Қоғам

Ертістің үстіндегі көпір күрделі жөндеуден өткізіледі

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, Өскемен қаласындағы Ертіс өзені үстінен өтетін көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Ертістің үстіндегі көпір күрделі жөндеуден өткізіледіЖалпы, аталмыш жөндеу жұмыстары үш кезеңнен тұрып, екі жылға созылмақ. Бірінші кезеңде өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған трамвай көпірінің тіректеріне қосалқы бөлшектер жалғанып, нысанның беріктігі анағұрлым артатын болады. Сонымен қатар, бірінші кезең жұмыстары барысында көпірдің үстіне жылу жүйесі тартыла бастайды деп жоспарлануда. Екінші кезеңде көпірдің ескірген бағаналары жаңартылмақ. Жоспар бойынша темірбетон құрылымдар біртіндеп алынып, орнына жаңа тіреуіштер қойылады.

Сондай-ақ, көпірдің жоғарғы бөлігіне аралық құрылымдар орнатылады. Көпірдің жоғарғы бөлігіне жөндеу жұмыстары барысында жылу жүйесін тарту шаралары толығымен аяқталады, дейді мамандар. Үшінші кезеңде көпірдің көлік ағынынан босаған төменгі жағы 20 метрге жылжытылып, жоғарғы бөлігімен жалғанатын болады.

Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, жөндеу жұмыстары барысында көпір жабылмайды. Яғни, уақытша төрт жолақты жол ашылып, екі бағытта да көліктер қатынап тұрады. Жөндеу жұмыстары кезінде көпірмен өткен көліктерге жылдамдық шектеуі қойылмақ.

Сонымен қатар, көпірдің айналасын абаттандыру да көзделуде. Жаяу адамдарға арналған баспалдақтар қалпына келтіріліп, көпірдің айналасындағы аумаққа ағаш көшеттері отырғызылмақ.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көпірде бұрынғыдай алты жолақты жол ашылады деп жоспарлануда.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button