Қоғам

Ержанның жалғыз аққуы

Ержанның жалғыз аққуы


Жол түсіп Сарыөлеңге барғанымызда, бір қызық жайға куә болдық. Осындағы «Ерасыл» шаруа қожалығының гаражына келгенде, кең ауланы емін-еркін жайлап, жалғыз жүрген аққуды көріп, таң-тамаша болғанымыз рас.

«Бұл қайдан пайда болды?» деген сауал әрқайсымыздың көкейімізда тұр еді. Оның үстіне, маңына тірі пендені жақындатпайтын табиғаттың ерке перзенті, құс төресі – аққудың мұндағы темір-терсектің арасында сенделіп жүргені біртүрлі оғаштау болып көрінгені де шындық.

– Бұл – өзімнің меншік құсым, – деп жымияды шаруашылық жетекшісі Ержан Қойлыбаев. – Маған бауыр басып кеткені соншалық, сәл кешіксем, іздеп, шаңқылдап, мазасы кетеді. Ал қасында жүрсем, жақындаған жанның бәрінен қызғанып, ешкімді жолатпайды. Тіпті шоқып алуға даяр.

Бұдан соң Ержан Ақанұлы бізге жалғыз аққудың жайын баяндап берді. Өткен жылдың қараша айында, күн әбден суытқан шақта ауыл тұрғындары осы арадан бес шақырымдай жердегі Сарыкөлде жалғыз аққудың жүргенін айтып келіпті. Көп ұзамай өне бойына мұз қатып, жүруден қалған әлгі бейбақты жұрт Бәйгетөбеден жолықтырған екен. Мұны естіген Ержанның ұлы Данияр жанындағы жолдастарымен барып, үсіп өлуге айналған аққуды ауылдағы жылы гаражға алып келеді. Жайлы жерге орналастырып, ыстық суға бөктірген күріш, қарақұмықпен жемдей бастаған соң, құс тез ширап, серги бастаған екен. Ол содан бері осы мекеннің тұрғынына айналған.

– Келген қонақтарымыз құсымызды көргенде бізге шынайы реніштерін білдіреді, – дейді Ержан, – олардың кейбіреуі тіпті «Сендер мынадай құсты неге тұтқында ұстап отырсыңдар, аққудың обалы қиын болады деуші еді, содан қорықпайсыңдар ма?» дегенге дейін барды. Ақиқатында, мұны ұстап отырған ешкім жоқ, ол кешке дейін бос жүреді. Кейде ұшып кетіп, Сарыкөлге шомылып қайтады, басқа жақтарға да серуенге шығып тұрады. Бірақ көп ұзамай қайтып келіп, өз жатағын табады. Әйтпесе бұл байғұстың сыңарына жолыққанын біз де шын көңілімізбен тілеп жүрміз.

Таяп қалған қожайынын көрген аққу мамырлай басып келіп, Ержанға балаша еркелей бастады. Біз де қол созып, сипауға ниеттеніп едік, кенеттен шырт ашуланып, ысылдай жөнелген шамкөс құс «бұдан ары жақындамаңдар» дегендей болып, кәдімгідей сес білдірді. Амал жоқ, кейін шегініп, ығысып тұрдық.

Махаббатқа ең адал құстың сыңарынан қалай ажырап қалғаны, енді оны қалай табары бәріміз үшін де беймәлім жай болып тұр. Әзірше жалғыз аққу Сарыөлеңдегі Қойлыбаевтардың гаражында тірлік кешіп жатыр.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button