Қоғам

Ертіс көпіріне күрделі жөндеу жүргізіледі

Ертіс көпіріне күрделі жөндеу жүргізіледі

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі амфитеатрда Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай ұйымдастырылған карнавал-шеруге қатысып, қаладағы құрылыс нысандарын аралады.

Үшемнің анасы үш бөлмелі пәтерге ие болды

Қазақстан – балалар достығының әлемі. Осындай тақырыппен өткен карнавал-шеруге білім ошақтары түгелдей жұмылдырылыпты. Ерекше тартымды ұйымдастырылған шара барысында балғын қолөнершілер мен суретшілердің, жас техниктер стансасының туындыларынан құралған көрме ұсынылды. Новаторлар көшесінен бастап сап түзеген шерушілер амфитеатрдағы алаңға кезектесіп шығып, жиналған қауымға қызықты қойылымдарын тарту етіп жатты. Ал түрлі ертегілердің кейіпкерлері мерекені тамашалауға келген жұртты аралай жүріп, көңілдерін көтерумен болды.
Баланың риясыз күлкісі мен пәк пейіліне бөленген амфитеатр сахнасына шыққан өнерпаздар түрлі өркениеттер тудырған өнер туындылары мен сандаған ұлттың дәстүрін паш етті. Үндістанның мың бұралған бишілері, су патшасы Сүлеймен мен теңіз қарақшылары, эллиндер елінің ержүрек ұландары мен данагөй данышпандары, африканың сауықшыл тайпалары мен американың кобвойлары, кәрістің «Айдаһар» шоуы, тау ұлттарының қызу қанды бишілері, Бразилияның атышулы шоу-карнавалы, қазан көтеріп, палау пісіруге көшкен өзбек аспаздары, «спанч боб», «кішкентай айдаҺар» сынды мультфильм кейіпкерлері, көбелектер мен гүлдер әлемі, осының бәрі мерекеге арнайы келген халықты қойып, кездейсоқ өтіп бара жатқандарды да балалықтың боямасыз әлеміне еріксіз саяхат жасатты. Амфитеатр алаңына сыймаған жұрт көпірдің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігін де толтырып тастады.
Құттықтау сөзінде аймақ басшысы өңірде балалардың жан-жақты азамат болып жетілуі үшін көптеген жағдайлар жасалып жатқанын атады.
-Біздің барлығымыз бірінші кезекте балалар үшін өмір сүреміз. Нәресте дүниеге келген сәттен бастап бойына ұлттық тәрбие мен болмыс дарытып, білім беру – ересектердің міндеті. Еліміз бойынша балабақшалар мен мектептердің, мәдени және спорттық нысандардың көптеп салынып жатқаны – соның дәлелі. Облыста бұл тұрғыда қандай шаруалар тындырылғанын өздеріңіздер де білесіздер. Сол істердің арқасында жыл сайын біздің облыстан 200-ден астам оқушы халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы атанып келеді. Физика, математика, әдебиет пәндері бойынша өткен республикалық олимпиадаларда алдымызға жан салмай келеміз. Біздің міндет – осы әлеуетімізді әлсіретіп алмай, әрі қарай дамыту. Бала пейілінің қаншалықты пәк екенін кеше ғана бұлыңғырланып тұрған аспанның бүгін жадырап шыға келгенінен-ақ көруге болады. Балалар – біздің болашағымыз. Оларға жағдай жасау арқылы біз еліміздің дамыған отыздыққа кіруіне жол ашамыз, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Мереке күні үшемнің анасы атанған әйгілі хоккейші, Қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Мария Федоренко облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қолынан үш бөлмелі пәтердің кілтін алды.

Тұрғын үй құрылысында – тың технология

№19 шағын ауданда бой көтеріп келе жатқан тұрғын үйлердің құрылыс қарқынымен танысқан аймақ басшысы мұндағы жұмысқа қолбайлау болып отырған кедергілердің себебіне үңіліп, шешу жолдарын нұсқады. Облыстық сот, прокуратура қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлерден бастап жас отбасыларға арналған жатақханаларды қамтитын бұл аудан болашақта Қ.Қайсенов кентіне дейін жалғасуы керек.
Осы ауданда төрт бірдей тұрғын үй салып жатқан «У-ка Техногрупп» ЖШС 11 мың шаршы метрді құрайтын үйдің сыртқы қабатын аса үнемді технология бойынша қаптауды ұсынып отыр. Өңір басшысына бұл технологияның артықшылықтарын серіктестік директоры Михаил Литвинов жан-жақты таныстырды. Оның айтуынша, кірпіштен салынған көпқабатты үйдің сыртқы қабатына бір қатар кірпіш қалағаннан гөрі пенопласт пен цементтен құйылған панельдер жапсырған әлдеқайда тиімді көрінеді. Қалыңдығы 21 см панельдер ешқандай жылыту материалдарын қажет етпейді. Мұндай қаптамалардың арқасында арматураға кететін шығынды 29 пайызға, бетонға жұмсалатын шығынды 41 пайызға азайтуға болады. Облыс басшысы технологияның Алтайдың сарышұнақ аяздарына қаншалықты төзімді екеніне назар аударды. Мердігердің айтуынша, бұл панельдер орташа есеппен 39 градустық аяздарға төтеп бере алады. Облысымызда бірінші рет қолданысқа енгелі отырған аталмыш технология бойынша Алматының өзінде ғана 19 тұрғын үй бой көтерген екен. Аймақ басшысы тың технологияның арқасында қол жеткізілген үнемнің тұрғындарға да оң ықпалы болу керектігін ескертті.
-Құрылыс материалдарын үнемдеуге мүмкіндік береді деп отырсыздар. Бұл үнем шаршы метрлердің бағасына да әсер етуі керек. Толық кірпіштен салынған үйлердің бір шаршы метрі 115 мың теңге болады. Сіздердің технологиямен салынған үйлердің бір шаршы метрі 105-110 мың теңге болса, халыққа да тиімді болар еді. Өскеменнен бөлек, Семей, Риддер, Зырян қалаларында да тұрғын үйлер саламыз. Бұл технологияның тиімді екенін көрсете алсаңыздар, ол қалаларда да осы тәсілді пайдаланар едік, – деген облыс әкімі аталмыш панельдерді шығаратын зауыт салу ұсынысын да қолдайтынын жеткізді.
Құрылыстарды аралау барысында жұмысты кестеге сай жүргізгендермен бірге, уақыттан ұтылып жатқан мердігерлер де бар екені мәлім болды. Ауданға су жүйесін тартуға міндетті мердігерлердің де жұмысы сынға алынды. Үйлердің көбі бой көтеріп, жолдар төселе бастағанына қарамастан, су құбырларын тарту жұмыстары кешігіп жатқаны өңір басшысын да алаңдатпай қоймады. Ал мердігерлер құбыр тартуға жер астынан 450 метрге созылып жатқан жартастың кезігуі кедергі келтіріп жатқанын алға тартып отыр. Облыс басшысы қала әкімі Темірбек Қасымжановқа кестеден айтарлықтай кешігіп жатқан мердігерлермен келісімді бұзу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Бұдан кейін қазақ драма театрының құрылысына бас сұққан өңір басшысы ғимараттың маңайын абаттандыру бойынша бірқатар ескертулер жасады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Төленбергеновке театрдың алдына қойылатын субұрқақ та, гүлзарлар мен көлік қоятын орын да талғаммен жайғасуы керектігін қатаң тапсырды.
-Театрдың қарама-қарсысындағы спорттық нысандар, сауда орындары, театрға қатар орналасатын оңалту орталығы мен саябақ, бәрі-бәрі бір ансамбльдей жарасым табуы керек. Абаттандыру жұмыстары кезінде осыны ескеріңіздер, – деді облыс әкімі.

Ертіс көпірі күрделі жөндеуден өтеді

Ертіс өзеніндегі көпірді қайта құрастыру жобасы да қарқын ала бастады. Жобаға 5,5 млрд. теңге бөлінген. 18 сәуірде басталған жөндеу жұмыстары 2016 жылдың желтоқсанына дейін бітуі тиіс. Қала әкімінің орынбасары Владимир Головатюк көпірдегі қозғалыс бір сәтке де тоқтамайтынын айтады. Көпірге жапсарлас бөлік салынып біткеннен кейін, ескі бөліктегі қозғалыс жаңа көпірге ауыстырылады. Ал ескі көпірдің тірек элементтерінен басқа бөлшектері бұзылып, қайта жинақталады. Ескі көпір жөндеуден өткеннен кейін екі, көпір бір-біріне қосылады. Әзірше метал құрастыру алаңын дайындауға 35 жұмысшы жұмылдырылыпты. Құрылыс қызғанда, жұмысшылар санын 150-ге дейін жеткізу көзделген. Аймақ басшысы жұмысқа жергілікті мамандарды тартып, материалдардың да жергілікті өнім болуына көңіл бөлу керектігін айтты. Қазірдің өзінде «Өскемен металл құрылымдары зауытына» төрт мың тонна металл өнімдерінің тапсырысы беріліпті.
Абай мен Михаэлис көшелері қиылысқан тұсқа қойылатын орыс зиялысы мен қазақ ғұламасы ескерткішінің жобасымен танысқан өңір басшысы мүсіннің маңайы абаттандырылып, ел тынығатын орындықтар қойылу керектігін ескертті. Аталмыш ескерткіштің биіктігі төрт метр болса, астындағы тұғыры 1,7 метр болады деп жоспарланған. Ескерткіш маусым айының соңына қарай өтетін көше мерекесіне дейін дайын болуы қажет. Аймақ басшысына осы жерде Тәуелсіздік даңғылы мен Гагарин желекжолының қиылысына қойылатын ескерткіштің жобасы да таныстырылды. Ескерткіш жобасын мақұлдау үшін оның макетін көру керектігін айтқан облыс әкімі бұл тапсырманы келесі аптаға дейін бітіруді жүктеді.
Облыс әкімі бас сұққан соңғы мекеме темір-бетон комбинаты болды. Бұл комбинаттың Семейдегі өндіріс ошағынан айырмашылығы, бір даналап та тапсырыстар қабылдай береді. Темір-бетон материалдарының түр-түрін өндіретін комбинатқа «Қазақстан темір жолы» АҚ да қомақты тапсырыс жүктеп отыр. Мұнда тұрғын үйлердің құрылысына қажет ішкі блоктар жаңа технология бойынша дайындалады. Қала басшылығы болашақта №19 шағын ауданда қолданылып жатқан қасбет панельдері мен осындағы ішкі блоктардан үй салуды жоспарлап отыр. Аталмыш технологияларды бір өндіріске жұмылдыру арқылы тұтасқан панельдерді алмастыруға болады. Мұндай тәсіл құрылысты 10-12 пайызға арзандатады. Комбинат толық қуатына енген жағдайда жылына 50 мың шаршы метр баспананың панелін өндіруге қауқарлы. Комбинат басшылығы облыс әкімінен салық және шикізат қоры бойынша шешімін таппай отырған мәселелерді біржақты ету үшін көмек көрсетуін өтінді. Облыс басшысы мәселені шешуге болатынын айтты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button