Қоғам

Есеп айрыспасаң, есігіңнен айырыласың

Есеп айрыспасаң, есігіңнен айырыласың


Биылғы көктемнен бастап жергілікті атқарушы орган мен «Жылукоммунэнерго» мекемесі қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен жеке сот орындаушылардың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде, жеке және заңды тұлғалардың 767, 4 млн. теңге мөлшеріндегі қарызы 318 миллион теңгеге дейін азайған екен.

Бұл қарыздың 249,6 млн. теңгесі жеке тұлғалардікі, қалғандары кәсіпорын, мекемелерге қатысты болып отыр. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап «Жылукоммунэнерго» мекемесінің кредиторлық және дебиторлық қарызын азайтуға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеген. Тапсырмаға орай, жергілікті билік қарыздарды азайту үшін сан түрлі тәсілдерге баруларына тура келді. Тіпті үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізді. Енді жылдар бойы жылуға төлемегендер сот шешімі негізінде кәріз жүйесінен ажыратылып, пәтерге кіреберіс есіктері алынатын болды. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде үйлерге домофонды темір есіктер қойылған. Бағасы қымбат екендігі де бесенеден белгілі. Осындай шаралар оң нәтиже береді деп күтілуде. Осыған орай жылу маусымының қарсаңында қала әкімі «Жылукоммунэнерго» мекемесінің абоненттік бөлім қызметкері, жеке сот орындаушылар мен учаскелік инспекторлар және БАҚ өкілдерімен бірлесіп, сот шешіміне іліккен борышкерлердің мекен-жайларында болды. Бірақ қасақана төлемей жүргендер келгендерге есік ашпады. Рейд барысында қала әкімі, түрлі өкілетті өкілдер және «Жылукоммунэнерго» мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен «Орталық» қазандығының қысқы мерзімге дайындығын тексерді. Жылу орталығының қуаты мен көмір мөлшерін көрген қала әкімі Ермак Сәлімов «Жылукоммунэнерго» нысандарының жылу маусымына дайындығына ризашылығын білдірді. Оған қоса мекеме әлеуметтік нысандарға тиісті кестеден бұрын жылу берді. Қазандықтар отынмен толық қамтамасыз етілген.

– «Жылукоммунэнерго» мен барлық қазандықтар жылу маусымына дайын. 17 қазандықтың 10-ы жылу беруде,-деді қала әкімі, – алдымен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуды бастадық. Олар – ауруханалар, интернаттар мен мектептер, балабақшалар. Бүгінде қалада 30 мың тонна көмір бар. Жылуға ақша төлеуден жалтарушылар қатарында кірістері тұрақты тұрғындар да кездеседі. Сондықтан да қарызы бар коммерциялық нысандар өздеріне көрсетілген қызмет ақысын төлегендері жөн. Ал төлемейтін жеке тұлғаларға түбегейлі шара қолданылады. Тұрмыстық техникалар мен өзге де мүліктерді тәркілеу тәжірибесінен тиісті нәтиже болмағандықтан, пәтердің кіреберіс есігін алып, кәріз жүйесінен ажырату сынды мәселе қозғайтын боламыз. Қазірде заңгерлермен кеңесе отырып, борышкерлердің жеке мүлкі ретінде пәтерлерінің сыртқы есіктерін тәркілеуге бел будық. Жеке сот орындаушыларымен кездестік. Олар жауапсыз абоненттерге қатысты 2 мыңға тарта іс қозғалғанын айтып отыр.

-Бүгінде бізде Жамақаев 219 мекенжайындағы 8 пәтер кәріз жүйесінен ажыратылған болатын. Қосымша 2 пәтердің қарызы болғандықтан, жылуға қосылуы әлі белгісіз,-дейді «Жылукоммунэнерго» мекемесінің бөлім бастығы Гауһар Жетпісбаева, – сонымен қатар, осындай рейдтер Физкультурная, 17, 15, Гетте, 121 мекенжайларында да жүргізілді. Шаралардың нәтижесі жақсы. Рейд жүргізілген екі жарым сағатта 230 мың теңге қарыз жиналды. Естеріңізге сала кетсек, жылу маусымының нақты басталуына шамалы ғана күн қалды. Сондықтан борышкер тұрғындардың пайдаланған қызмет түрлеріне ақы төлегенде ғана жылуға қол жеткізе алатындықтарын тағы бір мәрте еске саламыз. Дегенмен, біз күн райының суытуына орай перзентхана сияқты кейбір әлеуметтік нысандарды алдын ала қосып жатырмыз.

Бізге белгілі болғандай, биыл қаладағы тұрғын үйлердің 86 пайызы жылуды қабылдауға дайын. Үйдің құбырлары таза, техникалық ақауы жоқ деген дайындық төлқұжаты тұрғын үйлердің 70 пайызында бар екен. Осы рейдтің қорытындысы бойынша Бөгенбайұлы, Өзбек және Дулатов көшелері мекенжайы бойынша тұратын тұрғындар қарыздарын өтеуге асықты. Қала әкімі алдағы уақытта да осылайша өзі рейдке қатысып, қарыздарды азайтуға күш жұмсайтындығын атап айтты. Жылу өтемі үшін пәтерлердің есігін қағып, қарызды төлеуге шақырып жүрген қала әкімін көрген Бөгенбай батыр көшесіндегі 23 пәтердің бір борышкері 62 227 теңге қарызының 50 мың теңгесін қолма-қол қалтасынан шығарып, келген комиссиямен есеп айырысты да, қалғанын жақын аралықта төлеуге уәде берді.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button