Қоғам

Есіл ағады, арманын алға жетелеп

Есіл ағады, арманын алға жетелеп


Алтайдан Арқа төсіндегі ару қала – Астанаға осыдан екі-үш жыл бұрын көшіп барып, дәрігер болып еңбек етіп жатқан жас маман Гүлзат Қаматаева үшін елорда – арманын алға жетелеп, қиялын көкке самғатқан әлемдегі ең сұлу шаһар.

Бүгінде Астанадағы «University Medical Center» корпоративтік қорының «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы» филиалында жұмыс істеп жатқан Гүлзат – Семей мемлекеттік медицина университетін қызыл дипломмен аяқтаған алғыр да білімді жастардың, білікті мамандардың бірі. 2012 жылы осы университетті жалпы хирургия мамандығы бойынша бітірген соң, Астана қаласында интернатураны аяқтап, Семейдегі медицина орталығында хирург болып жұмыс істей жүріп, анестезиолог-реаниматолог дәрігері болып маманданып шыққан жас дәрігер елордадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми медицина орталығы басшыларының шешімімен орталыққа жұмысқа шақырылады.

-Еліміздегі денсаулық сақтау саласының шетелдегідей дамып, жетіліп, жақсаруына титтей де болса өз үлесімді қоссам деген ой мені мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ мазалайтын. Еліміздің жүрегі ақордаға алғаш аяғым тигенде, еңселі Астананы көрген кезде, егемен еліміздің бетке ұстар ең мықты, маңызды орталықтарының бірінің есігінен енген шақта, өзімнің сол мақсатыма жетуге деген талпынысымның нәтижесі көріне бастағанын ұғып, сезінгендей болдым,-дейді жас маман Гүлзат.

Қазір ол еліне қызмет етіп жатқан Ұлттық ғылыми орталықтың балалар анестезиясы, реанимация және қарқынды емдеу бөлімі – мұндағы әрбір маманнан үлкен жауапкершілікті, біліктілікті, қырағылықты, қажырлылықты, ізденімпаздықты талап ететін ерекше күрделі бөлім. Әр күн бөлімге келіп түскен, емделіп жатқан әр сәбидің, баланың сауығып кетуі, шаңырағына аман-есен оралуы, өмірі, денсаулығы үшін күресетін сын сағаттардан тұрады. Бөлім жетекшісі, жоғары санатты дәрігер Асхат Сапаров, бөлім кеңесшісі Бағила Нұрмағамбетова, К.Ыдырышева, өзге де жоғары санатты білікті дәрігерлерден тәлім алып, кәсіби шеберлігін арттырып жатқан Гүлзат үнемі тәжірибе жинап, ізденіс үстінде келеді. Гүлзатқа Семейде тұратын көпті көрген қария әжесі Сақан апа, анасы Нәзигүл, әкесі Талғат та ақыл-өсиетін айтудан жалықпай, дәрігерлік қызметінде, өмір жолында үнемі қолдау көрсетіп отыр. Жас мамандарға жетекші болып жүрген дәрігерлер оларға ақыл-кеңес беруді, тәжірибелерін үйретуді бір сәт тоқтатқан емес. Соған орай олардың тарапынан қойылатын талап та жоғары. Бөлімдегі медициналық қызметкерлер өздерінің де шеберліктерін шыңдап, шетелдіктердің озық тәжірибесін үйреніп, енгізіп жатыр. Орталық ашылғаннан бері озық емдеу тәсілдерімен, технологияларымен дүниежүзін мойындатқан АҚШ, Австрия, Голландия, Италия сияқты медицинасы әлдеқайда дамыған елдердің профессор дәрігерлері осында келіп, 130-дан астам шеберлік сағаттарын көрсетіп, дәрігерлердің білімдерін жетілдірген. Шетелдік профессорлардың ауыр халде жатқан балаларды емдеуге келетін, кеңес беріп жататын кездері де аз емес. Медицинасы қарыштап алдыға кеткен мемлекеттердің заманауи, озық емдеу, талдау, зерттеу құрал-жабдықтарымен жабдықталған «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы бүгінде Қазақстанның әр өңіріндегі науқас балаларды тегін емдеп, сапалы медициналық қызмет көрсетіп жатқан отандық медицинамыздың басты жетістіктерінің біріне айналып отыр.

«Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында жас мамандардың жағдайын жасауға, оларды баспанамен қамтуға да үлкен мән беріліп келеді. Құжаттарын даярлап өткізіп, тұрғын үй кезегінде тұрған Гүлзат та өзінен бұрын келіп еңбек етіп жатқан басқа мамандар сияқты Астанада бой көтеріп жатқан сәулетті тұрғын үйлердің бірінде қоныс тойын тойлайтын уақыттың да таяп қалғанын жақсы біледі, асыға күтеді.

Жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталып, ымырт үйірілген шақ. Есілден ескен ерке жел жаздың кешін қоңыр салқын етіп, ту биіктен төгіліп жатқандай болып тұрған көктегі шамшырақтардың жарығы жан-жаққа жетіп, сәулесі суда дірілдейді. Бір жағында Хазрет Сұлтан мешіті, бір жағында Бейбітшілік келісім сарайы орналасқан көшенің бойындағы көпқабатты үйде жалдап тұрып жатқан пәтерлеріне қарай асықпай, Есілдің жағасымен өрлеп, аяңдай басып жүріп келеді. Ертең тағы да қауырт жұмыс күні күтіп тұр. Алдына мақсат қойып, үлкен үмітін үкілеп, сәбилердің саулығы үшін қызмет етіп, күресіп жүрген ақ халатты аруға әсем қала – Астана ақжолтай болып, ерке Есіл арманын алға жетелей ақты.

«Есіл ағады, Есіл ағады,
Есіл ағады ерке өзен.
Көңілге мәңгі көшіп алады,
Аққудай арлы сол кезең.

Сырбазың сыңғыр, сыңғыр етеді,
Сұлулар таққан сырғадай.
Түрілген сонау түннің етегі,
Ұйқыңды қайтсін ұрламай

Есіл ағады, Есіл ағады,
Мағжанның жүйрік жырындай…»

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button