Ескі аустрия жолын салдырған кім?

Тауға бөктерлей салынған ескі аустрия жолымен өрлеп келе жатқан қос көлік екі мың метр биіктіктегі «Солдатқұлаған» асуына жетіп тоқтады. Бұл асудан төменге көз тастасаң, өне-бойың шымырлап, бойыңды үрей билейді. Етекте ел жатыр. Рахман қайнарына бағыт алған тас жол бел-белестердің арасына сіңіп көзден ғайып болғандай. Сай-саланы аралай Бұқтырма өзені ағып жатыр.
Тұтқындарға ауыл балалары да көмектескен
Таң ата Шыңғыстайдың тұсындағы жайлауды бетке алып жолға шықтық. Ауылдың тұсындағы жайлау дегені болмаса, барар жолы мінген көлігің үшін де, жүргізуші үшін де нағыз сынақтың өзі. Өйткені, өткен ғасырларда аустрия-Венгрия тұтқындары салған тау жолымен жүріп өтуіңе тура келеді. Бұл соқпақты 1912 жылы Әбдікерім болыс арнайы Мәскеуге барып рұқсат алып, стратегиялық мақсатта Аустрия-Венгрия тұтқындарына салғызған. Ал жобасын аустриялық инженер жасаған екен. Тұтқындардың бір тобы жол салу жұмысын Шыңғыстайдың тұсынан бастаса, қалғаны Марқакөлдің Ұранхай жағынан бастаған. Екі жақтан қарама-қарсы жүргізілген жол салу жұмыстары 1916 жылы аяқталады. Шыңғыстайлық қарттардың айтуынша, тұтқындар «Шымқоста» жер қазып, шымнан қос жасап, сол жерде тұрақтаған көрінеді. Оларға Әліқан дейтін ақсақал бала күнінде өгізбен су тасып беріп жүріпті. Ауыл тұрғыны Оралтай да (О. Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесіндегі Зәкеңнің әкесі) жол салу жұмыстарының басы-қасында жүрген. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын Ұранхай ауылының тұрғыны Клавдия Мицкаядан ескі жолдың тарихы туралы сұрағамыз. Тоқсанды алқымдап қалған қария аустрия-венгрия тұтқындарының кейбіреуі осы жолдың бойында жерленгенін айтқан. Қалай дегенмен де, бұл жолдың салыну тарихын бүге-шігесіне дейін айтатын ешкім жоқ-ау деймін.
Венгрлік тұтқындар жоба бойынша Қаба өзеніне бірнеше көпір салады. Тұтқындардың ішінде өнерлі біреу болса керек, екінші көпірдің тұсындағы жартасқа қашап қыздың бейнесін түсіріпті. Бүгінде ол маң – «Қызсуреті» аталып кеткен. Ал жағаларды жалғап тұрған көпірлердің кейбіреуін су шайып, енді бірі қаусап қалған. Соның өзінде тәуекелге бел буғандар жол таңдамайтын көлікпен Марқакөл мен екі ортада жүріп жүр. Шыңғыстайдан осы аустрия жолы арқылы Ұранхай ауылына дейінгі аралық жетпіс шақырымнан астам. Сол аралықтағы жолдың өзін жүріп өту қиынның қиыны. Дей тұрғанмен, талай жанның өмірін қиған Ирекке шығуға кейбіреудің жүрегі дауалай бермейтіні де шындық.
Жергілікті жұрт Ирек деседі
Шыңғыстайдан шыға бере сәл аялдап, Ирекке дүрбі салып көрдік. Тау беткейіне біткен жынысты орманның арасынан көлік жолы ап-анық көрініп тұр. Бірақ теңіз деңгейінен екі мың метр биіктіктегі Алтай тауының сілемінен көлікпен асып түсу мүмкін еместей көрінді. Не де болса алдымызға жолды жақсы білетін осы ауылдың жігітін салдық та, өзіміз екінші көлікпен еріп отырдық. Шаң жолда жүйткіген күйі Төр Алтайдың дәл түбіндегі Ирек бекетіне тірелдік. Ескі аустрия жолының аузына шағын үй салып, жол үстіне шлагбаум қойып тастапты. Айналаны қырандай қорып екі орманшы отыр. Өзімізді таныстырғаннан кейін барып шлагбаумды көтерді. Бісміллә деп он екі иректің біріншісіне өрлей жөнелдік. Шеткері жұрт бұл жолды «ескі аустрия» жолы десе, жергілікті халық «Ирек» деседі. Олай дейтіні, таудан асып түскенше он екі иректі артқа тастайды екенсің. Әр иректің өз атауы бар. Біріншісі ұзағынан ұзақ өр болғандықтан ба, «Ұзын ирек» аталып кеткен. Одан кейінгісі «Заячий поворот». Расымен де, жол бойында жортып жүрген қояндар көп кездеседі бұл маңда. Сөйтіп, «Қысқа бұрылыс», «Үлкен текше», «Голый поворот», «Солдатқұлаған» деп кете береді. Бұрылыстары да шұғыл, жол жиектерінде қорған болатындай ештеңе жоқ.
Алтайдың екі-үш ирегін бағындырғаннан кейін-ақ жарқырап Мұзтау көрінді алдымыздан. Басында бір шөкім бұлт жоқ. Биіктеген сайын балқарағай самырсын, қарағайлар сирей түсіп, қорым тастар басталады. «Голый поворот» дегендері осы шығар. Мотордың ышқынған дауысы да жиілей түсті. Көлік тізгініндегі Төлегеннің жан-жағына қарап, әсем табиғатты тамашалайтындай мұршасы жоқ. Екі көлік қатар сыймайтын жолдан қиыс кетсең, аман қалу-қалмауың екіталай. Кеңес үкіметінің тұсында ғой деймін, қыстың күні Иректің ұшар басындағы «Солдат құлаған» асуынан совхоздың тракторымен бір жігіт ұшып кетіп, абырой болғанда тірі қалғаны бар. Ауылдықтардың айтуынша, трактордың қаңқасы сайдың ішінде әлі күнге дейін жатқан көрінеді. Одан кейін де техникалар құлап, біраз адам жазым болыпты.
Атауының өзі үрейіңді ұшыратын «Солдатқұлаған» асуына жетіп біраз аялдадық. Бұл биіктен Алтайдың баурайын жағалай жайлаған ауылдар алақандағыдай көрінді. Қарасаң көз тоймайтын тұмса табиғатқа таңдана қарап тұрғанда Ғафу Қайырбековтың мынау бір өлең жолдары есіме түсті:
Ардағым Алтай даламның асқан төрі екен,
Таудың да тарлан таланттысы екен, сері екен.
Тау емес, мынау кілең бір алтын баспалдақ,
Алланың өзі аспаннан түсер жері екен.
Ақын ағам алтын баспалдаққа теңеген таудың келесі белесін бетке алдық. Алтайдың ескі аустрия жолымен шыққандағы ең биік нүктесі – Бұрқат асуы. Балқарағай самырсындары кісі бойынан аспайтын бұл асуда жылдың төрт мезгілінде гуілдеп жел соғады да тұрады. Қысы ерте түсіп, жазы кеш шығады. Әрі қарай Қаба екі ортадағы Тарбағатай жайлауына (жергілікті жұрт осылай атайды( дейінгі жол жазық. Айтарлықтай қауіп те жоқ. Құлдилай төмен түсесің.
Достық тауы да осында
Бұрқаттан түсе қалғандағы бірінші қыстақта Кеңес үкіметі тұсында орманшы болып Амантай Қысекин он жыл отырған. Бұл өңірдің әр тасын, жер-су атауларын бес саусағындай білетін де сол кісі.
– Волков аталып кеткен тауда қасқыр көп. Сол жердегі бір сайда ордалы жылан мекендейтін. Маңайындағы иіс мұрынды жарады. Миллиондаған жыландардың жыбырлап жатқанына қараудың өзі қорқынышты еді. Тас ұлары да көп кездесетін. Осы маңдағы биік шыңда бүркіттің ұясы бар. Шыңның етегінде аң-құстың сүйектері үйіліп жататын, – деген еді Амантай ақсақал бір әңгімесінде.
Түз тағысы көп кездесетін тауды көзбен көре алмадық. Бірақ Қаба өзенін бойлай кең жазық аңғармен Хрусталь тауына қарай бет түзедік. Жол-жөнекей орманшы Тайке Әділовтің үйі, қатарында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтардың лагері. Бұл жолмен еш бұрылмай шығысқа қарай тіке тартсаң Шындығатай заставасына алып барады. Біз Хрусталь тауына төрт-бес шақырым жетпей тізгінді тартып, жол нұсқап келе жатқан орманшы Тайкенің әңгімесін тыңдадық.
– Қара Қаба, Арасанды Қаба, Темір Қаба, Тентек Қаба, одан кейін Ақ Қаба. Тағы Қабалар бар. Жеті Қаба Қытайға құйып, қайта бізге Қара Ертіс болып шығады екен. Ал анау жалтырап көрініп тұрған Хрусталь тауы. Ертеректе ол жерде кеніш болған, – дейді тау жақты иегімен нұсқаған орманшы.
Хрусталь тауын Қытайда тұратын қазақтар Достық тауы деп атайды. Неге десеңіз, тау Қытай, Ресей, Моңғолия мемлекеттеріне жақын тұр. Көрші елдердің татулығының белгісіндей болған Достық тауына шығуды алдағы жылдың еншісіне қалдырдық. Бірақ бұл аймақты бір күнде, бір аптада аралап шығу мүмкін емес. Бейне бір басқа әлем.
PS: Ескі аустрия жолын жөндеп, Қаба өзеніндегі көпірлерді қайта қалпына келтіріп, туристерді тартса, аудан тұрғындарының да әл-ауқаты артар ма еді?! Катонқарағай ауданының әкімі Қалиқан Байғонысовтың айтуынша, аустрия жолы аудандағы жол торабына кірмейді. Сондықтан оны жөндеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат та бөлінбейді. Қаба өзеніндегі істен шыққан көпірлер қайта қалпына келтірілмейтін көрінеді.
Керек дерек
Осындағы жер-су атауларының мағынасы
Қосжүрек. Ерте кезде жартаста қос жүректің суреті болған екен. Тағы бір деректерде жүрек тәріздес жота бар көрінеді.
Тартас. Бас жағы тар шағыл. Үнемі салқын жел соғып тұрады.
Ербаланың ауыз үйі. Қазір ол үйдің тамтығы ғана қалған. Ербала есімді жігіт ашаршылық жылдары аң аулап Шыңғыстайдың жұртын асырап отырған екен. Кейбіреу бұл жерді Қараңғы жұр деп те атайды.
Кардон. Кеңес үкіметі тұсында мал айдаушылардың (скотимпорт) базасы болған.
Наурызбайбұлақ. Ертеректе Наурызбай деген бай отырған.
Алтықыз. Сол маңда алты қыз адасып, жоғалып кеткен көрінеді.
Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы.