Қоғам

Ертістің оң жағалауы көріктененеді.

Ертістің оң жағалауы көріктененеді.

Автобустардың әлегінен соң, облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ Семейдің Ертіс өзенінің оң жағалауындағы абаттандыру жұмысының барысын көруге келді. Бұл жерде оны қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің жетекшісі, байырғы құрылысшы Николай Исаев күтіп тұрды. Ол қолындағы құжат-қағаздарын облыс әкіміне көрсетіп, Семейдің бас жоспарында көрсетілмесе де, тұрғындардың келісімінсіз қалай болса, солай рұқсатсыз салып алған немесе тұрғызылған кәсіпкерлік ғимараттардың, көше келбетін бұзып тұрғандығын тілге тиек етті.

Осы зәулім ғимараттар көлегейлеген тұрғын үйлердегі адамдар «Д» витамині жетіспеушілігі дертіне ұшырап отыр екен. Сөйтіп, қала тұрғындары, заңсыз орнатылған ғимраттармен күресіп бастары бір ауырса, түрлі науқасқа ұшырап, одан ем-дом іздеп, тағы бір рет ауруда. Мәселенің мән-жайына үңілген облыс әкімі Николай Исаевқа қала құрылысы мен сәулеті және халық денсаулығы үшін алаңдап отырғандығына ризашылығын білдірді. Айта кету керек, Николай Исаев бұл мәселені Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Платонов келген кезде де көтерген еді.

-Мына жер мемлекеттікі,-деді Николай Исаев,-сондықтан да қала көшелері бойындағы тротуарларды жауып, қалай болса солай тұрғызылған сауда орындарын алып тастау керек. Тұрғындардың жүріп-тұруына мүлдем кедергі.

Облыс басшысы бұл мәселені шешу үшін қала әкімдігі тиісті құжаттарды жинақтауы қажеттігін айтты. Тек содан соң ғана сот жүзінде ғана шешуге болады екен. Өйткені, кәсіпкерлік нысандар біреулердің жекеменшігі ретінде тіркеліп қойылған.

Даниал АХМЕТОВ бұдан соң, осы Ертіс жағалауындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде осы жағалауды көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаруалардың ішіне каскадты субұрқақты қайта жаңарту, ағаш отырғызу да кіріпті. Бұл жерге осыдан екі жыл бұрын облыс басшысы өзі де келіп, сенбілікке қатысқанын еске алып өтті. Қазіргі таңда бұнда 86 дана шырша мен ағаш егу жұмыстары қолға алынбақ. Ал гүлзар орнату, резеңке тақтайша төсеу, граниттеу, барлығы да алдағы күннің қыруар шаруалары. Аталған жұмыстарды «Жаса» әлеуметтік-өндірістік кәсіпорны атқармақ. Бүгінгі күні каскадты субұрқақты бөлшектеу, ескі ағаштарды қысқарту қолға алынған. Осы ретте Даниал АХМЕТОВ Семей қаласын абаттандыру мен жол жөндеу жұмыстарына екі есе қаржы бөлініп отырғандығын айтты.

-Семей қаласын көркейту жұмыстары өткен жылдармен салыстырғанда биыл қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Оны қала тұрғындары да байқап, көріп отырған шығар. Біз семейліктердің жайлы қалада тірлік кешіп, сапалы өмір сүргендігін қалаймыз. Семей қаласын дамытудың үш жылдық жоспарына да кіргіздік, онда қала келбетін көркейту үшін нақты шаралар қабылданған. Енді көп созбай бұрындары, сонау заманнан бері қарай қолға алынбай қалған құрылыс жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуді бастауымыз керек, – деді облыс басшысы.

Семей.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button