Қоғам

Ертістегі ескі көпірдің опырылу себебі анықталды

Ертістегі ескі көпірдің опырылу себебі анықталды


Облыстық прокуратура Ертіс өзеніндегі көпірдің ескі бөлігінің опырылу себебін анықтады. Тексеру барысында ондағы құрылыс және қирату жұмыстарын жүргізген «Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы жасағы» ЖШС қызметіндегі әртүрлі заңбұзушылықтар белгілі болған.

Естеріңізде болса, былтырғы 24-қараша күні Өскемендегі Ертіс арқылы өтетін ескі көпірдің бір бөлігі құлаған болатын. Жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшылар көпірдің №5 ескі тірегін дұрыс бөлшектемей, аталған ЖШС-нің бір жұмыскері жарақат алды. Оқиға Қылмыстық кодекстің 277-бабы бойынша Өскемен қалалық Ертіс полиция бөлімінде сотқа дейінгі тексеріп-тергеудің бірыңғай тізілімдемесінде тіркелді (тау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу).

Техникалық сараптама ескі көпір тірегінің тозуы себебінен опырылғанын анықтады. Құрылғы 50 жылдан бері пайдаланылған. Бетондағы ұсақ сызаттар арқылы су кіріп, анкерлік арматурасында жегі пайда болған. Сөйтіп, «Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы жасағы» ЖШС-нің жұмысшылары көпірді дұрыс бөлшектемегендіктен, инженерлік құрылғының тірегі опырылған.

Сонымен қатар, прокуратура мердігерлік ұйымның қызметкерімен болған оқиғада жұмыс берушінің кінәсін толық дәлелдеді. Сондай-ақ, осы ЖШС басшылығы тарапынан жіберілген қолданыстағы еңбек заңнамасының бірқатар бұзылушылықтарын да анықтаған.

Атап айтқанда, мекеме мамандарының көпірді бөлшектеу кезінде жоғары қауіптілік деңгейіндегі жұмыстарды жүзеге асыруға арнайы рұқсаты болмаған. Кәсіпорын қызметкерлері құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып, көпірді бөлшектеуді қорғаныс белдіктері мен сақтандыру арқанынсыз жүзеге асырған. Олардың арнайы аяқ киімдері мен жұмыс киімдері болмаған, мерзімді тексеруден өтпеген электр аспаптарын қолданған.

Тексеру барысында қосымша анықталғандай, кәсіпорында еңбек заңнамасының талаптары өрескел бұзылып, экскаватор машинисінің, электргазбен дәнекерлеушінің еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтары болмаған. Ал қолдағы нұсқаулықтары қолданыстағы ережелерге сәйкес емес. «Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы жасағы» ЖШС әкімшілігі еңбек жағдайлары бойынша өндірістік нысандардың аттестациясын және жұмысшылардың арнайы ұйымдарда мамандықтар бойынша біліктілігін талдап, оқытуды жүргізбеген.

Тексеру нәтижелері бойынша облыс прокуратурасы уәкілетті органның атына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button