Қоғам

Ескерткішке Елбасының сөзі мен Шәкерімнің өлеңін жазғызыпты

Ескерткішке Елбасының сөзі мен Шәкерімнің өлеңін жазғызыпты

Биыл Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілді. Осыған орай Абай ауданында Мамай батыр ескерткіші бой көтерді. Ескерткіштің ашылуына атсалысқан жанның бірі – республикалық дәрежедегі зейнеткер, облыс әкімінің Абай ауданындағы қоғамдық көмекшісі, Абай ауданының Құрметті азаматы Байбота Орынбаев.
– Ескерткіштің бір жағына Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай айтылған сөзі мен екінші жағына Шәкерімнің «Еңлік-Кебек» поэмасындағы
«Келгені Тобықтының осы маңға,
Мың жеті жүз сексенге тақалғанда,
Елді бастап әкелген Мамай батыр
Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға» деген өлең жолдарын қойыңдар деп кеңес бердім, – дейді Байбота ақсақал. Елбасы Қазақстанды әлемге танытты, жаңа елорда – Астана қаласын салып берді. Президентіміздің жоспары бойынша көптеген жаңа тұрғын үйлер, жаңа балабақшалар және зияткерлік мектептер салынып жатыр. Біздің Президентіміз елімізге көп еңбек сіңірді. Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауы бізге күш-қуат береді.
Байбота ағаны Абай ауданының халқы құрметтеп «Боташ аға» деп атайды. Байбота ағаның әкесі Төлеуғали 1941 жылы соғысқа аттанғанда, ол Құндызды ауылында жаңа ғана дүние есігін ашқан сәби еді. Абай ауданындағы мектептің 7 сыныбын, одан Семейдегі №16 мектепті күміс медальге аяқтаған ол 1958 жылы Семей малдәрігерлік институтына студент болып қабылданды. Институт бітірген соң 1963 жылы жолдамамен Абай ауданының Бірлік кеңшарына зоотехник болып орналасты. Осыдан кейін оның қиындық пен қызыққа толы еңбек жолы басталды.
– Дос – күрделі ұғым, – дейді Боташ ағаның жан досы, облыстық дәрежедегі зейнеткер, Абай ауданының Құрметті азаматы Манатай Балтақайұлы. – Күнделікті тірлікте жақсы араласып, дәм-тұздары жарасқан адамдарды бір-біріне тілектес болғандықтан ғана достыққа санау жеткіліксіз. Шынайы достық екі адамның бар болмысының тұтастығы мен рухани үндестігінде, яғни бір-бірінің жан дүниесін терең түсіне білуінде деп ойлаймын. Менің досым – Абай еліндегі қайталанбас тұлғалардың бірі. Абай ауданы 1970-1990 жылдар арасында тоғыз рет мал шаруашылығы саласындағы бүкілодақтық жарыстың, сегіз рет республикалық жарыстың, бірнеше рет облыстық жарыстың жеңімпазы атанды. Он жыл бойы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы болған. Осы бір аудан еңбекшілерінің табысы мен атақ-абыройына үлес қосқан Боташ жеке мүддесін екінші орында ұстады. Біздің достық қарым-қатынасымыз оның бас зоотехник, менің бас маләрігері болып бір бөлмеде 20 жыл бойы бірге қызмет жасауымыздан басталды. Екеуміздің мамандығымызға орай қаншама келіспушілік туындап жатса да, достығымызға сызат түскен емес. Тіпті кейде түнгі 12-ден кейін телефон соғып «пәлен жерде мал шығыны орын алған, ана жерде бір жағдай болып қалыпты, тез жету керек» деп тыным таппай жүретін. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жұмыс ісейтіндігіне таңғалатынмын.
Кезінде Абай ауданында басшы болған Нұрбек Уәлиев «Қызмет еттік заманға» деген кітабында Байбота Орынбаевтың еңбектегі ерлік жолдары жайында былай деп жазыпты: «Шопандардың аты-жөні, түр-түсіне дейін, орналасқан қыстағын, кім қандай көрсеткішке ие болғанын жатқа білетін Боташ біздің жаюлы картамыз бен дайын анықтамалығымыз болатын».
Абай ауданының мал шаруашылығы саласында 22 жыл бойы бас зоотехник болып қызмет атқарған, мерзімінде мал тұқымын асылдандыру, мал шаруашылығын механикаландыру саласында Боташ ағаның еңбегі зор екені белгілі. Ол еңбек еткен жылдардан бастап Абай ауданы асыл тұқымды еділбай қойын өсірді. Соның нәтижесінде Абай ауданы Павлодар, Қарағанды, Талдықорған өңірлеріне ұрғашы мал сатып, асылдандыруды еліміз бойынша жолға қойған.
Боташ аға еңбек еткен жылдары «Қайнар» кеңшарының жылқы фермасы жабы тұқымды жылқы, Тельман атындағы кеңшардың сиыр фермасы ақбас тұқымды сиыр өсіретін шаруашылық болып бекіді. Боташ аға еңбек еткен жылдары әр ауылда амбулаториялар, мәдениет үйлері, кітапханалар бой көтерген екен. Бұл жұмыстардың жүзеге асуына аудандық атқару комитетінің төрағасы ретіндегі еңбегі зор. Бір байқағанымыз, Боташ ағаның тікелей басшысы болған Хафиз Матаевқа деген құрметі шексіз. Үнемі үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсететін жан ешқашан өз артықшылықтарын алға шығарып, Абайша айтқанда, «мақтан сүйген» емес. Бірақ ол мақтауға лайық жан.
Бүгінде Боташ аға Ғайни жұбайымен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, ұлағатты шаңырақ иесі атанған. Қазіргі кезде де қартайдым деп тыным алып отырғанын байқамайсыз. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ Абай ауданындағы қоғамдық көмекшісі қызметін атқаруда.

Раушан Нұғманбекова

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button