Қоғам

Ешкімнен кем қылмай өсірді

Ешкімнен кем қылмай өсірді


Күршім ауылында тұратын көпбалалы ана Сабырбекова Жанар – «Күміс алқа» иегері. Ол аудандық орталық аурухананың күндізгі емдеу бөлімшесінде медбике болып еңбек етеді. Жанар құдай қосқан қосағы Жанболатпен бірге алты бала өсіріп, тәлім-тәрбие беріп отыр.

Жұрттың көбі екі немесе үшеуден артық бала сүйгенді қойған бүгінгі таңда алты бала дегеннің құлаққа таңсықтау болып естілетіні рас. Дегенмен, ардақты ана осы перзенттерін көпсініп отырған жоқ.

-Қазақта «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген нақыл бар емес пе, – деп күледі Жанар Төкенқызы, – сол айтқандай, әр сәбидің өзінің несібесі бар. Біз баланы біреу үшін тауып отырған жоқпыз ғой, өз ұрпағымызды өзіміз өсіріп-жеткізуге міндеттіміз. Құдайға шүкір, алды жетіп қалды, Назгүліміз аудандық ішкі істер бөлімінде аға лейтенант шенімен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қызметін атқаруда. Бибігүліміз тұрмыста, өзіммен бірге осы ауруханада медбике болып жұмыс істейді. Жасұланымыз Қазақ мемлекеттік заң академиясының үшінші курс студенті. Жансая, Жігер, Жәнел №1 Күршім орта мектебінде білім алып жатыр.

Ерлі-зайыпты Сабырбековтер – бұрынғы Шірікаяқ ауылдық округіне қарасты Төсқайың ауылының тумалары. Ауыл тұрғындары үдере көшіп, мектеп жабылған соң, осындағы фельдшерлік-акушерлік пункте 12 жыл бойы жұмыс істеген Жанар да күнкөріссіз қалып, амалсыздан аудан орталығына қоныс аударуға мәжбүр болған екен.

-Күйеуім ауылда қорықшы болып еңбектенген болатын, – дейді Жанар. – Қазіргі кезде ол жұмыссыздар санатында, бірақ өзіміздің 13 сиыр, 15-тей қойымыз бар. Соларды бағып-қағып, осы балалардың нәпақасына бас-көз болып жүр. Мемлекеттен 15 мың теңге жәрдемақы аламыз, мұның өзі мардымсыз дүние ғой, дегенмен, «келешекте балалар үшін төленетін қаражат молаяды» дегенге сөздерінен үміттеніп отырғанымыз да рас. Шалқитындай дәрежеде болмасақ та, «жоқ-жоқ» деп байбалам салудан аулақпыз. Барымызды сала еңбектеніп, бірді-бірге жалғап, ел қатарлы тірлік кешудеміз.

«Ең бастысы – ел іргесінің тыныштығы» деп қоңырқай болса да, қанағатты ғұмыр кешіп жатқан қарапайым отбасының иелеріне шын көңілімізбен ризалық білдіріп, еңбектеріне табыс, дендеріне саулық тіледік.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button