Қоғам

Ескі көлігін сатуға елдің ықыласы қалай?

Ескі көлігін сатуға елдің ықыласы қалай?


Ескі көлікті өткізіп, ақысына 150 мың теңге алуға болады. Басында бұл хабарға күмәнмен қараған жұрт қазір қаңтарулы көліктерін «ӨКП» ЖШС-нің жер-жердегі бөлімшелеріне сүйрей бастады.

Көш басында – «ВАЗ»

Жерімізге темір тұлпардың табаны тигелі ескі автомобильдерді қайта кәдеге жарату ісі қолға алынып көрмепті. Өйткені, қаусаған көлікті қайта өңдейтін өндіріс ошағы болмаған. Биыл жыл соңына дейін осындай кәсіпорын құру жоспарлануда. Ал оған «шикізат» қабылдау 2016 жылдың қарашасынан басталып кеткен. Әзірге тек сегіз орынға дейінгі жеңіл автокөліктер ғана қабылдануда. Жүк көліктері мен автобустарға биыл жазға қарай квота бөлінуі мүмкін. Әуел баста бұл бастаманың жүзеге асатынына күмән келтірушілер көп болды. Алайда, былтырғы бір айдың өзі ғана елімізде тозығы жеткен көлігін металл ретінде өткізуге қимай отырғандардың көп екенін көрсетіп берді.

Бағдарлама операторының ресми сайтындағы ақпаратқа сенсек, 21-қараша мен 30-желтоқсан аралығында қабылдау бекеттеріне 5665 автокөлік тапсырылған. Өңірлер арасында белсенділік жөнінен Шымкент қаласы тізімнің бірінші сатысында тұр. Шымқала тұрғындары бір айдан астам уақыт ішінде 764 автокөлік тапсырыпты. 688 көлік өткізген Қостанай екінші орында. Үштікті түйіндеген Алматы қаласында 496 ескі көлік қабылданған. Біздің облыста ескі көліктер Өскемен және Семей қалаларында қабылданады. Үржар, Абай, Көкпекті, Жарма, Аягөз аудандары мен Курчатов қаласы тозған көліктерін Семей шаһарына өткізуі тиіс. Қалған аудандар Өскеменге өткізеді. Өткен жылға берілген квотаны Семей қаласы толық игеруге жақын. Өткен жылдың аяғына дейін ондағы бөлімшеге 365 көлік өткізуге рұқсат берілген екен. Ал семейліктер бір айдан астам уақытта 303 ескі көлік тапсырған. Дәл осынша квота Өскемендегі бекетке де бөлінген. Алайда, облыс орталығында бар-жоғы 89 көлік қабылданыпты.

Республика бойынша 5659 автокөлік бірінші санат бойынша, яғни, 150 мың теңгеге қабылданса, 6 машина 48 мың теңгеге бағаланған. Бірінші санатқа ілінген көліктерге ел бюджетінен 848 млн. 850 мың теңге ақшалай өтемақы төленді. Ал екінші санат бойынша алты көліктің иесіне 288 мың теңге аударылған.

Қатарының көптігі жағынан «зейнеткер» көліктердің тізімін «ВАЗ» маркасы бастап тұр. Бүгінге дейін қабылдау бекеттеріне түскен техниканың дені – «ВАЗ-2105», «ВАЗ-2106», «ВАЗ-2101», «ГАЗ-3110», «Москвич-2140» және «Мазда-626» маркалы көліктер. Еліміз бойынша ең «жасамыс көлік» ретінде 1948 жылғы «Москвич» автокөлігі тіркеліпті. Оны Орал қаласының тұрғыны тапсырған. Ал «жастай кеткен» деген көліктердің соңын 2007 жылы шыққан техника түйіндеп отыр. Қазақстан бойынша 2007 жылғы жеті техника қабылданған.

Квота игерілмей тұр

Өскемендегі бекетке тапсырылған 86 көліктің ішіндегі ең ескісі 1953 жылы шыққан «Москвич» көлігі екен. Бұл туралы «ӨКП» ЖШС-нің өңірлік менеджері Бақытбек Дюсупов айтты.

– Біздің бекет Өскемен аумағына жауапты. Мұнда облыс орталығынан бөлек Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонайха, Зырян, Глубокое аудандары мен Риддер қаласының тұрғындары қолданыстан шыққан техникаларын өткізе алады. Ұсынылған көліктің барлық құранды бөлшектері түгел болса, 150 мың теңге төленеді. Істемесе де түгел болуы керек. Ал бөлшектері түгел болмаса, 48 мың теңге беріледі, – дейді Б.Дюсупов.

Оның айтуынша, Өскеменнің өзіне берілген квотаны орындай алмауына қыстың мазасыздығы себепкер болған.

– Қарашадан бері аяз бен боран қатар қысып, жолдар жиі жабылды. Тіпті, Өскеменнің өзінен шыға алмай қалдық. Біздің өлкедегі ескі көлік иелірінің сылбыр қимылдауы ауа райына байланысты, – дейді ол.

Ескі көлігін пұлға айырбастаған өскемендік Михаил Рыльский бағдарламаға дән риза. Өйткені, денсаулығы нашарлап, ота жасатуға ақша таппай жүргенде ескі техникаларды қабылдап жатқанын естіп, Согра ықшам ауданындағы бекетке келіпті.

– 1985 жылы шыққан «Москвичімді» өткіздім. Жасым 70-ке келді. Енді көлік айдап жарытпайтын сияқтымын. Одан да оны сатып, ота жасатқаным дұрыс деп шештім. Барлық бөлшегі түгел болса, өткізудің еш қиындығы жоқ. Бір сағаттай ғана уақытым кетті. Кезекке алдын ала жазылып қоятыны ыңғайлы екен. Көлігімді жуықта ғана жөндеуден өткізіп, бірнеше бөлшектерін жаңалап қойған болатынмын. Сонда да сатуға тура келді, – дейді қария.

Дегенмен, бұл істе әлі де болса «әліптің артын бағып» отырғандар бар. «Өткізілген ескі көлік иелеріне жаңа көлік сатып алу үшін 315 мың теңге көлемінде жеңілдік беріледі» деген ақпарат талай адамды қызықтырып отырғаны белгілі. Бұл жеңілдік ақшалай берілмейді. Отандық дилерлерден жаңа автомобиль сатып алған жағдайда көлік құнынан шегеріледі. Алайда, аталмыш жүйе қашан енгізілетіні әлі белгісіз. Бекеттер уақыт өте келе, тұтас көліктен бөлек ескі бөлшектер мен қаңқаларды қабылдауы мүмкін. Бұл да әзірге идея ғана.

2017 жылдың 16-қаңтарынан бастап квота игерілмеген өңірлерде ескі көліктерді жоюға қабылдау жобасы жалғасын тапты. Яғни, былтыр үлгермеген шығысқазақстандықтарға биыл тағы мүмкіндік бар. Әсіресе, өскемендіктерге белсенділік керек. Өйткені, квотаның 25 пайызы ғана игерілген.

Электронды кезек елге ыңғайлы

Биыл ескі көлік тапсыратындар үшін бағдарлама оңтайланды. 2017 жылдың 11-қаңтарынан бастап электронды кезек жүйесі енгізілді. Кезекке тұрудың екі жолы бар. Біріншісі – ӨКМ операторының Call-орталығына – 8 800 080 08 65 телефоны арқылы хабарласу.

Екіншісі – auto.recycle.kz сайтына кіріп, арнайы форманы толтыру арқылы кезекке тұру. Осы тәсілдің енгізілгеніне көлік өткізушілер де риза. Семейлік Бақтыгүл Жүсіпова электронды кезектің өте ыңғайлы екенін айтады.

– Былтыр желтоқсан айында көлік өткізбек болып келгенімізде, кезегіміз жетпей қайтып кеткенбіз. Ондағы кезекке таласты көріп тіпті, күдерімізді үзгенбіз. Балаларымыз интернет арқылы бізді алдын ала тіркетіп қойыпты. Кеше барып, бір сағаттың ішінде қолымызға 150 мың теңге алып қайттық. 1992 жылғы «Иж-2125 «Комби» көлігі болатын. Қабылдау бекетіне дейін теуіп бардық. Жүріп тұрғанымен, жолдасымның көзі нашар көре бастаған. Жасы – 69-да. Бекеттегі қызметкерлердің жұмысына көңіліміз толды. Мына электронды кезек деген жақсы болды. Жылдар бойы аяқ артқан көлігімізді өткізетін болғандықтан мұңайып барып едік. Қызметкерлердің сыпайылығын көріп қуанып қайттық, – дейді Б.Жүсіпова.

2017 жылы бағдарламаға салық міндеттемесіне қатысты өзгеріс енгізіліп отыр. Яғни, көлік өткізушіге берілетін өтемақы есебінен оператор 10% көлемінде жеке табыс салығын ұстап қалады.

Сондай-ақ, автокөлікті өткізушінің құжаты жіті тексерілетін болады. Егер құжат күмәнді болса, оператор үш жұмыс күннің ішінде қабылданған құжаттардың дұрыстығын анықтау мақсатында құқық қорғау органына тапсырады. Сондай-ақ, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп, «Көлік құралын жоюға жіберу жөнінде анықтаманың» бірыңғай формасын әзірлеу қарастырылып жатыр. Халыққа қолайлы болу үшін «Қазпошта» АҚ-мен кез келген филиалдан жедел түрде есепшот ашу жөнінде әріптестік меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Биыл мобильді бекет жұмысы 26 елді мекенде жүруі мүмкін. Атап айтқанда, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында.
2017 жылдың ақпанынан бастап ӨКМ операторы жаңа өндірістік кезеңге көшеді. Бұдан былай автокөліктер қабылданатын бекеттерде олар бірден жоюға әзірлене бастайды. Яғни, аккумулятор, шиналар шешіліп, техникалық сұйықтықтар арнайы ыдысқа құйып алынады. Сондай-ақ 2017 жылдың маусымынан бастап жүк көліктерін қабылдау жоспарда тұр.

Қазіргі таңда Энергетика министрлігі ӨКМ операторының 2017 жылы 40 мың ескі көлік құралдарын жоюға қабылдау жөніндегі ұсынысын қарастырып жатыр.

Біздің облыс бойынша әзірге көліктер екі мекенжай бойынша қабылдануда. Өскемен қаласында Юннатов көшесі, 112-үйде. Байланыс телефоны: 8-777-065-29-00.

Семей қаласында Автодорожная көшесі, 2-үйде. Өңірлік менеджердің телефоны: 8-747-166-22-78.

Ескі көлігін өткізгісі келген азаматтар мына шарттарды негізге алып дайындалуы қажет:

150 мың теңгелік санатқа жататын көлікте болуы керек бөлшектер:

Шанақ (шасси).

Қақпақ.

Қозғалтқыш.

Дөңгелекті қоршаған жабын (қанатша, штатты саны).

Есіктердің штатты саны.

Дөңгелектердің штатты саны.

Радиатор.

Жүксалғыш қақпағы.

Беріліс қорабы.

Аккумулятор.

Газды сыртқа шығаратын жүйе детальдары,
катализдік бейтараптандырғыштар.

48000 теңгелік санатқа жататын көлікте болуы тиіс бөлшектер:

Шанақ (шасси).
Беріліс қорабы.
Қозғалтқыш.
Есіктердің штатты саны.

Жеке тұлға үшін қажетті құжаттар:

1) ескі көлікті жоюға тапсыру үшін ІІМ органынан тіркеуден шығару жөнінде анықтама;

2) көлік иесінің немесе сенім білдірген адамның түпнұсқадағы жеке куәлігі;

3) өтініш берушінің сенімхаты (егер көлік иесінің өзі болмаса);

4) есеп айрысуға қажет екінші деңгейлі банктен шот ашу (ағымдағы шот болмаған жағдайда).

Заңды тұлғалар үшін қажетті құжаттар:

1) ескі көлікті жоюға қабылдау жөнінде өтініш;

2) сенім білдірген адамның жеке бас куәлігі, құжат көшірмесі;

3) компанияның реквизиті;

4) автокөлік құралын жою үшін тіркеуден шығарылғаны туралы хаттаманың түпнұсқасы;

5) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуде тұрғандығы жөнінде анықтама;

6) қорларды шетке беруге арналған жүкқұжат;

7) заңды тұлға атынан әрекет етушінің ҚР заңнамасының талабына сай рәсімделген сенімхатының түпнұсқасы (Word, PDF).

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button