Ешкі сүтімен емдейтін орталық ашпақ

Тарбағатайлық жастар ерекше тәсілмен емдейтін орталық ашуды жоспарлап отыр. Оған мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін болады.
Биыл Елбасының ұсынысымен «Жастар жылы» деп жарияланды. Соған орай Ақсуат ауылының тумалары Айдана Өмірбаева, Арай Әділетқызы, Айжан Қайратқызы тың жобаны қолға алып, жеке кәсіптерін ашты.
– Біз «Zhas Project» жобасына қатысып, қаржылай қолдауға ие болдық. Сөйтіп, мемлекет тарапынан берілген қаражатқа 10 бас сүтті ешкі сатып алдық. Басты мақсат – ешкі сүтінің емдік қасиетін пайдаланып, мүмкіндігі шектеулі адамдардың дертінен айығып кетуіне көмектесу, – дейді ағынан жарылып Айдана Өмірбаева.
Әлем ғалымдарының зерттеуінше, ешкі сүті 99 түрлі ауруға ем екен. Атап айтсақ, анемия мен аллергия, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларына, диабет, диатез, панкреатит, ұйқы безі, өт жолдары, бауыр, ағзаның барлық ішкі жүйе ауруларына ем ретінде пайдаланылады. Жүрек-қан тамыры аурулары, асқазан-ішек жарасы бар адамдар осы сүтті ұдайы ішіп жүрсе сырқатынан отаның көмегінсіз-ақ айығады екен. Себебі, ол витамин мен минералдарға бай әрі ағзаға толық дерлік сіңеді.
Ивн Сина жерлестеріне егде жасқа жеткенде ешкі сүтін ұдайы пайдалануды ұсынған. Ал әл-Фараби болса, ешкі сүтінің емдік қасиеттерін күшейту үшін оны түрлі қоспалармен қайнатып ішуге кеңес берген екен.
– Негізгі мамандығым – психолог. Аудандағы оңалту орталығында жұмыс істеймін. Жалпы біз осы орталықтағы 20 балаға тегін ешкі сүтін беруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі 49 адамға қол ұшын беретін боламыз. Бүгінде аудан тұрғындары тарапынан ешкі сүтіне деген сұраныс күн санап артып келеді, – дейді Айдана Өмірбаева.
Айта кетейік, кәсіпкер қыздар аталмыш жобаның шарты бойынша алты ай бойы тегін жұмыс істеп, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Егер талаптарға сәйкес жұмыс жүргізсе, жарты жылдан кейін қалған 500 мың теңге беріледі. Сондай-ақ аталмыш жобаның қатысушыларына алты ай көлемінде шәкіртақы төленеді. Мәселен, жоғары оқу орнын бітірген жастарға 60 мың, ал орта білімі бар студенттерге 40 мың теңге беріледі.
– Аудан жастары ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлес қосуда. Мәселен, өткен жылы жасы жиырмадан енді ғана асқан замандасымыз «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңге несие алып, шетелден асыл тұқымды мал сатып әкелді. Сонымен қатар биыл екі ауылдық округтің жастары ешкі өсіруге ниет білдіріп отыр. Бұл құптарлық іс, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры М.Мұқышев.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.