Қоғам

ЕСІМДЕ СОЛ КҮНГІ СУЫҚ КЕШ…

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Кез келген адам баласы өткен өміріне көз жүгіртер болса, тұтас өмірі болмаса да, бала күнгі басынан кешірген қайсыбір қызғылықты оқиғалары үзік-үзік эпизодтар там-тұмдап болса да ойына оралары белгілі. Солардың қайсыбірін мүлдем есіңе түсіре алмай қиналсаң, енді біреулері кеше ғана болғандай, санаңда сайрап тұрады. Арада қаншама жылдар өтсе де, мына бір көрініс санамда жатталып қалыпты.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде осы күнге дейін күзгі-көктемгі әскерге шақыру мен әскерден оралу науқаны деген бар ғой. Бұл өзі сонау кеңес заманынан қалған дәстүр іспетті. Көктем мен күзде жасы 18-ге толған, әскерге жарамды деген бозбаланың барлығын жиып-теріп әскер қатарына алып кететін де, ал осыдан екі-үш жыл бұрын әскерге алынғандар «дембель» деген дардай «даңққа» ие боп елге орала бастайтын.

Дембель келе жатыр…

Әскерге алынғандарды ел боп, жұрт боп жылап-сықтап аттандырып салу да, әскер қатарынан аман-есен оралғандарды «сүйіншілеп» қарсы алу да сол тұстағы айтулы науқандардың бірі болатын. Сол кездегі дембельдердің де жүріс-тұрыстары өздерінше бір сән мен салтанат еді ғой. Әскерден оралған әлгі дембеліңіз, барлығы болмаса да, басым көпшілігі күн болсын, түн болсын жағасын жайлауына жіберіп, сақылдаған сары аяздың өзінде шинелінің алдын ашып тастап, омырауына тағылған орден-медальдары жарқырап, дегенде бір-екі апта ауыл-үйдің арасына, көрші-қолаң, таныс-тамырларына сәлемдесіп, көрісіп дегендей, қысқасы, ел-жұртына армансыз бір еркелейтін. Сөйтіп, елге-жерге, дос-жаран, туыс-туғанға деген, екі жыл бойғы сартап болған «сағыныштарын» басатын. «Еркелегеннің жөні осы екен» деп әскери киімін бір ай бойы үстінен тастамай киіп жүргендерді де көргенбіз. Сосын ол дембельдің қасына міндетті түрде төрт-бес жігіттің нөкер боп ілесіп жүруі де жазылмаған қағида болатын.

Неше түрлі адамдар бар ғой. Екі жыл әскерге барып кеп, қазақша ұмытып қалғандарды да, кәдімгі бауырсақты көріп «что такое сары домалақ?» дегендерді де естіп-көріп өскенбіз. Кім білсін, мүмкін қасындағы адамдарды күлдірмек боп айтқан болар. Әйтпесе, айналасы екі жылда ес білгелі жеп өскен бауырсақты көріп, «что такое сары домалақ?» деп көктен түскендей болуы мүмкін емес қой?!

Біздің тұстастарымыздың тоғызыншы-оныншы класқа енді иек артып, алдымыздағы үлкендерге еліктеп, соларға қарап бой түзеп жүрген кезіміз. Өзімізді ересек сезініп, күндізгі болатын киносеанстардан саналы түрде бас тартып, әдейі кешкі сеанстарға барамыз. Онымыздың өзі кей күндері контролер кіргізбей, сәтсіздікке ұшырап қап, масқарамыз шығып жататын. Соңғы сеанс әдеттегідей кешкі сағат тоғызда.

Бүгінгідей интернет, ұялы телефон, теледидар деген ғажайыптарың жоқ ол кезде. Ерігіп, үйден іші пысқандардың ермегі қыс айларында сол кинотеатр болса, жаз маусымдарында жағалайтындары – орталық парк. Онда жаз мезгілінде аптаның соңында би кештері өтетін.

Сол кездегі қайсыбір түсінік-түйтіктеріміз біртүрлі қызық. Қазір ойласаң, күлкің келеді. Әдет боп кеткен бе болмаса басқа мақсаттарымыз бола ма, білмеймін, әйтеуір, киноға кірмесек те, кинотеатрға күнде баратынбыз. Әсіресе үндінің фильмдері болған кезде қырғын енді. Билет жоқ. Бір-бірінен билет сұрап сабылған ел. Кассаның алды ығы-жығы адам, алдына барған былай тұрсын, жақындау мүмкін емес.

Текеатқан мен Қызылтай

Бірде, желтоқсанның абыр-сабыр боп жатқан аязды кештерінің бірінде кинотеатрға бір «дембель» келді. Дембель болғанда, ол жігіт өзі орыс мектебінде оқып, орысша тәрбиеленген, біраз жыл спортпен де айналысқан, әскерге дейінгі араласқан қазақ, татар, орысы бар, достарының барлығы да орыстілді, қысқасы, аты ғана қазақ болатын. Аты демекші, ол жігіт қазір жоқ, марқұм боп кеткен. Сондықтан оның нақты атын атап, түсін түстемей-ақ қойғанды жөн санадым. Өзі қатардағы көптің бірі емес, әскерге дейін де, кейін де біраз уақытқа дейін жігіттердің басын қосып, топ бастап жүрді.

Кинотеатрдың алдында тұрған елге олардың өздерінен бұрын әлденеге қарқ-қарқ күлген дарақы күлкілері мен даурыға сөйлеген сөздері жетті. Көп ұзамай бұрылыстан буы бұрқыраған алты-жеті жігіттің төбелері де көрінген.

Қасымызда тұрғандардың бірі: «Өй, мынау өзіміздің Бораш қой?! Кеше келді деп естіген едім», – деп қалды. Бораш та алдыңғы буын ағаларының салт-дәстүрімен шинелінің алдын айқара ашып тастапты. Кителінің өңіріне бірнеше қатар етіп қадап тастаған не түрлі орден-медальдар мен значоктардың санында есеп жоқ. Самаладай жарқыраған жарыққа шағылысып жарқ-жұрқ, сыңғыр-сыңғыр етеді. Аяқтағы етік гармошка. Басындағы бас киімі төбесіне әзер ілініп тұрғандай.

Бірден байқалғаны, Борекеңнің бойында сұр шинельдің де, көк шишаның да буы ұрып тұр екен. Онысы сол жерде тұрғандарға бірден байқалды. Байқалмай қайтсін, оның гүж-гүж еткен дауысы, орынды-орынсыз қарқ-қарқ күлген күлкісі, амандасқан адамдардың айғай сап атын атап, «бля-сля» деп боқтық қосып сөйлеуінің өзі, әлгінде ғана мамыражай тірлік кешіп тұрған кинотеатрдың алдын азан-қазан қып жіберсе…

Өзге қалаларды қайдам, біз ес білгелі аудан орталығы саналатын алақандай ғана Зайсан қаласы Текеатқан, Қызылтай, Заречный және Бойня боп төрт аумаққа (край) бөлінетін. «Жұлдыз» кинотеатры тура Текеатқан мен Қызылтай аумақтарының қиылысында орналасқан.

Бүкіл Қызылтай мен Бойняның балалары, сосын Жеменей өзенінің арғы жағына жататын Заречныйдың жартысы М.Әуезов мектебінде оқитын да, Заречныйдың қалған жартысы мен Текеатқаның тұтасымен Ю.Ломоносов мектебінен білім алатын.

Бұл аудандардың арасында өнерде, спортта, басқа да сайыстарда болатын, болуы тиіс бәсекелестіктерден бөлек, көзге көріне бермейтін, ертеден қалыптасқан бір-біріне деген бір  қырғиқабақтық та бар. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демекші, әлдебір тойларда немесе би кештері мен кинотеатрларда, әсіресе Қызылтай мен Текеатқан жігіттерінің арасында бір-бірімен байланысып, тіпті төбелесіп қалу фактлері де жиі орын алып тұратын. Мұны сол кездегі жергілікті билік те, аудандық ішкі істер бөліміндегілер де, тіпті үйдегі үлкендер де бұрыннан білетін. Бірақ неге екені белгісіз, бұл жайында ашып-жарып ештеңе айтыла бермейтін.

Айталық, Текеатқанның бір жігіті Қызылтай жақтың қызына достық ниетпен жақындап, кинодан соң немесе би кештерінен кейін шығарып сап жүргені байқалып қалса, мұның соңы міндетті түрде үлкен «разборкаға» ұласатын. Әуелде екі жігіттің арасында тұтанған болмашы ғана бір жанжалға мұқым екі ауданның бас көтерер жігіттері қызыл-қырғын төбелескен кездер де болған…

Айран болған абырой

Сол атышулы Текеатқан серкелерінің бірі саналатын Борекең нөкерлерімен борандатып кеп қалғанда да бейтарап жұрт бір бөлек те, Текеатқан мен Қызылтайдың топ бастарлары өздері екі бөлек шоғырланып тұрған.

Кенет кинотеатрдың кіреберіс залында, неден және кім бастағаны белгісіз, бір кикілжің шықты. Кикілжің болғанда, жаңылмасам, Қаратал ауылының азаматы болса керек, бізден жеті-сегіз жастай үлкендігі бар, бұрындары күреске қатысқан, кейін әскердегі әлімжеттіктен басынан қатты соққы алып, елге аурушаң боп оралған бір азамат бар болатын. Былайғы уақыттарда автостанцияның маңынан, кей күндері базар жақтардан да көріп жүретінбіз. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, өзімен өзі жүрген адам. Дене бітімі дембелше келген, нағыз спортшыға тән жұп-жұмыр, шып-шымыр жігіт еді. Есімін де білуші едім, ұмытып қаппын.

Борекеңдер алдында тұрғандарды апырып-жапырып ішке ентелей кіріп келе жатқанда әлгі жігіт қарсы жолығып қап, дембель екеуінің иықтары қақтығысып қалса керек. Ол кезде әлдекіммен төбелес бастап кету үшін сол «иық қағысып» қалғанның өзі – таптырмайтын сылтау. Сұр шинель мен көк шишаның буы желпіндіріп тұрған Борекең сол жерде бірауыз сөзге келместен әлгі жігітті шапалақпен тартып кеп жібереді. Сөйтеді де, ешнәрсеге түсінбей аңырып қалған жігітті «Прочь с дороги!» деп кеудесінен итеріп қалады. Ойламаған жерден жазықсыздан-жазықсыз шапалақ жеп, ол аздай, бір жығылып-тұрған балуан жігіт әу баста не істерін білмей сасқалақтап қалса да, есін шапшаң жинай қойды. Сөйтті де, буы бұрқырап тұрған Борекеңе қабыландай атылып, ұстаса кетті. Одан көз ілеспес шапшаңдықпен тік көтеріп әкетті де, биіктігі орташа адамның бойындай болатын терезенің алдына апарып отырғыза салды.

Мұны көріп тұрғандардың қайсыбірі: «Ой, мына дембілің орнын енді тапты, ей!», «Сол керек, асқанға-тосқан деген осы!» деп балуан жігіттің өжеттігі мен шалт қимылына риза боп қолпаш білдірсе, қалған ел қыран-топан күлкіге кенелді де қалды.

Осы сәтті пайдаланған балуан жігіт ақыл-есінің ауытқуы болса да, бір топ қала жігіттерімен жалғыз төбелесіп абырой да, жеңіс те таппасын сезсе керек, тұрған жерінде артқа қарай секіріп қап, бірінен соң, бірі екі мәрте сальто жасады да, тұрған бойда жұдырығымен еденге тіреле қап, шапшаң-шапшаң үш-төрт рет отжимание дейміз ғой, соны жасап, орнынан ұшып түрегелді. Мұнысы «Менің мынадай да өнерім бар, егер күш сынасам десең, мен дайынмын!» дегенді меңзеген өзіндік бір доқ секілді боп көрінді.

Жиналған жұрт оның мұндай әбжілдігіне риза болғаны сол, шу ете қап, дүркіретіп қол шапалақтап та жіберді.

Әлгінде ғана ел алдында алшаң-алшаң басып, даурыға сөйлеп, абыройы «аспандап» тұрған Бораш та, қасынан бір елі қалмай жалпаңдап жүрген нөкерлері де не боп, не қойғанын ұқпай аңтарылып қапты…

…Дәл осы кезде киноға кіргізу уақыты аяқталғанын білдіретін қоңырау үшінші мәрте шырылдап, біз сеансқа кіріп кеттік. Сөйтіп, сол жердегі оқиғаның соңы не боп, қалай аяқталғанын көре алмай қалдық…

Бірақ сол жолы біздер жазығы жоқ адамға себепсізден-себепсіз қол көтерем деп, оның үстіне әлін білмей әлек боп, абыройдан жұрдай болған оқиғаның куәсі болып қайтқанымыз бар.

Кейін елден «Бораштың қасындағы бір топ жігіт жабылып, ауылдан келген балуан жігітті сабап тастапты» деп естідік…

Осы айдарда

Back to top button