Қоғам

Ержан жасаған мүсіндер Қарақолға сән беріп тұр

Ержан жасаған мүсіндер Қарақолға сән беріп тұр


Биыл Қарақол ауылында үлкен серпіліс бар. Ауыл ішіндегі көшелер түрленіп, қаз-қатар тізілген тұрғын үйлердің қоршаулары жаңарып, сырланды. Үш қабатты жаңа типтегі мектептің алды гүлмен көмкеріліп, барыс, жылқы секілді жануарлар мен хайуанаттардың мүсіндері қойылды. Елді мекен шын мәнісінде сәулеті мен дәулеті асқан ауылға айналып келеді. Ауыл орталығында тұрған хайуанаттардың мүсіндерін жасап жүрген – осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ержан Шотбасұлы. Он саусағынан өнер тамған Ерекең бұдан өзге өз жанынан өлең шығарып, домбыра, баян тартып әншілерді сүйемелдейді, сурет салып, мүсін жасайды. Былтырдан бері ол жасаған аққулар мен көкқұтандардың бейнелері мектеп ішіндегі зообақтан орын тепкен.

-Қазір мектептің алдында тұрған жылқы мен барысты Ержан мұғалім жасады. Оның бұдан басқа да сомдаған архитектуралық бейнелері бар. Уақыты келгенде ауыл жұртшылығы олармен танысады. Жалпы, мұның өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен өнер деуге болады. Ержан Шотбасұлы биыл Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл толуына арналған аудандық көрмеде «Алтын пырақ» жасап 1-орынды жеңіп алды. Өте еңбекқор, өз мамандығына жауапкершілікпен қарайтын ұстаз,- дейді Қарақол орта мектебінің директоры Сәуле Кәрібаева.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button