаңыз, нағыз кісілік кемелдік, адамдық қалып осы емес пе? «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын – мінез деген сауыты», – дейді дана Абай. Бұл Арап Сләмұлының көркем мінезінің бір сипаты ғана.

А.Еспенбетов – ұстаздық  тағылым мен ғалымдық зердені ұштастыра білген жан. Студенттік шақтарда Арап Сләмұлы «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінен» дәріс берді. Ұстазымыздың әрбір сөзін нақты деректермен дәлелдей түсуі біздерді еріксіз қызықтыра түсетін. Бір сұрақ қойылса, «солай ғой деймін» деген шала-жансар жауап еш уақытта айтылмайтын. Келесі сабақтарда архив материалдарын көтере келіп жауап беруі де студенттерге талай нәрсені үйретті, ғылым әлеміне жетеледі. Ал ұстазымыздың емтихан алуы да ешкімге ұқсамайтын. Қандай сұрақ келер екен деп қамкөңіл болып отырған біздерді «сендер бәрін білесіңдер ғой» деп абыройымызды асқақтатып жіберетін. Ұстаз ешкімге үш деген бағаны да қоймайтын. Кілең 4-5. Түсінер сана болса, ақыл безбеніне салып қабылдай алсаңдар болғаны деген мән жатар еді мұның астарында. Дарқан көңіл Ұстаз ең бастысы тарам-тарам өмір жолында адаспай сара жолдың сүрлеуіне түсуге ықпал еткені де сөзсіз. «Асылы, ұстаздық – кәсіп емес, жұлдызды жаратылыс болса керек» деп тебіреніпті Арап Сләмұлы ұстаздары жайында сөз қозғағанда. Шәкірттері ардақ тұтқан ол – шын мәнінде, нағыз бақытты ұстаз. Ұстаздық абыройымен талайларға үлгі бола білді, талайлардың шамшырақты жұлдызын жаға білді.

Арап-ұстаз – ешкімге ұқсамайтын бекзада болмыс, нағыз парасатты жан. Даңғазалықты, атаққұмарлықты жаны қаламайды. Жағымпаздықты, мәймөңкелеуді суқаны сүймейді. Тіптен көңілі толмағанда өңменіңнен өтер өткір көзі, намысыңды қайрай түсетін уытты сөзі де бір өзіне жарасымын тапқандай. Ұстазың туралы сыр шерту қиынның қиыны болар, сірә. Өйткені Ұстаздық – ол Ұлылық. Ал Ұлылық туралы сөз қозғау қашан да қиын…

Ақмарал Смағұлова,

Шәкәрім университеті, Абай институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты

Осы айдарда

Back to top button