Ешкі сауып, еселеп пайда тауып отыр
Ешкі сауып, еселеп пайда табуға болады десе, ешкім сене қоймас. Дей тұрғанмен, бұл – шындық. Өзге табыс көздерінің тасасында қалып келе жатқан осы бір елеусіздеу, бірақ тиімді кәсіппен әулетті асырап отырғандар бар. Солардың бірі – Өскеменнің шетіндегі Орман шаруашылығы ауданында тұратын Рақым Юсупов.
Рақымның бұл кәсіпті қолға алуына өз басынан өткен жағдай түрткі болыпты. Оның айтуынша, бауыры ауырып, емханаға түскенде, оған дәрігер ешкі сүтін тұтынуға кеңес берген екен. Сөйтіп, біздің кейіпкеріміз сауын ешкіні лағымен бірге сатып алып, сүтін іше бастайды. Көп ұзамай дертінен айығып, денсаулығы түзеледі. Дәрігерлік тексерулер де сырқаттың беті қайтқанын анықтаған. Міне, ғажап! Шипалы тағамды енді өзі ғана емес, әйелі Маржан және екі баласы да ішеді. Мұны естіген көрші-қолаңның қызығушылығы артып, ешкі сүтін сатып алуға ниет білдіреді. Отбасылық бизнестің алғашқы кірісі осылай келген.
– Басында екі-үш адам сатып алып жүрді. Кейін біреуден біреу естіп, сұраныс көбейе түсті. Істің пайдалы екенін түсініп, әр жерден сауын ешкілер сатып алуға кірістім. Арасында Ресейден әкелінген, мол өнім беретін асыл тұқымдылары да бар. Мұндай тұқымдар жаз кезінде күніне бес-алты литрге дейін сүт береді, – дейді Рақым.
Сауылған сүтті ол қала орталығындағы «Жәрдем» муниципалды базарына литрін 500 теңгеден өткізеді. Ал үйден келіп алушыларға шаруа 400 теңгеден сатады. Айтпақшы, «Жәрдемде» ешкі сүтінің литрі 700-800 теңге.
Енді есептеңіз, бір ешкі күніне шамамен 4 литр өнім берсе, он бастан 40 литр сүт кем дегенде алынады. 40 литрді 500 теңгеге көбейтсеңіз – 20 мың. Бір айда: 30 х 20 мың = 600 000 мың теңге. Ал алты айда (сексек ата түлігі алты ай сауылады) 6 х 600 000 = 3 600 000 теңге. Табыс па, табыс?!
Мұның сыртында еті мен түбіт жүні тағы бар. Ешкі еті адам ағзасына жеңіл, сіңімді келетінін атам қазам баяғыдан білген. Ғалымдар соны енді ғана дәлелдеп жүр.
Асыл тұқымды сауын ешкілерінің құны қымбат. Ресейде олардың бір басын 150-160 мың теңгеден сатады қазір. Біздегі баға да осыған жетеқабыл. Бірақ біздің өңірде мол сүт беретін тұқымы таза ұсақ малы көп кездеспейді. Өйткені, осы бағытта жұмыс істейтін арнайы шаруашылық жоқ.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, сексек ата түлігінің сүті дертке дауа, дәтке қуат береді екен. Аурудың алдын алу қасиеті зор өнімнің құрамы микроэлементтерге бай, дәрумендік қасиеті де жоғары. Мұндай артықшылық өзге түліктерге бұйырмаған.
– Әртүрлі тағамдардан болатын аллергия, туберкулез, сондай-ақ, диабет пен анемия, диатез, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларын емдеуге болады. Ешкінің сүті ағзаның қорғаныстық қызметін күшейтіп, денедегі ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді сыртқа шығаруға көмектеседі, – дейді диетолог-дәрігер Майя Жантасова.
Еуропалық ғалымдар ешкі сүтінің құрамы жағынан ана сүтіне өте ұқсас болып келуі балаларға арналған тағамдарды дайындау кезінде таптырмас шикізат екенін айтады. Айталық, 1906 жылы Парижде өткен балалар дәрігерлерінің дүниежүзілік конгресінде ешкі сүті ана сүтін алмастыратын ең лайықты табиғи өнім ретінде танылған. Оның құрамында кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы кездеседі. Сиырдың сүтімен салыстырғанда В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальттың мөлшері алты есеге артық. Ал калийдің болуы жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметін жақсартуға септігін тигізсе, темір анемияның алдын алуға көмектеседі екен.
Бір қызығы, малшылықты атакәсібі санайтын қазақ мұны баяғыдан білген. Емшекте жетім қалған немесе анасының сүті аз болғанда, сәбиді бабаларымыз ешкі сүтімен қоректендірген. Медицинаның атасы Гиппократ өз еңбегінде аталған тақырыпқа кеңінен тоқталғанын бүгінгі ғалымдар айтып отыр.
– Ешкі малы жылдам көбейеді. Бір дегенде екі-үш лақтан табатындары бар. Күтімге де оңай, күй талғамайды. Қазақтың «Есің кетсе, ешкі жи» деген сөзі осыдан қалса керек. Қазір қолымда он бестей мүйізді ұсақ бар. Оларға қыстық жем-шөп әзірлеуге төрт гектар жер алдым жалға. Жазда жайылымға шығарамын, қыста қорада ұстаймын. Болашақта ешкінің басын көбейтіп, ферма ашсам деген арманым бар. Бірақ ол үшін қаражат керек. Егер мемлекеттен жеңілдетілген несие немесе басқа бір көмек-қолдау көрсетілсе, осы кәсіпті шырқ иіріп әкетуге шамам келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Егер ферма құрыла қалған жағдайда, өндірілген сүтті өткізу жолдарын да ойша жоспарлап қойыпты еңбекқор азамат. Ешкі сүтін адам ағзасына, әсіресе, балаларға пайдалы екенін ескеріп, мектептер мен балабақшаларға, медициналық мекемелерге, сондай-ақ, денсаулыққа зиянды жұмыс орындарына базардағы бағадан арзандау өткізсе, сатушыға да, сатып алушыға да тиімді болмақ. Ең бастысы, тұтынушылар алған тауарына күмән келтірмеуі үшін табиғи өнімді бүгінгі заманның барлық талаптарына жауап беретіндей жоғары сапада, құтыларға құйып өндірмек. Сонымен қатар, арнайы қондырғылар алып, ешкі сүтінен ірімшік, айран, кілегей, құрт, йогурт, сүзбе сияқты ақ өнімдерін шығару, ал етін жеңіл тағам ретінде сату да жоспарда бар дүниелер.
Бүгінде ауыл шаруашылығының өзге салаларын өрге оздырған мемлекетіміз ешкі сүтін өндіруде енжарлық танытып отырғаны рас. Өзге өңірлерді қайдам, біздің облыста бұл бағытта жұмыс істеп жатқан бірде-бір кәсіпкерлік нысаны жоқ.
Жасыратын несі бар, елімізде сәбилер тұтынатын тағамдардың 90 пайыздан астамы сырттан әкелінеді. Ал балалар тағамы негізінен ешкі сүтінен дайындалатыны белгілі. Азық-түлік қауіпсіздігі алдыңғы орынға шыққан қазіргі уақытта басқалармен бірге ешкі шаруашылығын да кәсіпкерліктің табысты саласына айналдырсақ, ұтылмас едік.
Рақымның отбасылық бизнесінде сауын ешкілерінен бөлек, қой, мүйізді ірі қара, қаз-үйрек, күрке тауық, төбелескіш әтештер мен цесарка деп аталатын тауықтары бар. Шарбақтың ішінен дене тұрқы ірі қаздар мен күрке тауықтардың бірнешеуін көрдік.
Шаруаның айтуынша, ет мол түсетін мұндай қаздардың былтыр жүз шақтысын қаладағы мейрамхана иелері сатып алыпты. Қаз бен күрке тауықтың әрқайсысын көлеміне қарай 8-10 мың теңгеден алыпты. Ас мәзірінде бұл құстардың еті жеңсік тағамдар қатарына жатады екен.
– Күрке тауықтарды көбінесе Жаңа жыл қарсаңында жақсы алады. Іздеп келіп үйден әкетеді, – деген Рақым шаруа құс өсіріп те шаш етектен пайда табуға болатынын айтты.
Мейрамханалар мен дәмханаларда жоғары сұранысқа ие қаз-үйректің етін айтпағанда, кәдімгі тауықтың жұмыртқасы да ең өтімді тауарлар қатарында. Мәселен, Рақым үй тауығының жұмыртқасын 17-18 теңгеден сатады, ал оның базардағы құны 20-25 теңгенің шамасында.
Кейіпкерімізбен әңгімелесу кезінде цесарка тауығының қоңыз теретін қасиеті барын естідік. Картопты комбайндай отап салатын колорадо қоңызы цесарканың сүйікті жемі екен. Жаз кезінде оны картоп егілген алқапқа жіберсе, ешқандай химиялық дәрісіз-ақ зиянкестерді де құртады, өздері де қоректенеді. Тек балапан кезінде оларға негізгі азықпен колорадо қоңызын араластырып, біренеше күн бойы берсе болды. Әбден үйреніп алғаннан кейін, жәндіктерді іздеп жүріп жейді. Осы қасиетінің арқасында цесаркаларды «бақша санитары» деп атайды кейде.
… Қала шетіндегі шағын шаруашылығында төрт түлікпен қатар құстардың бірнеше түрін өсіріп, кәсібін дөңгелентіп отырған Рақым Юсуповтың еңбекқорлығы бізді қайран қалдырды. Әлемге әлек салған дағдарыстың өзі мұндай отбасыға салқынын тигізе алмайды.
Серік Әбілхан