Мәдениет

«Есімде…» деп басталды

«Есімде...» деп басталды


Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінде өткен ауқымды шара да Ұлы Отан соғысының 73 жылдығына арналды.

Иә, Ұлы Жеңісті тойлағанымызға да 73 жыл болыпты. Училище қабырғасында өткен осынау еске алу кеші соғыс ардагерлеріне, өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті жақындатқандарға арналды. Бүгінде олардың қатары күн сайын азайып барады. Бірақ олардың айтқан әңгімелері балауса жүректерде жатталып қалғаны шындық. «Есімде…». Шараға қатысқан оқушылар өзінің атасы мен әжесі жайлы әдемі естелігін осы сөзбен бастады. Аталар мен әжелердің Отан үшін көрсеткен ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес. Тіпті балдырғандар арасында жанарына жас алғандар да болды. Бірақ олардың ержүрек аталарымен мақтанатыны жанарларының жарқылынан көрініп тұрды.

Балдырғандар Жеңістің 73 жылдығына арнап, «Әлия», «Катюша», «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Болмасын соғыс», «День победы», «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген» атты әндерді шырқады. Жалпы, осынау концертке 3-16 жас аралығындағы 125 бала қатысты. Училищенің хор дирижерлік бөлімінің шараға үлкен жауапкершілікпен әзірленгені ерекше байқалып тұрды.

– Ұлы Жеңіске арналған мұндай ауқымды шараны өткізу көптен бері ойымда жүрген болатын. Тіпті Ресейдің Кемерово қаласындағы мемлекеттік университетте оқып жүргенімде де сценарийін құрып, іштей дайындалатын едім. Сол идеямды жүзеге асырудың сәті өзімнің туған қалама оралғанда ғана түсіп отыр, – дейді шараны ұйымдастырушы, аталған училищенің хор дирижерлік бөлімінің педагогы Динара Тұрғанбаева.

Оның айтуынша, ата-әжесі де тыл ардагерлері болған екен. Әжесі Анна Ювченко мен атасы Адылбек Қырықбаев жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқан. Ол кезде кішкентай болса да, олардың айтқан әңгімелері Динараның есінде.

– Атам соғыс басталғанда, небәрі 14 жаста болыпты. Соғысқа баруға қанша сұранғанымен, оған әскери комиссариат «әлі кішкентайсың» деп рұқсат бермепті. Ал әжем Майқапшағайда қалайы жуыпты, – дейді Динара.

Болашақта Динара балалардың айтқан естеліктерін жинап, кітап шығаруды да жоспарлап отырған көрінеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button