Қоғам

Ескі жылдың елеулі жетістіктері

 Ескі жылды есіркеп, жаңа жылдан жақсылық күтетін халқымыз қашанда болашақты болжамас бұрын, өткенін саралайтыны белгілі. Тарих парағында қатталып бара жатқан өткен жыл несімен ерекшеленді, несімен есте қаларлықтай болды? Өңіріміз әлеуметтік-экономикалық салада қандай жетістіктерге жетті? Қай салаларға басымдық бердік? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеген біз жыл бойы атқарылған істерге біраз шолу жасауды ұйғардық.

Жалпы, өтіп бара жатқан жыл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Жыл әдеттегідей көпбалалы отбасыларды қолдаудың кешенді шараларымен ерекшеленді. Бұл, әсіресе, жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жұмыстарда көрініс тапты. «Бақытты отбасы», «Бастау-Бизнес», «Жас кәсіпкер» және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде облыста төрт мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері түрлі әлеуметтік қолдауларға қол жеткізіп, тұрақты жұмыспен қамтылды, өз істерін бастап, жеңілдетілген  несиелер алды, гранттарға ие болды.

Өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар ашылып, халық игілігіне берілді. Бұл әсіресе, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдени-спорттық, білім және туризм салаларында ерекше көрініс берді. Атап айтсақ, 2019 жылы облыс медицинасының түрленіп-түлейтін жылы болды. Бұл жылы аймақтың бірқатар аудан, қалаларында жаңадан медициналық нысандар ашылып, ескірген ғимараттар қалпына келтірілді. Осындай нысандардың бірі ретінде Алтай және Аягөз қалаларында ашылған инсульттік орталықтар мен заманауи перзентханаларды атауға болады. Бір ретте бірнеше ауданды сапалы медициналық көмекпен қамтитын медициналық нысандар соңғы жылдары шыққан құрылғылармен қамтылды. Бұдан бөлек, халықаралық «триаж» жүйесіне көшкен аудан, қалалардағы орталық ауруханалар жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа сатысына көтерілді.

Білім саласының біліктілігін көтеруге бағытталған жыл аясында облыс орталығында ұстаздар үйі ашылып, болашақ ұрпаққа сапалы білім беруге бағытталған қадамдар жасалды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына кешенді қолдау шаралары жасалып, олар балабақшалардағы тамаққа төлейтін ақыдан босатылып, облыстық бюджеттен бөлінген жарты миллион теңгеден астам қаражатқа мектеп формалары сатып алынды. Сондай-ақ өңірдегі кәсіптік-техникалық білім саласында да осындай жағымды жаңалықтар орын алып, облыс тұрғындарына кәсіптік білім алу тегін болды. Осының арқасында 1,7 мыңнан астам жас тегін кәсіптік білім алуды бастап кетті.

Инновациялықт кәсіпорындар саны бойынша республикада алғашқы үштікке ілінген облыс биылдан бастап шетелдік және отандық инвесторларды тартуды жолға қойды. Атап айтсақ, биыл Өскеменде өңір экономикасына қаржы құюды көздейтін инвесторлардың жұмысын жеңілдетіп, көмек беретін арнайы орталық құрылды. Осылайша, өңірдің салалар бойынша инвестиция тарту әлеуеті арта түсті.

Инвестиция құюдың нәтижесі облысымыздағы бірқатар әлеуметтік маңызды салалардың бойына қан жүгіртіп, бірнеше ондаған жылдар бойы қолға алынбай жатқан жобалардың игерілуіне түрткі болды. Атап айтсақ, аймақтың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Алакөл, Сібе, Шыбындыкөл, Дұбығалы және тағы басқа демалыс аймақтарының инфрақұрылымы қолға алынып, республикалық, облыстық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай», «Алматы-Өскемен», «Өскемен-Рахман қайнарлары» бағытындағы және аудандық маңыздағы бірқатар жолдар қалпына келтіріле бастады.

Агроөнеркәсіп кешенінде  инновациялық тәжірибені енгізу саланың тың серпін алуына мүмкіндік берді. Атап айтсақ, жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны өсіп, мал бордақылау ісі қарқын алды, сондай-ақ  тауарлы-сүт фермаларының саны көбейіп, облыс сүт өндіру бойынша еліміз бойынша бірінші орынға шықты. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен өңірде ауыл шаруашылығы саласына қатысты сегіз инновациялық жоба іске қосылды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button