Тарих

Ескерткіш тас белгі қойды

Ескерткіш тас белгі қойды


Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Қарауылға арнайы келіп, Тоқтамыс ауылының маңында орналасқан Шаған өзені бойында Шаған шайқасына қатысқан, елі үшін, жері үшін мерт болған қазақ батырларының құрметіне тас белгі қойды.

-Өткен тарихтан белгілі, Қоңыр әулие үңгірі алдында қазақтар мен қалмақтар арасында 1757 жылдары кескілескен шайқас болған,- деді белгілі қаламгер, «Абай елі» аудандық газетінің бас редакторы Әсет Мырзақасым, – тарихта «Шаған шайқасы» деп аталған бұл оқиға – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты көркем туындылары мен тарихшы Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» еңбегінде жақсы баяндалған.

Ақын Несіпбек Айтұлы мен «Әлем барысы», «Қазақстан барысы» турнирлерінің бірнеше мәрте жеңімпазы Айбек Нұғымаровты аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров жылы қабылдады. Аудан әкімі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қосып жатқан үлесі үшін Несіпбек Айтұлына ризашылығын білдірді. Несіпбек Айтұлы да келу мақсатын айтып, сонау қалмақ-қазақ соғысында ата-бабаларымыздың ерлік ізі қалған, Шаған шайқасында қаза болған қазақ батырларын еске сақтау мақсатында өз атынан белгі тас қоятындығын жеткізді.

Бұдан соң Жарқынбек Байсабыров пен құрметті қонақтар арасында Абайдың 175 жылдығын мерекелеуге байланысты ашық-жарқын әңгіме өрбіді.

Сөйтіп,бір қауым жұрт Қоңыр Әулиеге жетіп, Айбек Нұғымаров бастаған жігіттер тас белгіні түсіріп, Несіпбек ағасы көрсеткен биіктеу төбеге ескерткіш белгіні орнату қамына кірісті.

Ақын Несіпбек Айтұлы мынадай жазуы бар тас белгі қойғызды: «Бұл жерде XVIII ғасырда қазақ-қалмақ соғысында хан Абылай, Қабанбай, Бөгенбей, Олжабай, Бердіқожа, Мамай, Тоқтамыс, Баймұрат, тағы басқа батырлар қатысқан Шаған шайқасында Қоңыр Әулие қорғанында мерт болған қазақ сарбаздары жерленген. Найман-Төртуыл бұтағынан тарайтын Жауғаш батыр ұлдары Сарыбай мен Түгел екеуі бір қабірде жатыр. Отан үшін шейіт болған ерлердің рухы мәңгі өшпей, ұрпақтары жасай берсін. Белгі қойған ақын Несіпбек Айтов. 2019 жыл, шілде».

Белгі тас басында тебірене сөйлеген Несіпбек Айтұлы осынау игі іс-шараға қатысқан Абай, Аягөз елінің басшыларына, азаматтарына, даңқты балуан Айбек Нұғымаров бастаған жастарға, ас беруге атсалысқан Семей, Абайдан келген туыстарына айрықша алғысын білдірді. Қорымда жерленген қазақ батырларының рухына бағышталып құрбан шалынып, ас беріліп, Құран қатым түсірілді.

Раушан Нұғманбекова

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button