Есептеу құралын орнатсаң, есең кетпейді
Облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаевтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел тіршілік нәрі – суды үнемдеу мәселесіне арналды.
– Суға қатысты мәселелерді шешу Қазақстанды 2030 жылға дейін дамыту стратегиясындағы маңызы зор басым бағыттардың бірі болып табылады. Су мәселесі – елімізде ғана емес, бүкіл әлем бойынша өте маңызды. Десе де тұрғындардың осынау тіршілік нәрін оңды-солды төгіп, ысырап етуі тыйылды деп айта алмаймыз. Біз судың қаншалықты қымбат тұратынын әлі бағамдаған жоқпыз, – деп бастады сөзін облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев. – Жер бетінде, тіпті республикамызда қаншама адамдар таза ауызсудың зардабын тартып отыр.
Айтқазы Шерубаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстан еліміздегі су бағасы ең төмен аймақтардың бірінен саналады. Облыс орталығы Өскемен қаласы тұрғындары судың әр текше метріне шамамен 18 теңге ғана төлесе, аймағымызда су үшін ең арзан ақы төлейтіндер риддерліктер көрінеді. Небәрі – 4 теңге. Сондықтан да бүгінгі күні болашақтағы су тапшылығының алдын алу үшін тіршілік нәрі қорларын тиімді пайдалану өте қажет.
Айтқазы Шерубаев аймақтағы су арналары жағдайының бүгінгі халі мүшкіл екенін де жасырған жоқ. Су арналары құрылғылары мен желілерінің 60-70 пайызы әбден ескірген. Облысымызда ең төменгі жалақы алатын да осы мекеме жұмысшылары. Бұл салада жұмыс істейтіндердің көпшілігі – зейнет жасындағы немесе зейнеттегі адамдар. Жастарды бұл салаға тарту өте күрделі. Өйткені олардың жалақысы аз жұмысқа жегілгілері келмейді. Сол себепті қазіргі күні су арнасы мекемелері жұмысын жандандыру, жаңғырту мәселесі күн тәртібінде өткір тұр.
Ол үшін тариф саясатын қайта қарау қажет. Суық және ыстық суға белгіленген бағаны өзгертіп, дифференциалды тариф енгізу қажеттігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Өйткені, қолданыстағы тариф су жүйесіне жұмсалатын шығындарды ақтамайды. Дөңгелек үстелде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент директоры Қайрат Оразбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайға қатысты су арнасы табысы мөлшерін 10-30 пайызға дейін ұлғайту көзделуде. Табысты арттыру су арналарының жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік бермек. Мұндай қадамның көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына да септігі мол тимек.
Сондай-ақ бүгінгі күні облыс бойынша есептеу құралдарын орнату бойынша жұмыстар қызу жалғасуда. Үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша, тек Өскемен қаласында 45 565 суық суды есептеу құрылғысы орнатылыпты. Бұл жалпы тұтыну көлемінің 55,6 пайызын құрайды. Жалпы облыс бойынша тек Серебрянка қаласының тұрғындары ғана есептеу құралдарын 100 пайыз орнатқан көрінеді. Суды ысырап етпей, үнемдеудің бірден-бір тиімді шарасы да осы есептеу құралдарын орнату болып табылады. Коммуналды қызметті тұтынушылар нақты тұтынғанына сәйкес төлейді. Мұны тұтынушылардың өздері де мойындап отыр. Есептеу құрылғылары 20-40 пайызға дейін үнемдейді.
Дөңгелек үстелде Қ.Оразбаев мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасында су арналары мекемелерінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке көшуі жайы да қарастырылғаны туралы айтып өтті. Бұл аталған бағдарлама су арналары қызметіне кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыруға ықпал етпек.
Дөңгелек үстелде облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев онлайн режимі арқылы қалалар мен аудандардағы суға қатысты шаруаның қалай жүзеге асып жатқаны туралы әкімдердің орынбасарларының есебін тыңдады. Ол бұл бағыттағы шаруаны кейінге қалдыруға болмайтынын ерекше ескертті.