Ешбір тұрғын, ешбір бизнес зардап шекпейді

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Бейбітшілік көшесінің тұрғындары мен кәсіпкерлерді қабылдап, облыс орталығында салынып жатқан Арбат құрылысына қатысты талап-арыздарын тыңдады.
Естеріңізге сала кетейік, Өскемен қаласының тарихи ғимараттары шоғырланған екі саябақтың ортасындағы Бейбітшілік көшесін Арбатқа айналдыру, оны тұрғындардың жайлы демалысына лайықтау жұмыстары қолға алынған болатын. Алайда, әу бастағы жоба құрылыс бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандар үшін тиімсіз болып шықты. Өйткені, дүкен мен өзге де нысандарға көлікпен келіп тоқтау мүмкіндіктері қарастырылмаған еді. Кәсіпкерлердің талап-арыздарына құлақ түрген аймақ басшысы мердігер компанияға осы мәселені ескеріп, жобаға өзгеріс енгізуді тапсырды.
Ал тұрғындарды алаңдатқан мәселе – Арбаттың қақ ортасында орналасатын үйдің ауласыз қалатындығы еді. Алайда, аймақ басшысы Даниал Ахметов аула да, көлік тұрағы да болатындығын атап өтті.
– Үй аулаларына көлікпен кіру жолдары мен тұрақ мәселесі шешіледі. Сондай-ақ үйлердің қасбеттері мен шатыры да бюджет есебінен жөнделетін болады. Арбат құрылысынан ешбір тұрғын, ешбір бизнес субъектісі зардап шекпейді. Қайта заманауи көшенің тұрғындары болатындықтарыңызға қуануларыңыз керек. Ал адамдардың көп шоғырлануы кәсіпкерлер үшін тіпті тиімді. Жалпы, біздің мақсатымыз – қаланың кейпіне жаңаша леп беру, оны тұрғындар үшін ыңғайлы ету. Қолға алған ісімізді жүзеге асыруда тұрғындардың пікірі әрине, маңызды. Дегенмен біз көпшілік үшін тиімді болатын пікірге тоқталуымыз керек, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Сондай-ақ облыс әкімі екі үлкен саябақты қосатын Бейбітшілік көшесінің осы атауға лайық болуы үшін елдегі ынтымақтастық пен достықтың белгісі ретінде демалыс орындарында Жамбыл мен Пушкиннің ескерткіштері бой көтеретіндігін де атап көрсетті.
Сол күні қаланың басқа шетінде әкімге алғыс айту үшін бір топ халық жиналды. Олар – ұзақ уақыт бойы үйлеріне жарық тарта алмай, аймақ басшысының тікелей араласуымен тілектері орындалған 20-шы шағын ауданының тұрғындары. Жібек маталар комбинаты ауданының жоғарғы жағынан тұрғындарға жеке баспана құрылысы үшін берілген 663 жер телімінде бүгінде құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір мұнда 40 шақты үй түтін түтетіп отыр. Баспаналарын бабына келтіріп алған олардың басты проблемасы электр энергиясы болатын.
– Осыдан бірнеше ай бұрын осы ауданның тұрғындарымен кездесуде олар жарық мәселесін көтерген еді. Уақытша трансформатордың кесірінен күндерінің көбін жарықсыз өткізіп жатқан тұрғындардың талап-арыздарын тыңдаған облыс басшысы мұнда тұрақты электр желісін тартуды тапсырған болатын. Бүгінде аудан аумағы электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта су, жол мәселесі де шешілетін болады, – деп түсінік берді осы мәселеге қатысты Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Тамара Рахымжанова.
Лаура Тілеубайқызы