ТОП

Ертістің жағасында жас сарбаздарды даярлап жатыр

Кезінде алаш зиялысы Міржақып Дулатұлы өзінің «Қайтсек жұрт боламыз» атты мақаласында «Қайтсек жұрт боламыз дегенді ойласақ, жауап біреу-ақ – әскеріміз болса ғана жұрт боламыз» деп жазған екен. Міржақыптың арманы кеш те болсын іске асты. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Осынау 30 жылдың ішінде Қазақстанның қорғаныс әлеуеті нығайып, дамудың даңғыл жолына түскені анық.  Жақында Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің  Катонқарағай ауданының Свинчатка ауылында орналасқан  оқу-өндірістік тәжірибе базасында «Жас сарбаз» алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсы басталды. Оған  облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің  студенттері қатысуда.

 Тегінде, дүниеге келген әрбір ұл бала болашақта сарбаз болып, сапқа тұруды, Отаны мен жеріне қорған болуды армандайтыны сөзсіз. Өйткені бұл Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлы даланы  найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған  бабаларымыздан ұрпаққа қанмен берілетін қасиет болса керек. Қазақта  «Ер жігіт елі үшін туады» деген сөздің де мәні терең.  Жас сарбаздарды тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық рухтың дәнін егу, отаншылдыққа баулу – үлкен міндет екені сөзсіз. Осы орайда Өскемендегі Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің Катонқарағай ауданының Свинчатка ауылында орналасқан оқу-өндірістік базасында өтіп жатқан «Жас сарбаз» алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсының да негізгі мақсаты осы.  Алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсы бойынша облыстық деңгейде өтіп жатқан іс-шара әскери іс негіздері бойынша білім мен дағдыларды практикада бекітуді, әскери қызметті  өтеу кезінде оны қолдану мақсатында жастарды денешынықтыру, спортқа тартуды, моральдық-психологиялық қасиеттерді, тәртіптілікті, өзара көмек және жолдастық қолдау сезімдеріне тәрбиелеуді көздейді. Жиынға алғашқы әскери даярлық курсын бітірген студенттер қатысуда. Әр команда 10 қатысушы және бір жетекшіден құралған.

Жиын бағдарламасы  саптық даярлық, атыс даярлығы, тактикалық даярлық, денешынықтыру даярлығы, әскери топография сынды алты кезеңнен тұрады.

– Мұнда келген себебім, мен әскери өмірмен жақын танысқым, өзімді тәрбиелегім келді. Кейде жігіттердің арасында әскери өмірге қатысты жағымсыз пікірлерді естіп  те қаламыз. Мүмкін ондай әңгіме кейде әскерге дайындықсыз, осындай шараларға қатыспағаннан да туындап жататын шығар деп ойлаймын. Қазір мен бұл шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өзге өңірден келген жігіттермен   де араласып, жаңа дос таптым, – дейді Риддердегі аграрлық-техникалық колледждің  1-курс студенті Ислам Тұрсынов.

Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің дене тәрбиесі және спорт факультетінің 1-курс студенті Мерей Қанат та осынау шараға қатысқанына өте қуанышты. Өзі Күршім ауданы, Қалжыр ауылында туып, өсіпті. Айтуынша, алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсына қатысқалы нағыз сарбазға қажетті бірқатар дағдыны меңгеріп үлгеріпті.  Таңғы сағат 6-да тұрғаннан тыным жоқ. Жүгіру, турникке тартылу,  автоматты жинап-шашуды,  мылтық атуды үйрену  16 жастағы бозбала үшін кәдімгідей үлкен сынақ болғаны шындық.

– Колледждегі оқуымды аяқтаған соң, әскерге барып, Отанымды қорғағым келеді, – дейді Мерей.

– Риддердегі аграрлық-техникалық колледжінен осынау шараға 24 студент қатысып жатыр.   Мұнда олар теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды, – дейді осы колледждің алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсы пәнінің оқытушысы Арман Қылымканов.  Айтуынша, өткен 2021 жылдың күзінде осы жерде  әскери және технологиялық даярлық курсынан сабақ беретін  оқытушыларға арналған  семинар-практикум өтіп,  сол кезде осы базада студенттер үшін оқу-дала жиыны өткізілсе деген ұсыныс айтылыпты. Әрине, бұл шара сол ұсыныстың да нәтижесі екені сөзсіз. Енді шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтсе деген тілегі бар.

– Колледжде студенттер әскери және технологиялық даярлық курсын 1-курста ғана оқиды.  Бір жылға 96 сағат бөлінген болса, оның 30 сағаты осындай жиындарға арналған. Әрине, бұл аз.  Осыдан 4-5 жыл  бұрын алғашқы әскери  және технологиялық даярлық курсына 140 сағат бөлінген болатын. Кейін  қысқартып тастады. Осы сағаттарды көбейтсе деп ойлаймын, – дейді Арман Қылымканов.

– Мұндай шаралар студенттердің патриоттық сезімін оятуға зор ықпал етеді. Әскерге дайындықтарын арттырады. Сондай-ақ өзге колледждің студенттерімен іс-тәжірибе алмасуға да жақсы, – дейді Жарма технологиялық колледжінің әскери және технологиялық  даярлық пәнінің оқытушысы Жазира Садуақасова.

Жазираның өзі 2006-2013 жыл аралығында Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде әскери қызметте істеген екен. Кейін отбасы жағдайына байланысты басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болған. Айтуынша, әскери мамандыққа колледжде оқитын қыздар да  қызығушылық білдіретін көрінеді. «Әскери қызметке қалай орналасса болады?»  деп,  қызыға сұрайтындар көп екен.

– Бұл алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсы 16 мамырда басталды. Мақсат – студент жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және өскелең ұрпақ арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттау. Жалпы  биыл 10 колледжден 150-ден астам адам қамтылады.  Осыған дейін облыстағы әрбір колледж бұл курсты өз базасындағы полигонда өткізіп келсе, қазіргі уақытта біз оны облыстық деңгейде өткізіп  отырмыз. Келер жылы да облыстағы барлық колледждердің студенттерін осы база  шеңберінде алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсынан өткізсек деген ойымыз бар, – дейді облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Оралхан Ақанқызы.

– Әр баланың қабілеті, даярлығы әртүрлі. Оқу-дала жиынында әр бала әртүрлі қырынан көрініп жатады. Кейбірі мектепте география пәнін жақсы оқыған болса, оларға әскери топография жеңіл болады. Сондай-ақ кішкентай кезінен спортпен айналысатын балалар үшін тактикалық даярлық оңай.  Сонымен бірге спорттық даярлығы жоқ балалар да кездесіп жатады. Оларға қарапайым ғана жүгіру, турникке тартылудың өзі  қиынға соғып соғады, – дейді  Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің әскери және технологиялық даярлық курсы пәнінің оқытушысы Азамат Оңалбаев.

Иә,   «Бала қыран ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді халық даналығы. Осынау «Жас сарбаз»  алғашқы әскери және технологиялық даярлық курсы болашақ жауынгерлерге көп нәрсені үйреткені сөзсіз. Кіммен тілдессек те, осындай шаралардың маңыздылығын ерекше атап айтып жатты.

Жиынды қорытындылау  кезінде өздерін белсенді көрсеткен командалар, сондай-ақ курсанттар кубоктармен, дипломдармен марапатталады. Оқу-дала жиынына қатысқан барлық командаларға сертификаттар беріледі.

Мейрамтай Иманғали

 

 

Осы айдарда

Back to top button