Қоғам

Ертіс деңгейі көтерілгенімен, төніп тұрған қауіп жоқ

Ертіс деңгейі көтерілгенімен, төніп тұрған қауіп жоқ

Арнасынан асқан Ертіс өзені өскемендіктерді әбігерге салғаны рас. Өткен тәулікте қырық сантиметрге көтерілген судың салдарынан Пермитин көшесіндегі қозғалысты біраз уақытқа жауып тастауға мәжбүр болған. Бірақ, алаңдауға еш негіз жоқ қазір. Көтерілген су деңгейі түсті.

– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасына сәйкес, бұл жағдай жан-жақты қадағалауға алынды. Тұрғындар алаңдайтындай ешқандай қауіп жоқ. Ертістегі су деңгейі түсіп келеді. Екі-үш күннің ішінде бәрі қалыпқа келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков баспасөз мәслихатында.

Димитрий Гариковтың айтуынша, қалаға іргелес «Ертіс-2» саяжай қоғамдастығындағы 57 учаскені су басып үлгірген. Төтенше жағдай мен жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмылдырылуымен ол жерден 102 адам қала ішіндегі әлеуметтік ғимараттарға көшірілді. Оның ішінде 31 егде жастағы адам, 7 бала бар.

Қырық сантиметрге көтерілген судың салдарынан Комсомол, Пионер аралдарын да су жайлады. Ал адамдардың байбалам салуына Пермитин көшесіндегі көпірден асқан судың жолға жайылып, жолдың біраз уақытқа жабылып қалуы себеп. Алайда, айналдырған 2-3 сағаттың ішінде техникалардың көмегімен жолдағы су сорып алындыды. Жол қозғалысы қайта қалпына келтірілді. Жалпы суды ауыздықтауға он шақты техника шығарылған.

– Кеше таңғы сегізден он екілерге дейін су шығып кеткендіктен, Пермитин көшесін жауып тастадық. Бірақ дәл уақытында Шүлбі СЭС-індегі судың көлемі секундына 3 мың метрге дейін шығындағандықтан, Ертістегі судың деңгейі 40 сантиметрге дейін түсті. Ал Бұқтырма СЭС-індегі жағдай қалыпты, – деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Ертістің бойында жатқан басқа аудан-ауылдарға төніп тұрған еш қауіп жоқ. Судың деңгейін құтқару жасақтары күні-түні бақылауға алған. Сонымен қатар, тұрғындар үшін 8(7232) 55-38-19 нөмірлі «жедел желі» телефоны да қызмет көрсетіп тұр. Алда-жалда су басу қаупі төне қалған жағдайда, осы нөмірге қоңырау шалып, жағдайды айтуға болады.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button