Есімің ел атына лайық па?

Атымыз қазақ, ал затымыз қандай? Тәуелсіздігімізді алған жиырма жылдан астам уақыттың ішінде аты-жөнімізді қаншалықты қазақыландыра алдық? Орысша -ов, -ев, -ин, -ина, -ович, -евич секілді қосымшалардан құтыла алып жатырмыз ба? Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы аймақ бойынша үстіміздегі жылдың 10 наурызы мен 10 сәуірі аралығында «Есіміңді ескер, қазағым» атты айлық жариялаған болатын. Осы айлық аясында мамандар Өскемендегі ана мен бала орталығына барып, сәбилі болған аналармен жүздесіп, баланың аты-жөнін қазақша рәсімдеу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Қазақ қоғамында бұл мәселені алғаш көтерген алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы екен. 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақтың тұңғыш съезінде қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу мәселесін көтеріп, «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деп, съезге жиналған қауымға үлкен ой тастайды. Сөйтіп, бұл ұсыныс қолдау тауып, съезд «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «-ұлы, -қызы» үлгісімен жазатын болсын!» деген қаулы да шығарады.
Бірақ содан бері бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Фамилияларына әлі де -ов, -ев, -ин, -ина деген орыс тіліндегі қосымшаларды жалғап алып жүрген ағайындар арамызда әлі де жетерлік. Қазіргі қолданыстағы құжаттарымыз өз елімізде жүріп, өзгенің құжатын ұстап жүргендей әсер қалдыратыны да сөзсіз. Ұлтымыздың бет-бейнесін сақтаймыз десек, ең алдымен аты-жөнімізді ұлттық қалыптасқан дәстүрге сәйкестендіріп жазуымыз керек.
Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының Өскемендегі Ана мен бала орталығына арнайы ат басын тіреп, сәбилі болған аналармен жүздесуі де тегін емес. Жыл сайын осынау орталыққа қарасты перзентханада мыңдаған қаракөз сәби дүниеге келеді. Ал ол сәбилеріміз ұлттық нұсқадағы құжаттарға ие болып жатыр ма? Бүгінгі мәселе де осында. Жас босанған аналардың бірі бұл жағына жіті мән беретін болса, ал кейбірі бұған ұсақ-түйек ретінде қарайды.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мпмпндарының мағыналы әңгімесінен кейін өскемендік Айгүл Балтыкенова өзінің үшінші перзентінің құжатын Жігер Ерланұлы деп алатынын айтты. Сондай-ақ, зайсандық Арай Бижітова да төртінші перзентінің аты-жөнін қазақша рәсімдеуге уәде берді.
Ал нәрестелер дерттану бөлімінің бірінші палатасында жатқан аягөздік Әйгерім Батханова егіз қызының аты-жөнін ұлттық дәстүрге сай қойып, бір жапырақ қағазға Ескендір Ақнұр Нұржанқызы, Ескендір Балнұр Нұржанқызы деп жазып, әрқайсысының кереуетіне іліп те қойыпты.
– Біз бұл мәселеге өте мән береміз. Қазақ болып тудың екен, аты-жөнің қазақша болуы қажет, – дейді Әйгерімнің анасы Зәмзия Өсерова.
Сондай-ақ, жас аналар күршімдік Назгүл Уанова, Серебрянск қаласынан келген Гүлмира Адал да нәрестелерінің аты-жөнін қазақша рәсімдеудің маңыздылығын жете түсініп, мамандардың пікірімен келісетіндерін айтты.
– Құжатымда менің өзімнің аты-жөнім де қазақша жазылған. Ендеше, сәбиімнің де аты-жөні қазақша болады, – дейді Гүлмира.
Аналардың барлығына да облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан шағын сыйлықтар табыс етілді.
Жалпы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандарының айтуынша, «Есіміңді ескер, қазағым» атты айлық өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Нақты айтсақ, 2005 жылдан бастау алған айлық барысында мамандар мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесіп, аты-жөнді қазақша рәсімдеудің маңызын түсіндіреді.
Осы мәселені шешуге байланысты 1996 жылғы 2 сәуірде Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлық шығарған. Бұл Жарлықта «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффикстерді алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады» делінген. Десе де, арнайы Жарлық шығарып, аты жөнді қазақша рәсімдеуге жағдай жасалып отырғанымен, құжаттарын қазақшалауға құлық танытушылардың қатары әлі де аз.
– Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Кейбіреулер жеке басты куәландыратын құжаттағы аты-жөнімізді қазақшалағаннан кейін, өзге құжаттарды да солай түзету керек, бұл көп уақыт пен ақшаны талап етеді деп ойлайды. Шындығында, мүлдем олай емес. Жоғарыдағы Президент Жарлығының бізге беріп отырған артықшылығы да сонда. Егер сіздің аты-жөніңіз куәлікте Садыкова Анар Максутовна деп орысша жазылған болып, сіз оны Садық Анар Мақсұтқызы деп ауыстырған болсаңыз, мұндай жағдайда диплом, жүргізу куәлігі секілді өзге құжаттарды ауыстырудың еш қажеті жоқ, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Роза Әшімханқызы. – Ал егер Жақсыбеков деген фамилияңыз Джаксыбеков, Жайлау деген атыңыз Джайляу болып бұрмаланып кеткен болса, қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда сіз аты жөніңізді қазақша рәсімдеуді ең алдымен туу туралы куәліктен бастауға тура келеді.
Құжатқа аты-жөнді қазақша жазу түптеп келгенде ұлт тағдырына қатысты мәселе. Әр халықтың ұлт болып қалыптасуы мен сақталуында ұлттық сана мен салт-дәстүрдің орны ерекше. Бұл жағдайда ұлттың тілі мен әдебиетінің, жазуының, әдет-ғұрпының, ұлттық антропонимиясының сақталуы, яғни аты-жөнінің, тегінің дәстүрге сай жазылуы да маңызды рөл атқарады.
Бір қуанарлығы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандары осындай айлықтан соң, аты-жөнін қазақша ауыстыруға ниет білдірушілердің қатарының кәдімгідей артатынын айтады. Тіпті, жұмыс нәтижелі болуы үшін мұндай айлық кезінде олар АХАТ бөлімінің мамандарымен де бірлесіп жұмыс істейтін көрінеді.
«Есіміңді ескер, қазағым» атты айлық келесі жылы да өз жалғасын табады.
Мейрамтай Иманғали