Қоғам

Ертіске құлаған сәби мен анасын құтқарып қалды

Ертіске құлаған сәби мен анасын құтқарып қалды


Өткен жұма күні облыс орталығындағы Ертіс өзеніне құлап кеткен сәби мен оның анасының құтқарылғаны туралы барлық сайттар мен әлеуметтік желілер жарыса жазып жатыр. Ақпаратты бірінші болып бергісі келген кейбір көздер тіпті шындыққа жанаспайтын деректерді келтіруде. Біз осы оқиғаның кейіпкерлері Жәңгір есімді бір жарым жастағы сәбидің анасы Перизатпен және суға кеткендерді құтқару үшін суға бірінші секірген Ернар Қадылбековтың өзімен тілдесіп, оқиғаның қалай өрбігенін өз ауыздарынан естіген едік.

Перизаттың әңгімесі

Әзірге кішкентай Жәңгір дәрігерлердің бақылауында, анасымен бірге ауруханада жатыр. «Қорқынышты түстей болған осы оқиғаны ұмытсам деп едім…» деген Перизат болған жайды былайша баяндады.

Күн көзі жарқырап, ауа райы жадырап тұрған еді сол күні. Үш жастағы ұлы Арлан велосипед тебуді үйреніп жүрген. Күн райының қолайлығын пайдаланып қалуды ұйғарған анасы Арланға прокаттан велосипед алып, барлығы Ертістің жағалауына қыдыруға шығады. Кішкентай Жәңгірді көтеріп алған.

-Біз енді үйге қайтайық деп жиналғанбыз. Сол кезде Арлан өзеннің жағасындағы парапеттің ар жағындағы алаңқайда жүрген балаларды байқап қалды да, бала емес пе, қызығып кетті ғой деймін, мені сол жаққа сүйреледі. Содан үшеуміз сол жерге түстік. Жүзіп жүрген үйректерді біраз қызықтадық. Бір қарасам, Арлан «мен спайдермен, мен спайдермен»(өрмекші адам) деп қоршауға өрмелеп барады. Қолды-аяққа тұрмайтын кездері ғой. Мен қолымдағы Жәңгірді жерге қоя салдым да, үлкен ұлымды түсіріп алайын деп, бір сәтке ғана теріс айналдым. Қырсық болғанда, оның аяғы бір жерге тіреліп, оны босатқанша бір-екі секундтай айналдым. Енді Жәңгір жаққа қарасам, бала жоқ!Дәл сол мезетте суға «күмп» еткен дыбысты естідім. Қас-қағым сәтте болды барлығы… – Оқиғаны есіне алғандаПеризаттың дауысы әлі де дірілдейді.

Содан жалма-жан ұлының артынан секіреді.Ағысы қатты өзен бүлдіршіннің кіп-кішкентай денесін төмен қарай ала жөнелді. Шамасы келгенше жүзіп келеді, бірақ мұздай суық судағы қимылы өнбейді, тіпті. Суға батып бара жатқан сәбиінің біресе басы, біресе аяғы көрініп, көз алдында ұзап барады…Жоғары жақтағыларға «баламды құтқарыңдар!» деп айғайлап та қояды. Жанталасқан айқаста баласының денесі екінші алаңқайға жақындап қалғанын да байқап келеді. Жоғары жақта бір әйелдің «Бала суға кетті! Көмектесіңдер!» деп жанұшыра айғайлағаны да құлағында. Әйтеуір бір кезде біреудің екінші алаңқайдың маңында суға секіргенін, сәбиін ұстап алғанын ғана байқап үлгереді. Одан кейінгісі еміс-еміс есінде… Өзін де біреу судан алып шықты…

Ернардың әңгімесі

«Экспертиза и анализ» ЖШС-нің электрмонтерлері Ерлан Қадылбеков пен Айдын Төртбай үшін де ол күн қалыпты күн еді. Таңертеңнен Ертіс жағалауындағы шамдардың жарығын ауыстырған жігіттер жұмыстарын бітіріп, қайтуға жиналып жатқан.

– Осы кезде баланың суға кеткені туралы айғай-шуды естідік. Баланы өзеннің ағысы төмен қарай әкетіп бара жатқанын байқап, әріптесім Айдын екеуміз сол жаққа жүгірдік, – деп есіне алды Ернар. – Жағаға түсіп қарасақ, бір метр тереңдікте баланың денесі жүзіп келеді. Ойланатын уақыт жоқ. Қолым жетпейді екен, секірдім. Сәбиді ұстап алып, жағада тұрған Айдынға бердім.

…Айтуға ғана оңай, әйтпесе мұздай суық суға секіріп, ағысы қатты өзеннен баланы алып шығу, одан кейін өзіңді құтқару, осының барлығын көз бен қастың арасында, шапшаң орындау – нағыз ерлікпен парапар. Алайда жігіттерде оны ойлап жатуға уақыт болған жоқ.

Ертіске құлаған сәби мен анасын құтқарып қалды

-Көзімнің қиығымен баланың анасын да біреудің құтқарғанын көріп қалдым. Ол жүргізуші Виталий Бақтыбаев екенін артынан білдік. Сол мезетте не болып жатқанын түсіну қиын еді. Өзім жағаға шыққасын балаға жүгіріп барып, қарасам, көкпеңбек екен. Су жұтып қойған, баланыавтоматты түрде құтқара бастадым, бұрын жасап көрмегем. Мұрнын бастым да, дем жіберіп, кеудесінен бірнеше рет бастым. Кинодан жасанды дем жіберуді көргем, сол бойынша шұғыл қимылдау керек болды, – деп күледі Ернар. Осыдан кейін шашалып барып көзін ашқан бүлдіршінді жедел жәрдемнің дәрігерлерінің қолына тапсырады.

Ернардың әкесі Жасұлан Баймұхаметов әскери қызметкер, анасы Гаухар ТМК-да жұмыс істейді.Өскемен қаласында туғанымен, әкесінің қызметіне орай Теміртау, Семей қалаларында тұрған. Семейдің электротехникалық колледжін тәмамдапты. Дос-жарандары да Ернардың батылдығына риза болып, хабарласып жатқан көрінеді.Әке-шешесі де ұлдарының батылдығына, осындай азаматты тәрбиелегендеріне қуанышты.

Жәңгір оңалып келеді

Қазір бір ажалдан қалған сәби әлі де ауруханада. Алматыдан апасы ұшып келіпті, әкесі Рахаттың Аягөз жақта тұратын туыстары, достары да хабарласып, келіп, көңілін сұрап жатыр. Ең бастысы – өзін құтқарып қалған Ернар ағасы келіп кетіпті. Батыр ағасы сыйлаған ойыншығын балақай қолынан тастамайды.

Ертіске құлаған сәби мен анасын құтқарып қалды

– Ернармен таныстық. Түні бойы ұйықтай алмапты Жәңгірді ойлап. Мен бізді құтқаруға атсалысқан барлық адамдарға отбасымыздың атынан үлкен алғысымды білдіремін. Жағаға шыққанда жедел жәрдем де, полиция қызметі де, құтқарушылар да жиналып қалғанын көрдім. Бізге бірден көмек көрсете бастады. Қол-аяғы тартылмасын деп бірден укол салды ұлыма. Жедел жәрдемнің дәрігерінің есімін білмеймін, ол кісіге де рахмет. Мені барынша қолдап, қобалжымауға шақырды. Жәңгірдің жағдайының ауыр екенін бірден ескертті. Бірақ қазір оңалып келеміз. Құтқарушыларымыздың есімдерін өзіміз анықтап жүргенбіз. Ауруханадан шыққасын бәрінің басын қосып, құран оқытып, садақа берсек деген ойымыз бар, – дейді анасы Перизат.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button