Қоғам

Ержан және Қуаныш Жұмабектер: – Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр

Ержан және Қуаныш Жұмабектер:  – Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы түрлі салада жетістікке жетіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларды анықтауға мүмкіндік берді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар қатарында ағайынды Ержан мен Қуаныш Жұмабектерді атап айтуға болады. Бірегей жобаға бір үйден екеу қатысып, жеңіске жеткен жерлестермен әңгімелесудің сәті түскен еді.

«Кеудеме өнер қондырған құдайға алғысым шексіз»

Ержан Жұмабек, облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы, Мемлекеттік «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын, докторант.

Ержан және Қуаныш Жұмабектер:  – Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр

– Жеңіс құтты болсын! Өткенде Астанада Елбасымен кездестіңіздер. Бұл кездесуден қандай әсер алып қайттыңыз? Қандай сезімдесіз?

– Біздің Президентіміз – Алланың назары түскен ұлы тұлға ғой. Әрине, ерекше әсер болды. Сұхбаттастық. Қолын да алдық. Әңгіме барысында Елбасының негізгі айтқаны – еңбек. Мемлекет басшысымен күнде кездесіп жатқан жоқпыз. Бұл сәт біздің жадымызда мәңгілік қалатыны сөзсіз.

– Шығармашылық жолыңыз қалай басталды?

– Шығармашылыққа келуіме ата-анамның бала кезден ұйықтар алдында бізге айтып беретін халық ауыз әдебиеті, оның ішінде жыр-дастандары мұрындық болды. Сол дастандардағы кейіпкерлер, ұлттық рухтағы батырлар, ақындар әдебиетке бет бұруыма себепкер болды деп есептеймін. Өзім Үржар ауылындағы Абай орта мектеп-лицейінде оқыдым. Мектепте жүргенде денешынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Жексенбаев айтысқа, ал Серікбек Туғанов деген ақын жігіт поэзияға ерекше ықыласымды оятты. Сол кезде бір қызға ғашық болып, алғашқы өлеңімді арнаған едім. Оның алдында да туған жерге, ата-анама арнау өлеңдер жазып жүрдім. Әйтсе де оларды өлең деуге келе қоймас. Балалық шақтағы жазбалар ғой. Сөйтіп жүріп, әдебиетке келдік. Семейде жоғары оқу орнында оқып жүргенде, Сиязбек Сүлейменов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Арап Сіләмұлы сынды ағаларым әдебиет әлеміне толық енуіме дәнекер болды.

– Шығармашылығыңыздың шыңдалуына ерекше әсер еткен кімдер? Еліктеген адамдарыңыз бар ма?

– Әлем әдебиетінде бәрін қарауға тырысамын. Әлдекімнің атын атап, түсін түстегім келмейді. Қазақ жазушыларының туындыларын үнемі назарда ұстаймын. Көштен қалмау керек. Өйткені мәдениет те, оның ішінде әдебиет те уақыт өткен сайын дамуда. Жапон және француз әдебиеті қатты ұнайды. Харуки Муракамидің шығармалары жаныма жақын. Көршілес Қытай еліндегі Мо Яньннің жазғандары да өте ғажап. Француз әдебиетінің классигі Франсуа Рене де Шатобрианның жұмыстары да айрықша. Айта берсек, бұл тізім жалғаса береді.

– Бүгінгі қазақ әдебиетінің деңгейін қалай бағалар едіңіз?

– Басқалардан асып түспесек те, кем түспейтініміз анық. Тіпті ұтатын тұстарымыз да жоқ емес. Жалпы алғанда, кез келген ұлттың әдебиеті өзінше керемет. Тек сол ұлттың тілін үйреніп, ойымен оқысаңыз болды. Бұрын қазақ әдебиетіне әлемде ешкім тең келмейтін шығар деп ойлаушы едім. Бұл пікірді ағаларымыз да қуаттайтын. Қазір олай ойламаймын. Мәселен, түрік әдебиетін алайық. Жауһар дүниелер баршылық. Бірақ Түркияда поэзия жанры кенжелеп тұр. Оның қасында қазақ поэзиясы қатты дамып кеткен. Мысалы, айтысты алыңыз. Мұндай өнер әлемде жоқтың қасы. Басқа елдерде өлең жолдары көбінесе екі буынды ұйқастан тұрады. Ал бізде төрт немесе бес буынды күрделі ұйқастар жиі қолданылады. Бұдан бөлек проза жанры да даму үстінде. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр ғана болды. Соған қарамастан отандық әдебиетімізді жаһан жұртшылығы мойындауда.

– Кезінде «Аламан айтыс», «Қазақстан чемпионаты» сияқты айтыстарға қатысып, жасындай жарқылдадыңыз. Дегенмен уақыт өте келе, жыр додаларынан көрінбей кеттіңіз. Айтыстан түбегейлі қол үздіңіз бе?

– Ұмытпасам, 2007-2009 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан ұлттық арнасында «Аламан айтыс», «Қазақстан чемпионаты» секілді жобалар ұйымдастырылған. Сол өнер додаларына қатысып, жүлдегер атандым. Ол кезде студентпін. Оның алдында да талай облыстық, республикалық айтыстарда бағымды сынағанмын. Поэзия мен айтыстың бағыты екі бөлек қой. Айтыста өлеңді табан астында суырып салу керек. Ал поэзия керісінше, терең ойды талап етеді.

– Болашақта айтыс сахнасына оралу ойыңызда жоқ па?

– Әлбетте, ондай ойым бар. Жыр аламандарынан көріп қалсаңыздар, таңғалмаңыздар. Мұндай синкреттік өнер тек қазақта ғана бар. Оны бағалауымыз қажет.

– Әңгіменің ауанын поэзияға бұрсақ. Қалай ойлайсыз, өлеңде болашақ бар ма?

– Поэзия дегеніміз – ақыл, жүрек, көңіл-күй әрі адамның бүкіл бітім-болмысы мен тағдыры. Поэзия – өмірдің өзі. Итальяндық ақын Иоджинье Монтелло нобельдік лекциясына барғанда: «Мен бұл жерге өлең жазғанымның арқасында келіп тұрмын», – деген екен. Мен де сөйтіп айтар едім. Сондықтан адам бар жерде, поэзия бар. Сондай-ақ өлеңнің болашағы да бар. Сонау «Алып Ер Тоңға» жоқтау жырынан бастап, Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі ақындардың шығармалары мәңгі жасай беретініне күмән келтірмеймін.

– Дәрігерлерге арнап «Ақ халатты абзал жандар» әнін шығарғаныңыз белгілі. Осы әннің тарихына тоқталсаңыз.

– Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті мен Семей мемлекеттік медицина университетінде қатарынан екі-үш жылдай оқытушы болып қызмет атқардым. Сол кезде анам қатты сырқаттанып, аурухананың жансақтау бөлімінде бір айдай жатты. Мен аурухананың дәлізінде күні-түні жүрдім.
Дәрігерлердің жұмысы қандай ауыр әрі жауапты екенін көрдім. Содан кейін-ақ ақ халатты абзал жандарға арнап ән жаздым. Медицина университетінің сол кездегі ректоры Төлеубай Рахыпбековке көрсетіп едім, риза болды. Оқу орнының басшылығы әнге бейнебаян түсіруге көмектесті. Түсірілім жұмыстары бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институттың жанында орналасқан музыкалық мектепте жүргізілді. Оған университет студенттері мен өнер адамдары атсалысты. Кейіннен бейнеклип ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы көрсетілді. Қазір еліміздегі бүкіл дәрігерлердің әнұранына айналды. Дәрігерлер күнінде еліміздің әр түкпіріне мені шақырады. Соған қарап тәубе деймін. Халықтың жанына жақын ән. Ақ халатты абзал жандардың барлығы осы әнді біледі деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта басқа сала мамандарына арнап ән жазу ойыңызда бар ма?

– Ол енді шабытқа байланысты. Уақыт көрсетер.

– Ержан Жұмабекке шабыт қалай келеді?

– Шабыт – тылсым дүние. Ұлы күш дер едім. Қазір келуі мүмкін. Кейде ойламаған жерден құйылып түседі. Көңіл-күйге де байланысты. Біреу қайтыс болғанда, туыстар құлпытасқа міндетті түрде өлең жазып берші деп қолқа салады. Сол сияқты туған күн, мейрамдарда өзіңнің жай-күйің болмай тұрғаныңда да өлең шығарып бер деп өтініш айтады. Мұндай сәттерде өзімді қамшылап отырып жазамын. Оны жасырып қайтейін. Алайда ондай өлеңдер шабыттан туғандай болмайды. Мұны ақындар жақсы түсінеді.

– Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз бар. Туған жерге қаншалықты жиі барасыз?

– Туған өлкеге үнемі барып тұрамын. Қыста тауға шығып, сергіп қайтамын. Жолдастарыммен балық аулаймыз. Жазда да атбасын жиі бұрамын. Айдынды Алакөл қандай керемет. Өйткені суы шипа, ауасы таза өңір. Үржар ауданы – Шығыс Қазақстанның жауһар мекені ғой. Ақындардың ортасында көп жүремін. Жуықта Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин Әсет Найманбайұлы атындағы медальмен марапаттап, құрмет көрсетті. Ол кісіге ризашылығымды білдіремін. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық код, туған жер және латын әліпбиіне көшу туралы ойларын өз басым қуана қабылдадым. Қазаққа керегі де осы. Бұл реформалық сипатқа ие ерекше мақала дер едім. Бұған оқыған адамның көзі жетеді. Ұлтқа қатысты көптеген мәселелер қаузаланғандықтан, оның болашаққа

Ержан және Қуаныш Жұмабектер:  – Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр

– Жуықта Стамбулда (Түркия) өткен халықаралық байқауда Ұлықпан Жолдасов жетекшілік ететін «Бастау» тобының экс-солисі Ерасыл Әбдуәлиев «Гауһартас» әнімен бас жүлде алғанын естідік. Сол әннің түрікше мәтінін өзіңіз жазған екенсіз. Арадағы шығармашылық байланыс қалай туды?

– Ерасыл Әбдуәлиев бір адамдар арқылы маған хабарласты. Стамбулда өтетін байқауға қатысатынын жеткізді. «Гауһартас» әнін дайындап жатқанын айтып, соған түрікше мәтін керек деді. Неге көмектеспеске? Қуана келістім. Себебі ол өзге мемлекетте еліміздің абыройын қорғайды ғой. Содан 20-30 минутта жазып бердім. Дегенмен белгілі халық әнін түрік тіліне аудару оңайға тиген жоқ. Мәселе мынада, басқа ұлт өкілі киіз үйді өз тілінде «тенд», яғни «шатыр» деп аударыпты. Сол сияқты біз «фастфудты» тоқаш деп айтпаймыз ғой. Сондықтан да қазақ тіліндегі кейбір сөздер де аударылмайды. Аударылған күнде оның өзіндік тәсілі бар. Кейде болымсыз сөзді болымды етіп аударуға тура келеді немесе керісінше. Ондай жағдайда міндетті түрде сөздің түсініктемесін келтіру керек. Ал әнде олай көрсете алмайсыз. Сол себепті «Гауһартасты» аударғанда, ұлттық реңкті сақтауға барымды салдым. Бірақ өзгешелеу шықты. Өйткені түріктердің бітімі, болмысы әрі ойлауы басқаша. Олардың нені жақсы қабылдайтынын білемін десем артық айтпаспын. Біздің керемет деген шығарманы түріктерге ұсынсаңыз, қабылдамауы ғажап емес. Сондай-ақ ол елдің ғажап туындысын біздің тілге аударсақ, түкке тұрғысыз ән болып шығуы мүмкін. «Неге?» деген сұрақ қойсаңыз, жауабы біреу – ол менталитет.

Ерасыл жарады. Гран-при иегері атанды. Әнді жүрекке жеткізіп орындайтын өнер адамдарын қатты сыйлаймын. Бұл – қазаққа ортақ қуаныш.
– Сахна жұлдыздары арасынан кімдермен тығыз байланыстасыз?

– Марат Омаров, Әли Оқапов, Серікбол Сайлаубек және Нұрлан Албан сынды эстрада жұлдыздары өлеңдерімді орындап жүр. Есімі таныла қоймаған әншілер де көп. Арман Бексұлтанов, Жарылқасын Дәулет деген сазгерлермен тығыз шығармашылық байланыстамын. Жарылқасын аға екеуіміздің «Қыз ұзату» деген әнімізді көп жерлерде шырқап жүр. Осы әнмен қаракөз қарындастарымыз ұзатылады екен. Бірде Шымкентте қыз ұзату тойына қатыстым. Әлгі әнді қойыпты. Бірақ оның авторы мен екенімді ешкім білмеді. Артынан достарым бәрін түсіндірді. Ол кезде бойдақ едім. Сонда көпшілік жұрттың «шаңырақ құрмаған ер-азамат мұндай шығарманы қалай жазып жүр?» деп таңырқап, батасын беріп жатты. Мұндай сәттерде қанаттанып, шабытыңа шабыт қосылып, өлең жазғың келіп кетеді.

– Түркия елінің қолдауымен түрік тілінде кітабыңыз жарық көріпті. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– 2012 жылы Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігі «Шексіздік шұғыласы» атты кітабымды шығарған болатын. Ал Түркияда «Medeniyetin Burclari» қоғамдық ұйымының қолдауымен сол еңбектің түрікше нұсқасы әзірленді. Ол Стамбулда «Ezgi» баспасынан шықты. Оны өзімнің туған інім, ғалым, аудармашы, докторант Қуаныш Жұмабек тәржімалады. Сонымен қоса түрік ағайындар Кайсири қаласында шығармашылық кешімнің өтуіне атсалысты. Олардың поэзияға деген көзқарасы қатты ұнады.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз.

– Жоспар көп. Жазушы Жабалы Ерғалиевтың «Бұлтты түні толған ай» кітабын түрік тіліне аударып жатырмын. Сонымен қатар өзімнің екінші жыр жинағымды дайындап жатырмын. Одан қалды докторлық диссертациямды жазуға кірістім. Бұдан басқа эстрада әншілерімен де жұмыс істеп жатқан жайым бар. Өткенде Марат Омаров ағамыз «Халқым сүйген әндер-ай» деген кеш өткізді. Кештің шымылдығын менің өлеңіммен ашыпты. Сондай жаңалықтар бар. Кеудеме өнер қондырған Құдайға алғысым шексіз!

Төл әдебиетімізді ағылшынша сөйлетпек

Қуаныш Жұмабек, ғалым, полиглот, аудармашы, докторант.

Ержан және Қуаныш Жұмабектер:  – Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр

– Қуаныш, ғылым-білімге деген қызығушылық қалай пайда болады? Сұхбатты осыдан бастасақ.

– Ағам Ержан айтпақшы, бала кезден ауылда өстік. Ата-анамыз жыр-дастандарға сусындатты. Екеуіміз жарысып, түннің бір уағына дейін көзіміз талғанша кітап оқитын едік. Абай, Шәкәрімнің өлеңдерін жаттаудан жалықпайтынбыз. Шәкәрім, Мұқағали оқуларына жиі қатысып, кем дегенде 200 өлеңді жатқа білдік. Сол сияқты Мұхтар Әуезовтің 20 том кітабын жаттап өстім. Оның ішінде төртеуі «Абай жолы» роман-эпопеясы. Оныншы сыныпты аяқтаған соң, оқу грантына ие болдым. Бұл грантқа Семейдегі облыстық білім додасында қол жеткізген едім. Сондай-ақ мектеп бітірген кездегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде тағы бір грантты иелендім. Сол кезде қайсысын таңдарымды білмей қиналдым. Ең күрделі сұрақ сол болды.

– Бүгінгі күні Түркияда біліміңізді шыңдап жатыр екенсіз. Бұл елді неге таңдадыңыз?

– Түріктермен тіліміз бен дініміз ортақ. Бауырлас халық. Олар қазақтарды жақын тартатынын байқадым. Себебі атажұрттан келді деп есептейді. Орта ғасырларда тарихымыз да бір болды. Қазіргі күні Түрік академиясында XV ғасырға дейінгі ортақ тарихымыз жайында кітап әзірленіп жатыр. Түркітілдес халықтардың тілін зерттеу үшін шетелде оқыған дұрыс деп шештім. Оғыз, қыпшақ, қарлұқ тобындағы барлық тілдерді жақсы түсінемін. Бұған дейін Малайзияның Куалу-Лумпур қаласында білім алдым.

– Бірнеше рет өлім аузынан аман қалыпсыз. Осы туралы айтып берсеңіз.

– Иә, ондай жағдайлар болды басымда. Шамамен екі жаста болыппын. Ержан ағам ол кезде төртте. Су ішемін деп өзенге құлап кетіппін. Мөлшері он минуттай суда көгеріп жатып қалсам керек. Ержан бала кезінде толық болатын. Ол үйге әрең дегенде жүгіріп жетіп, болған жайтты анама айтыпты. Сонда әкемнің інісі Мұхтар ағамыз мені ажалдан құтқарып қалыпты. Екінші ретте үлкен жүк көлігінің астында қала жаздағаным бар. Көлік артқа жүргенде, бір дөңгелегі орнында айналып тұрып қалыпты. Егер артқа жүріп кеткенде, тірі қалуым екіталай еді. Көлікті тізгіндеген ағамыз қатты шошып кеткен екен.
Үшінші жағдайда үстіме мотоцикл құлап кете жаздаған. Абырой болғанда, әкем дер кезінде мотоциклді ұстап үлгерген. Дейтұрғанымен бір саусағым сынып, жансызданып қалды. Одан қала берді, басымнан ат тепкен сәттер де болды. Ауылда өскен адамбыз ғой. Айта берсек, ондай жағдайлар аз емес.

Ержан және Қуаныш Жұмабектер:  – Біздің жетістіктеріміздің бастауында халық ауыз әдебиеті тұр

– Төрт тілді еркін меңгеріпсіз. Ал аудармашы ретінде қандай жұмыстарды қолға алдыңыз?

– «Ағылшынша үйренейік» деген оқулықты әзірледім. Оның ерекшелігі – ағылшын тілінің грамматикасын басқа тілге сүйенбей, тек қазақ тілінде түсіндіруге мүмкіндік береді. Ол қазақ аудиториясына арналған. Кез келген ұлт өзге тілді үйренбестен бұрын, өзінің тілін жетік білу керек деп есептеймін. Мен – бірінші кезекте, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерген адаммын. Одан кейін бакалаврда ағылшын-түрік тілдерінен білім алдым. Магистратурада да ағылшын-түрік тілдерін оқыдым. Докторантурада Еуразия зерттеулері, яғни бүкіл түркітілдес халықтардың тілін оқыдым. Өзімнің кітабымда ағылшын тілінің грамматикасын қазақтың менталитетіне келтіріп аударып шықтым. Кітап Анкарада басылды. Үш бөлімнен тұрады. Мың данамен басылды. Елге басым бөлігін жеткізе алмай жатырмыз. Бірінші бөлімі – грамматика. Біздің елде ағылшын тіліндегі бұрыс етістіктің 150-160 түрі оқытылса, өз кітабымда оның 280-ге тарта түрі көрсетілген. Оларды Америка мен Англиядан алғыздым. Екінші ерекшелігі – мәтін мен мысалдардың өзі Нью-Йорктегі Алекс немесе Джон жайында емес. Керісінше, Астанадағы Нұрлан туралы. Жер-су атауларының барлығы Қазақстанға қатысты. Екінші бөлімінде қазақ ертегілерін ұлттық бояуын бұзбай, ағылшын тіліне тәржімаладым. Осы ретте аударма теориясына көп мән бердім. Британ-ағылшын тілінен бөлек, бізге американ-ағылшын тілі ауадай қажет екені белгілі. Сол себепті үшінші бөлімде Америкадағы ағылшын тілінің сөздігін ұсындым. Түрік тілінде де еңбектерім жарық көруде. Атап айтқанда, ағам Ержан Жұмабектің «Шексіздік шұғыласы» кітабын түрік тіліне, сондай-ақ Құл-Керім Елемес ағамыздың «Шырағым-ай» атты әңгімелер жинағын ағылшын тіліне аудардым. Бұдан өзге түріктің атақты драматургтарының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауды қолға алдым.

– Ғылым, білім деп жеке өміріңіз шет қалып қойған жоқ па?

– Жоқ, әлбетте. Отбасым бар. Былтыр шаңырақ құрғанмын. Жұбайым – Қызылорданың тумасы. Есімі – Самал. Докторант. Ол да сол Түркия елінде. Корей, қытай, ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлейді.

– Елге қашан оралуды жоспарлап отырсыздар?

– Оқуымызды тәмамдаған соң, міндетті түрде елге қайту ойда бар. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, туған Отаныңа жетер жер жоқ екенін жақсы білемін.

– Алға қандай мақсаттар қойып отырсыз?

– Істейтін шаруа көп. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қайта ағылшын тіліне аударуды көздеп отырмын. Оны алдағы уақытта білетін боласыздар. Арық сөйлеп, семіз шығуға тырысатын қазақпыз ғой, сондықтан барлық жоспарларымды әзірге жарияламауды жөн деп есептеймін.

– «Дидардың» сұхбат алаңына келіп, ойыңызбен бөліскеніңізге ризашылығымызды білдіреміз. Сіздерден тек жағымды жаңалықтарды ғана күтеміз.

– Өздеріңізге де шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан – Жақсылық Мұратқали,
Семей.

Осы айдарда

Back to top button