Қоғам

Еселі еңбегімен ел құрметіне бөленді

Өңіріміздегі медицина саласының дамуына, халықтың денсаулығын сақтауға ұйытқы болған дәрігерлердің аға буыны бүгінде ардагер болып арамызда жүр. Сол абзал жандардың еңбегін атап, ардақтау – біздің міндет, олардың өнегелі өмір жолдары жас мамандарға үлгі болуы тиіс.

Нұрланбек Сандыбаев 1940 жылы 19 қыркүйекте Үржар ауданы, Бұрғон ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген-ді. 1958 жылы Үржар ауылының Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң ол Семей мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны 1964 жылы тәмамдайды. Арнайы жолдамамен еңбек жолын Павлодар облысы, Железинка ауданы, Михайловка ауылындағы учаскелік ауруханада хирург болып бастап, көп ұзамай аталған ауруханаға бас дәрігерлікке тағайындалады, осында 1967 жылға дейін жемісті еңбек етеді.

Нұрланбек Бөлекбайұлының еңбек жолы 1968 жылдан бастап Үржармен тығыз байланысты. Алғашында үздік хирург атағымен ел аузынан түспесе, 1976-1984 жылдары хирургия бөлімінің меңгерушісі ретінде облыс, республика мамандарының назарына ілікті.

Облыс, аудан басшылары тарапынан Нұрланбек Бөлекбайұлының еңбегі жоғары бағаланып, 1984 жылы Үржар аудандық орталық ауруханаcының бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте де Н.Сандыбаевтың ұйымдастырушылық қабілеті толық ашылып, іскер, принципті басшы екенін көрсете білді. Нұрланбек Бөлекбайұлы басқарған 22 жылда Үржар ауданы денсаулық сақтау саласының көрсеткіштері облыста алдыңғы қатарда болды. Қазіргі аудандық орталық аурухана ғимаратының салынуына зор үлес қосты. Нұрланбек Бөлекбайұлы денсаулық сақтау саласында 44 жыл еңбек етсе, ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде 12 жыл қызмет атқаруда. Жалпы еңбек өтілі 56 жылдан асады.

Нұрланбек Бөлекбайұлының еңбегі халықтың зор бағалауына, құрметіне ие болды. 1990 жылы Н.Сандыбаев ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды, Парламентте әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінің мүшесі болды. Депутат ретінде 1990 жылы Қазақстанның тәуелсіздік декларациясының қабылдануына, 1991 жылы ел Тәуелсіздігінің жариялануына, тұңғыш Президент сайлауына белсенді атсалысты. Еліміздің алғашқы Конституциясын, заңдарын және Мемлекеттік рәміздерін қабылдау бақытына ие болып, өз үлесін қосты, мемлекет қайраткері дәрежесінен көріне білді.

2005 жылы Президент сайлауында Н.Сандыбаев кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Үржар ауданындағы қоғамдық штабын басқарып, сайлауалды жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар Нұрланбек Бөлекбайұлы көптеген наградалармен, медальдармен марапатталған. 1976 жылы «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі», 2001 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі» атақтарына ие болып, 1976 жылы «Еңбек ардагері», 2001 жылы «Шапағат», «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Тыңға 50 жыл» медальдарымен, денсаулық сақтау министрінің, облыстық, аудандық атқарушы органдардың құрмет грамоталарымен марапатталды. 2000 жылы аудандық мәслихат «Үржар ауданының Құрметті азаматы» атағын берді, 2011 жылы «Құрмет» орденінің  иегері атанды.

2008 жылдан Нұрланбек Бөлекбайұлы ауданның ардагерлер кеңесін басқарып, қоғамдық ұйымның өсуіне үлес қосуда. Соғыс ардагерлерін баспанамен қамтуға, дүниеден өткен соғыс, еңбек ардагерлерінің аттарын көшелерге беруге үнемі ықпал жасап келеді.

Нұрланбек Сандыбаев – облыстың құрметті азаматы деген жоғары атаққа әбден лайық жандардың бірі.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button