Есірткіні көлік дөңгелегіне тыққан

Жарма ауданында аса ірі көлемдегі есірткі заттарын тасымалдаған ер адам ұсталды.
Белгілі болғандай, жергілікті құқық қорғаушылар Volvo-580 маркалы автокөлікті Қалбатау ауылының маңында тоқтатқан.
– Автокөлікті тінту барысында машина ішінен екі қосалқы дөңгелекке жасырылған «кептірілген марихуананың» 19 бумасы табылды, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Айта кетейік, бұл кезде машина салонында Жамбыл облысының 39 жастағы тұрғыны мен автокөлік жүргізушісі болған.
Тергеу барысында күдікті көлік иесіне мән-жайды түсіндірмей, Өскеменге дейін дөңгелектерді жеткізіп беруді өтінгені белгілі болды. Жедел уәкілдердің айтуынша, күдікті Жамбыл облысынан есірткі жеткізу арнасын ұйымдастыруға тырысқан. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 19,5 келіні құрады.
Күдікті қамауға алынды. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сәрсен Қабылым