ҚоғамТОП

Ескірген жеделсатылар елдің есін шығарды

Ескірген лифтілер проблемасы ең өзекті мәселелердің біріне айналғалы қашан. Қазақстанның лифтшілер ұлттық қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, республикадағы әрбір бесінші жеделсаты ауыстыруды немесе жөндеуді талап етеді. Оның ішінде Шығыс Қазақстандағы жағдай еліміздегі ең нашар жағдайлардың бірі болып саналады. Қауымдастықтың деректері бойынша облыста екі жүзге тарта жеделсаты қолдануға  жарамсыз.

Алайда Өскемен қалалық әкімдігінің республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына берген деректері бойынша  шаһардағы ауыстыруды немесе жөндеуді қажет ететін лифтілердің саны бұдан екі есе аз, барлығы 107 лифт. Қалада барлығы 748 жеделсаты болса, оның 338-інің пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен. Бірақ қалалық әкімдікте бұл оларды одан әрі пайдалану адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді дегенді білдірмейтінін айтты.

 

Жеделсатыны ауыстырудың машақаты көп

 

Соған қарамастан өскемендіктер осыдан қырық-елу жыл бұрын орнатылған, ауыстыруды немесе дереу жөндеу жұмыстарын қажет ететін көтергіш механизмдердің жағдайына алаңдаулы.

– Жұмыстан қайтқан уақытта кісі де көп болып кетеді. Мен тоғызыншы қабатта тұрам, соған жеткенше салдыр-гүлдір етіп, кейде тоқтап қалып, әбден зәремізді ұшырады, – дейді «Стрелка» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғыны Айша Кәкімова. – Ауыстырайық десек, бағасы он миллион теңгеден артық екен. Оның үстіне төменгі қабаттағы тұрғындар «біз лифтпен жүрмейміз» деп ақша қосқылары келмейді.

Тұрғын үйлер жекешелендірілгеннен бері жеделсатылар тұрғындардың иелігіне берілгені белгілі. Сол себепті оларды ұстау, тексеру және ауыстыру жұмыстарының барлығы пәтер иелерінің иығына артылған. Өскемен қаласындағы ғимараттарды жеделсатымен қамтып, оның жұмысына жауап беретін компаниялардың бірі «Лифтэк» ЖШС-нің өкілі Лариса Борзенкова жеделсатыны ауыстырудың машақаты көп екенін, тек ақша жинаумен шектелмейтінін айтып берді. Серіктестік өкілінің сөзіне қарағанда монтаждау, яғни ескі лифтілерді жаңасына ауыстырудың жыры кемінде үш-төрт жылға созылады.

– Ғимараттар мен тұрғын үйлердің жобалары әртүрлі.   Жеделсаты зауыттан әр ғимараттың техникалық мүмкіндіктерін ескеріп, нақты мекенжайдағы ғимаратқа арналып шығарылады.   Ауыстыру  жұмыстары тек жеке тапсырыс бойынша жүргізіледі. Бұл орнатудан да күрделі. Тапсырыс беруші үйдің жобалаушыларымен бірлесіп, лифтінің техникалық жағын нақты ғимаратқа лайықтап көрсетеді. Құжаттардың барлығы авторлық және техникалық бақылаудан өтіп барып, мемлекеттік деңгейде бекітілуге тиіс, бұл жерде адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орынға қойылады. Осы құжаттардың барлығы дайын болғасын ғана бізге тапсырыс түседі. Сонда тұрғындардың механизмді ауыстыру туралы ниеті мен нақты ауыстырғанына дейін кемінде екі-үш жыл, кейде одан да көп уақыт кетеді, – деп түсіндірді Лариса Борзенкова.

Компания өкілінің айтуынша, қаладағы 548 лифт «Лифтэк» ЖШС-нің қарауында.

– Жеделсатыларға екі-үш жылда бір тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұл – сарапшылардың жұмысы. Арнайы білімі бар мамандар аспаптармен лифтілердің қозғалушы механизмін, канаттарының мықтылығын зерттейді. Ал қызмет көрсету дегеніміз – осы жеделсатыларды айына екі-үш рет тексеріп, қарап, күтіміне жауап беру. Қажет болса, кейбір бөлшектері алмастырылып, шағын жөндеулер жүргізіледі. Егер жеделсаты мүлде пайдалануға жарамсыз болса, ондай көтергіш механизмдерін тоқтатып, есіктерін жауып тастаймыз, – деп тарқатып айтты Лариса Николаевна. Сөзіне қарағанда, қалада ондай үйлер бар.

Жыл сайын компания қарауындағы лифтілердің жағдайы туралы қорытындыны қалалық әкімдікке жолдайды. Мысалы, 2020 жылы қаладағы 20 жеделсаты жөндеуді қажет ететіні туралы есеп берілген. Алайда пандемия басталып, бұл жұмыстар жергілікті атқарушы билік тарапынан аяқсыз қалған сияқты.

Жеделсатыларды жөндеуде немесе ауыстыруда мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, тұрғындар үшін бұл өте қымбатқа түседі.

– Әрине, егер мемлекетпен 50/50 бағдарламасы немесе модернизация аясында бөліп төлеу болса, тұрғындар да келісер еді. Біз өзімізге жау емеспіз ғой. Балалармен жүргенде қатты қорқамыз. Басқа қалаларда жеделсатыда болған апатты оқиғаларды естігенде қанша қаражат болса да, төлеуге дайынмын. Бірақ көршілердің барлығы келісе бермейді, – деп шағынды қала тұрғыны Айша Кәкімова.

2015-2016 жылдары Славский атындағы жағалау бойындағы 18-ші және 20-шы көпқабатты үйлердің лифтілері мемлекеттік бағдарламаның аясында ауыстырылыпты. Славский атындағы  жағалаудағы 22-ші үйдің салынғанына екі жылдан кейін елу жыл болады. Лифті ауыстыруды қажет етіп тұр. 2016 жылы келген жеделсатылар тоғыз қабатты үйлерге арналған, ал 22-ші үй он қабатты болғандықтан, оған жарамай қалыпты.

Сонымен қатар Өскеменде жеделсатының техникалық жарамдығына өздері ғана жауапты екенін түсінетін тұрғындар да бар. Әуезов даңғылы, 3-ші үйдің тұрғындары осыдан он шақты жыл бұрын көтергіш механизмін өз қаражаттарына ауыстырып алыпты.

– Біздің үй тоғыз қабатты, өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы жаңа жобалармен салынған баспаналардың бірі. Алайда жарты ғасырға жуықтағандықтан, лифт ескірді. Осыдан он жыл бұрын біз ПИК құрамынан шығып, кондоминимум құрдық.  Сол кезде жеделсатыны өз меншігімізге алып, оны жаңғыртумен айналыстық. Қанша қаражат жинағанымыз есімде жоқ, бірақ қазір лифт зырылдап тұр. Оған артық салмақ түспеуін, құрылыс материалдары мен ауыр жиһаздарды тасымалдамауды өзіміз қадағалаймыз, – дейді қоғам белсендісі Светлана Леонидовна.

Жеделсатыға қатысты тағы бір даулы мәселе – төлемақысы. Жаз бойы саяжайда тұрып келгендер «біз үш ай бойы пайдаланған жоқпыз, төлемейміз» деп шулайтын. Төлемақыны карточкамен төлеу енгізілген үйлерде бұл мәселе өздігінен шешілді. Төлем карточкасын толтырып қойса болғаны, бір рет жүру 11-12 теңге айналасында. Ай сайын пәтер иелері кооперативіне лифт үшін төлем жасап керегі жоқ.

 

Тәулігіне қырық шақты қоңырау түседі

 

«Лифтэк» компаниясының диспетчерлік пункті тұрғындардан қоңырауларды тәулік бойы қабылдайды. Диспетчер Ольга Гарматюк қырық жылдан астам осы салада істейді. Осы уақыт аралығында ол кісі тек көмекті ұйымдастырушы ғана емес, өзі психолог, өзі дәрігер болып алды.

– Әртүрлі тұрғындар болады. Менде клаустрофобия (жабық кеңістіктен қорқу) деп айғайлайтын, бастарын лифт қабырғасына соғатындар да кездеседі. Егер жолда кептеліс болмаса, біздің мамандар оқиға орнына жарты  сағатта жетеді. Тым қорыққан адамдар болса, көмек келіп жеткенше олармен байланыста боламын, моральдық тұрғыда қолдап, көңілін аулаймын, психологиялық көмек көрсетемін деуге болады, – дейді Ольга Николаевна.

Компанияның екі апаттық пункті бар. Біреуі – қалада, екіншісі КШТ шағын ауданында жаңа жыл қарсаңында ашылыпты. Серіктестік мамандары тоқымашылар қалашығында 198 жеделсатыға, қалада 350 лифтің жағдайына жауап береді. Кейбір көпқабатты үйлерде жеті-сегіз лифт орнатылған. Әсіресе кешкі жұмыс аяқталған уақыттан бастап сағат түнгі он бір-он екілерге дейін қоңырау толастамайды. Шағымдар әсіресе жолда кептеліс орнаған 17 сағат шамасында басталып, түннің бір уағына дейін   түсе береді.

– Кейде есіктері ашылмайды, не болмаса екі қабаттың ортасында тоқтап қалады. Ондай кезде мамандардың келуін тоспай, есікті зорлықпен ашып, сындырып кететін жағдайлар да кездеседі. Оларды қайта қалпына өзіміз келтіреміз. Кеше тоқымашылар қалашығынан жиырма шағым түсті, қаладан да соншама адам хабарласты. Қазір аяз, лифтілер қатып қалатыны бар, – деп түсіндірді диспетчер.

Славский атындағы жағалау көшесінде орналасқан 40-шы үйдің жеделсатыларының майы қыс түссе болды қатып қалады. Үй қадаларда (на сваях) тұрғандықтан, нөлдік қабаттан соққан суық жел жоғарыға көтеріледі. Мамандардың сөзіне қарағанда, оны жылыту мүмкін емес, бұл – құрылыс кезінде кеткен ақаулықтың салдары.  Кейде бір лифт істен шықса, екіншісі ілдебайлап жұмыс істеп тұрады екен.

Кеше тағы бір оқиға есте қалды. Хабарласқан тұрғын лифт тоғызқабатты үйдің сегізінші қабатына ғана барып, тоқтап қала береді деп шағымданған. Электрмеханиктер көтергіш механизмнің платасында ақау барын анықтапты. Ол енді күрделі жөндеуді қажет етеді.

Ольга Николаевна ең көп шағым жаңа үй пайдалануға берілген кезде тіркелетінін айтады. Лифтке он жасқа дейінгі балалар ересектерсіз кіруге болмайды деген талапқа қарамастан, жаңа үйге кірген балалар алғашқы күндері жеделсатымен армансыз қыдырады екен. Жай қыдырғаннан ол бұзыла қоймайды. Бірақ балақайлар бірін-бірі тосып, есігін бір жауып, бір ашып, кейде  есікті керіп, ұстап тұрады. Қазіргі лифтілердің барлығы электронды,  оларға кез келген жаңсақ қимыл теріс әсер етеді.

Ольга Николаевна тоқымашылар қалашығындағы үйлердің үшеуі ғана компьютерге қосылғанын, 198 лифтінің төртеуінде ғана  диспетчерлік пунктпен байланыс лифтідегі түйме арқылы орнатылғанын айтты. Қалған жеделсатыда қамалып қалғандар сол жерде көрсетілген телефонға қоңырау шала алады.

– Базовая көшесінде, Сол жағалауда интернет мүлде ұстамайды. Қалғандарымен телефон арқылы байланысуға мәжбүрміз, – деген Ольга Николаевна қызметін бастаған жылдарды  еріксіз есіне алды.

Айтысына қарағанда, бөлмеде ұзындығы үш метр, ені бір метр пульт басқару құрылғысы болыпты. Барлық үйлермен байланыс телефон кабелі арқылы орнатылған. Ол кезде де тұрғындарға екі пульт басқару орталығы қызмет көрсетіпті. Біреуі 60 жеделсатыны қадағалап отырған қазіргі орнында, екінші пункт Славский атындағы жағалаудағы 20-ші үйде орналасқан, оның қарауында да 60 лифт болған көрінеді.

 

Осы айдарда

Back to top button