Қоғам

Әскери қызметті насихаттады

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Дархан Әжібаев ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында Аягөз гарнизонында болып, жеке құрамға Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндірді.

Келелі басқосуда қоғамда әскери қызметті насихаттау, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері кеңінен қамтылды.

Аталған іс-шараға гарнизондағы әскери бөлімдер мен мекемелердің бастықтары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары мен қала тұрғындары қатысты.

Жиналғандарға мерзімді әскери қызмет өткеру ерекшеліктері, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері үшін әлеуметтік кепілдіктер туралы айтып, әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналарының сұрақтарына жауап берді.

Сонымен бірге, жиында танкистер бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Ақжол Әділғазы үздік қызметі үшін марапатқа ие болды. Бөлім басшылығы құрметке лайық сарбазға Алматы қаласында тұратын ата-анасын салтанатты іс-шараға тосынсый жасап шақыртқан екен. Командирлердің шешімімен үздік сарбазға он тәулікке қысқа мерзімді демалыс берілді.

Көпшілік алдында көңілі толқыған жас сарбаздың әкесі Рысбек Әділғазыұлы әскери бөлім басшыларына Отанның лайықты ұлдарын тәрбиелегені үшін әкелік алғысын айтты.

Салтанатты іс-шара Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздарының концертіне ұласты.

Аягөз гарнизонының баспасөз  қызметі

Осы айдарда

Back to top button