Президент тапсырмасы

Ешбір нысан аяқсыз қалмайды

Ешбір нысан аяқсыз қалмайды

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Төленбергенов облыстық ақпарат орталығына келіп, БАҚ өкілдеріне салада болып жатқан өзгерістер жайында баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 34,5 млрд. теңгеге 133 әлеуметтік маңызға ие нысан салынып жатқанын айтқан басқарма басшысы олардың 58-і жыл аяғына дейін қолданысқа берілетінін мәлімдеді.

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде айтқан сын-ескертпелерінің аталмыш салаға қатысты тұстарының орындалу барысы туралы да айтылды. «Қолжетімді баспана-2020», «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламаларының орындалу барысы ерекше назарда екенін айтқан Серік Төленбергенов осы бағыттағы шаруалардың түйткілді тұстары қалай шешіліп жатқанынан да ақпар берді. «Қолжетімді баспана» бойынша 41 тұрғын үйдің құрылысына 9321,8 млн. теңге бөлінген. Сол үйлердің 22-сі жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Бүгінге дейін қолданысқа берілген баспананың көлемі 147 мың шаршы метрге жетсе керек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,5 пайыз артық. Бағдарлама қарқынын арттыру мақсатында және бір типті әлеуметтік нысандардың әр жерде әртүрлі шығынмен салынатыны жөнінде Елбасы айтқан ескертпелердің орнын толтыру үшін Семейде салынып біткен құрылыс материалдарының комбинатына ерекше көңіл бөліне бастаған. Мұндай комбинат жуықта облыс орталығында да қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының типтік білім ошақтарына қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында ғылыми-техникалық кеңес құрылып, жұмысын бастаған. Бұл кеңес кез келген білім нысанын салмас бұрын ондағы халықтың өсім мөлшерін, келешегі мен орталықтардан қаншалықты шалғай жатқанын ескере отырып, жобаларға түзету енгізетін болады.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының шеңберінде 5 нысан салынған. Жалпы, ағымдағы жылы 20 мектептің құрылысы басталып, оның 14 мерзімінде аяқталып отыр. Жоспарланған бес денсаулық сақтау мекемесінің тек үшеуі қолданысқа берілген. Қалған екеуі 2014-2015 жылдары салынып бітуі тиіс. «350 денсаулық сақтау нысанының құрылысы» бағдарламасы бойынша 29 ауылдық дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Биылдың өзінде тоғыз амбулаторияның құрылысы жүріп жатса, келер жылы осындай 11 нысанның құрылысы басталмақ. «Балапан» бағдарламасы бойынша салынған алты балабақша бүгінде ел игілігіне қызмет етуде.

Серік Төленбергенов мерзімінен кешіккен нысандардың бүгінгі жайына да тоқталды. Апаттық мектептерді ауыстыруы тиіс төрт нысан биыл аяқталмайтыны белгілі болып, іс сотқа тапсырылған. Үржар мен Күршім ауданының аумағындағы бұл мектептерге басқа мердігерлер тартылмақ. Ал облыс орталығындағы қан орталығы мен Глубокое ауданындағы орталық аурухананың құрылысын құрдымға жіберген «Құмаров и К» компаниясы ықылассыз мердігерлер тізіміне ілініп, серіктестік басшысы қамаққа алынған. Глубокое аудандық ауруханасының құрылысын аяқтау құқығына ие болған «Элхон» ЖШС нысанның жекелеген кешендерін биылғы жылдың аяғына дейін, қалған бөлігін келер жылдың басында пайдалануға беруі тиіс. Қазақ драма театрының құрылысы да келер жылы аяқталмақ. Бүгінде ол нысанға қатысты барлық кедергілер жойылған. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған Жеңіл атлетика манежі мен Жекпе-жек сарайының құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады деп күтілсе, жабық бассейн кешені келер жылдың еншісіне қалып отыр.
БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдар да мерзімінен кешіккен нысандар төңірегінде өрбіді.

Светлана ӘБЕНОВА, «Казахстанска правда» газеті:

– Маман даярлау ісін дамыту мақсатында құрылысы басталған
өңіраралық машинақұрастыру мектебінің алдағы тағдыры не болмақ? Осы істің техникалық ахуалы жайында айтып берсеңіз.

– Бұл нысанның негізгі әкімшісі – Білім және ғылым министрлігі.
Әйтсе де жергілікті атқарушы орган ретінде жобаға қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндетін мүлтіксіз атқардық. Енді асфальтті жол төсеу ғана қалды. Бүгінде ол жерде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Қайткен күнде де құрылыс жыл аяғына дейін бітуі тиіс.

Ирина ЯКУНИНА, «Астана» телеарнасы:

– Бізге «Құмаров и К» ЖШС директоры Астанаға қоныс аударып, сол жақта жаңа кәсіпорын ашып, құрылысқа қайта араласуды жоспарлап жүргені жайында ақпарат келіп жетті. Осыған жол берілуі мүмкін бе?

– Біз бұл мердігердің жылдар бойы атқарған қызметіне талдау
жасадық. Соңғы кезде алған нысандардың көбін мерзімінде қолданысқа бермегенімен қоймай, қаржыны негізді игермеген. Сондықтан ісі сотқа беріліп, серіктестік басшысы қамауға алынды. Сондықтан ол жазадан құтылып кетеді деп алаңдаудың реті жоқ.

Оңдасын ЕЛУБАЙ, «Егемен Қазақстан» газеті:
– «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша қанша облыс
тұрғыны үйлі болды? Осы бағдарлама бойынша қанша адам кезекте тұр?

– Жалпы, облыс бойынша 41 тұрғын үйдің құрылысы жүріп
жатыр. Биыл соның 22-сі тапсырылады. Ол үйлер Өскемен, Семей, Риддер, Шемонайха қалалары мен Жарма, Көкпекті, Катонқарағай, Тарбағатай аудандарында салынып жатыр. Облыста 17967 адам баспана кезегіне тіркелген. Және бұл сан жылдан жылға өсуде.

Берік КӨШЕРБАЕВ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы:

– Өз сөзіңізде міндетін мүлтіксіз орындамаған мердігерлерге қарсы бөлінген қаржыны қайтарып алу шаралары күшейтілгенін айттыңыз. Соңғы екі жылда осы шаралардың арқасында қанша қаржы бюджетке қайтарылды?

– Екі жылдың ішінде 795 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Бұл
бағыттағы жұмыстар ешқашан бәсеңсімейді. Барлық түйткілді нысандар құрылыс басқармасының да, жергілікті биліктің де жіті назарында. Олардың аяқсыз қалуына жол берілмейді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button