Экономика

Ескі дөңгелектерді кәдеге жаратады

Ескі дөңгелектерді кәдеге жаратады
Өскеменде ескі дөңгелектерді кәдеге жарататын өндіріс ошағы ашылды. Бірер жыл бұрын Семейде де дәл осындай зауыт пайда болып, көп өтпей жұмысы тоқтап тынған. Соны біле тұрып, үлкен тәуекелге барған кәсіпкермен сұхбаттасып көрдік.
Қаладағы дөңгелек жөндеу орталықтарында тау-тау боп үйіліп жатқан жарамсыз дөңгелектерді жиі көреміз. Оларды жарамсыз болғанымен зиянсыз деп айтуға келмейді. Өйткені, ескі дөңгелектер жай жатып-ақ қоршаған ортаға 15 түрлі улы газ бөледі екен. Мұнай қалдықтары мен синтетикалық каучуктан жасалатындықтан, дөңгелек резеңкесі жатқан жерінің топырағын да улайды. Оның өздігінен шіріп жоғалуы үшін 100 жылдан астам уақыт қажет. Бұл аралықта ол топырақты улап қана қоймай, жерасты суларын да ластайды. Сондықтан ескі дөңгелекті көму тәсілі экологиялық тұрғыдан аса тиімсіз екені дәлелденіп отыр. Сол сияқты арнайы полигондарда өртеу де ауаға орасан зиян тигізеді. Алайда, адам баласынан қулық артылған ба? Бүгінде ескі дөңгелектерді қайта өңдеп, кәдеге жарату әдісі кең тарап келеді. Өскемендік кәсіпкер Юрий Смазный да осы тәсілді пайдаланып, табыс табуға болатынын айтады.
«КазТрансРеал» ЖШС 2014 жылы құрылғанымен, өндірісті өткен жылдың соңында ғана іске қосыпты. Ескі дөңгелекті кәдеге жарату үшін Ресейден жарамсыз шинадан резеңке қиқымдарын ұнтақтайтын өндіріс желісін сатып әкелген. ATR-500 қондырғысы әуелі дөңгелектің құрамындағы металл сымшоғырды суырып, бөледі. Содан кейін резеңкені бөлшектеп, ұнтақтағышқа жөнелтеді. Ұнтақталған қиқымдар жоғары температураның және сығымдағыштың көмегімен түрлі қалыптағы плиталарға айналады. Плиталарды тапсырыс берушінің қалауына қарай әртүрлі түспен шығаруға да болады. Бұл қондырғы сағатына 500 келі резеңке ұнтақтап, айына 2400 шаршы метр плита шығаруға қауқарлы.
Ескі дөңгелектерді кәдеге жаратады
Серіктестік директоры Юрий Смазный кәсіпорынның бар үміті «Оператор РОП» ЖШС-нің өңірлік филиалында екенін айтады. Өткен жылы жұмысын бастаған бұл кәсіпорынның міндеті – ел аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін құру. Бұған дейін елге ескі қалдықтарды қабылдаумен танылған «Оператор РОП» ЖШС енді қолданыстан шыққан шиналарды қайта өңдеу өндірісін де жолға қоймақшы. Жергілікті филиалдың біздің облыста өткізетін тендерінен «КазТраснРеал» да үмітті.
-Тендердің өтуін күтпестен ескі дөңгелектер өңдеуді бастап кеттік. Астана, Алматы, Атырау қалаларынан біз өңдеген резеңке ұнтағына сұраныстар түсіп жатыр. Биыл Өскеменнің өзінде ғана 23 балалар алаңқайына қауіпсіз төсеніш төселетінін естідік. Соған өз өнімдерімізді ұсынсақ деп отырмыз. Резеңке плиталар баланы ойын кезінде жарақат алудан сақтайды, – дейді кәсіпкер.
Зауыт ескі дөңгелектерді қарапайым халықтан тегін қабылдайды. Ал ірі кәсіпорындар дөңгелектің әр келісіне 30 теңгеден төлейді. Өйткені, экологияны қадағалаушы органдар қатты тұрмыстық қалдықты ашық аспан астында сақтаған кәсіпорындарды әкімшілік жазаға тартуы мүмкін. Қоршаған орта алдындағы жауапкершілікті түсініп, өз еріктерімен тапсырып жатқан кәсіпорындар да бар. Мысалы, «Дороги Востока» ЖШС жылдар бойы аулада сақтап келген ескі дөңгелектерін осы «КазТрансРеал» ЖШС-не өткізіпті.
Серіктестік қазіргі таңда жеті адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы өндіріс денсаулыққа зиянды болғандықтан, жұмысшыларға күн сайын сүт беріледі. Өндірісті жолға қою үшін кәсіпкер жеке қаражатын жұмсапты. «Жасыл экономика» деп жар салып, қалдықтарды қайта өңдеу саласына назар ауған шақта құрылған зауыттың бұл бастамасы құптарлық. Оның нарық толқынында желкенін тіктеп кетуі үшін мемлекет тарапынан да қолдау керек.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button